Түркістан облысы: Биыл Сарыағаш ауданында 3,2 мың жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді

Сарыағаш ауданы шекаралы аймақта орналасқан Түркістан облысының маңызды аймақтарының бірі саналады. Ауыл шаруашылығы қарқынды даму үстінде. Облыстағы жылыжайлардың 53 пайызы осы мекенде орналасқан, республикадағы жылыжайлардың 71%-ы — Түркістан облысында. Жергілікті биліктің мақсаты өңірдің әрбір тұрғынының өмір сүру деңгейін арттыру және қолайлы жағдай жасау болғандықтан, бұл бағыттағы халықтың ұсыныстары әкімдік үшін өте маңызды екені анық. Оның үстіне облыстың оңтүстік аудандарында 1 миллионға жуық халық бар. Бірақ бұл аймақтарда осы уақытқа дейін бірде-бір перинаталды орталық болмаған. Осыған орай Сарыағаш ауданыннан перинаталды медициналық орталық құрылысын салу бойынша сұрақ көтерілген болатын. Бұл бойынша Мемлекет басшысы арнайы тапсырма берді. Сарыағаш қаласының аумағынан 8 гектар жер телімі бөлініп, жобалау-сметалық құжаттама әзірлену үстінде.

Соңғы жылдары Сарыағаш ауданында өзекті мәселелер өз шешімін тауып келеді. Атап айтқанда, кәріз жүйесі жүргізілмегендіктен, 2019 жылдан бері бос тұрған 13 көпқабатты тұрғын үйге қатысты мәселе шешіліп, 585 отбасы баспаналы болды. Жаскешу елді мекенінде «Жайлы мектеп» пилоттық жобасының аясында 600 орындық мектептің құрылысы басталды. Жемісті елді мекенінің ескірген электр желілері жаңартылып жатыр. 3 трансформатор мен 5,4 шақырым электр желісі жүргізілуде. Жылға және Нұр ауыл елді мекендерінің ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарына 669 миллион теңге қаралды. Жалпы құны 2 миллиард теңге болатын құрылыс жұмыстары келер жылы пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар осы елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі министрліктермен пысықталу үстінде. Жаңатұрмыс, Қарабау елді мекендерінің тұрғындары ішкі көшелерге асфальт төсеу үшін 248 миллион теңге қаралып, жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Жаңатұрмыс елді мекенінде амбулатория салынуда.

Сарыағаш ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі биыл 6 айда 90 миллиард теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 400 миллион теңгеге артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі былтыр 7 миллиард теңгеден асты. Биыл жарты жылда 3 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылды.

Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 62 пайызға өсіп, былтыр 20 мыңнан асты. Олармен өндірілген өнім көлемі өткен жылы 87 миллиард теңгені құрады. Биыл Сарыағаш ауданында қосымша 3,2 мың жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді.

Аудан бюджетінің өзіндік кірістері былтыр 5 миллиард теңгеге жетті. Осы жылдың 6 айында өзіндік кірістер 3,5 миллиард теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 13 пайызға өсті.

Былтыр негізгі капиталға 27 миллиард теңге инвестиция бағытталған. Биыл 6 айда 12,6 миллиард теңге инвестиция тартылып, былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 52 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнімнің көлемі есепті кезеңмен салыстырғанда 20 пайызға артып биыл 6 айда 15 миллиард теңгеден асты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 11,2 миллиард теңгеге жетті.

Бүгінгі таңда жергілікті әкімдерге қойылатын басты талаптардың бірі – жаңа кәсіпорындарды ашу, жаңа жұмыс орындарын құру, аймаққа инвестицияларды тарту. Осы мақсатта биыл мамыр айында өңір басшысы Дархан Сатыбалды облыстық делегациямен Қытай Халық Республикасына барып, бірнеше қалалардағы әлемге әйгілі ірі компаниялардың жұмысымен танысқан-ды. Іс-сапардың басты мақсаты – экономикалық дамуы бойынша тәжірибе алмасып, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру. Сарыағаш ауданындағы жылыжайларды, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін ескере отырып, жеміс-жидек өнімдерін кептіру, көкөністерді қайта өңдеу бағытын дамыту қажеттігі де сол тұста ескерілген. Осыны ескере отырып, Дархан Амангелдіұлы бірнеше аудан басшыларын Қытай мемлекетіне іссапарға жолдады. Нәтижесінде «Damdes Agro» атты қазақстандық компания қытайлық компаниямен келісім жасап, құны 4,6 миллиард теңгені құрайтын жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Ол жерде көкөніс мұздатқыш (шоковая заморозка), жеміс-жидек өнімдерін кептіру, көкөністерді қайта өңдеу және орау материалдарын (упаковка) шығару цехтары ашылатын болады. 50 адам жұмыспен қамтылатын болады. Облыста бизнесті қолдау үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда, барлық қажетті шаралар қабылдануда. Оларды тиімді пайдаланып, өндірісті кеңейтіп және жаңа өндіріс ошақтарын ашу қажет. Облыс әкімдігі аудан әкімдігінің осы бағыттағы кез келген бастамаларын қолдауға дайын. Көкөніс бағаларын маусымаралық кезеңде, яғни қысқы, көктемгі мезгілдерде тұрақтандыру мәселесі өзекті болып табылады. Облыста өнеркәсіптік көлемдегі көкөністерді сақтайтын қоймалар жоқ десек болады. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет. Биыл Сарыағаш ауданында құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын 600 тонналық көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймасын іске қосу жоспарланып отыр. Аудандағы жеке кәсіпкер қойманың құрылысын аяқтап, мұздатқыштар орнату жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде көкөніс бағаларын маусымаралық кезеңде тұрақтандыруға болады.

Сарыағаш ауданының шаруалары егін шаруашылығы өнімдерімен тек облысты емес, еліміздің басқа өңірлерін, шекаралас мемлекеттерді қамтып отыр. Ауыл шаруашылығында жыл басынан 38,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Биыл 71,5 мың гектар жерге егістік егілді. Сондай-ақ 1 алқаптан 2-3 өнім алу жобасы бойынша 775 шаруа 1,7 мың гектар егістік жерден өнім алуда. Тамшылатып суғару жүйесі 1 786 гектарға ендіріліп, қарқынды баулардың көлемі 1 324 гектарға жетті.

Жыл басынан бері мал шаруашылығында 19 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Ағымдағы жылы «Бесқара» компаниясы 1,5 миллиард теңгені құрайтын 2 жобаны жүзеге асыруда. Атап айтқанда, бүгінгі таңда тауық сою бекеті (құны: 700 миллион теңге, 10 жұмыс орны) іске қосылды. Қазіргі уақытта ірі қара мал сою бекетінің құрылысы жүргізілуде (құны: 800 миллион теңге). Жоба іске қосылғаннан кейін экспортқа ет әзірленетін болады. Сондай ақ ауданда балық өсіру бағыты қолға алынды. «Азаткүл» шаруа қожалығы құны 100 миллион теңгені құрайтын жобаны іске асырып, өз жұмысын бастады.

Ауданда ағын су мәселесі өзекті. Каналдардың су өткізу мүмкіндігін арттыру үшін 193 миллион теңге қаралып, ұзындығы 306 шақырымды құрайтын 6 каналды күрделі жөндеуден өткізілмек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin