Түркістан облысы: Бәйдібек ауданында балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру мәселесі түсіндірілді

Бәйдібек ауданында «Ауыл Аманаты» бағдарламасының IV бағыты — балық шаруашылығын дамыту бойынша балық шаруашылығы саласымен айналысатын кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру мәселесіне қатысты түсіндіру жиыны өтті.

Жиынға арнайы қатысқан облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Болысбек Шәріпбеков хабарлама жасап, ауыл халқының табысын арттыруға арналған «Ауыл Аманаты» бағдарламасының IV бағыты — балық шаруашылығын дамыту үшін сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын, қаржы көлемі 8 625 000 теңгеге дейінгі несие алу арқылы аумағы үйіргелік немесе 0,15 гектардан асқан жағдайда кәсіптік балық шаруашылығымен айналысуға болатынын түсіндірді. Сонымен қатар балық асырайтын бассейн қазудан бастап, шабақ алу, оны өсіру, және сату кезіндегі барлық этаптарды заң аясында қалай жасау керек екендігін түсіндіріп өтті.

Аталған басқарманың бас маманы Абай Сәдірхожа акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды, сондай-ақ асыл тұқымды балық өсіруді дамытуды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы бұйрық шарттарын таныстырды.

Жиынға қатысқан аудан тұрғындары елді мекені маңынан балық шаруашылығымен айналысуға жер телімін беру және күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бірқатар сауалдарын қойып, қолданыстағы заң аясында түсіктеме берілді. Сұратылған жер телімдері елді мекеннің ортақ жайылымнан тыс жерден болу керектігі түсіндірілді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Бақыт Қырғызалиев аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мен ауылдық округі әкімдеріне «Ауыл аманаты» бағдарламасының IV бағыты — балық шаруашылығын дамыту бойынша балық шаруашылығы саласымен айналысатын кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру мәселесіне қатысты және инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы және Акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды, сондай-ақ асыл тұқымды балық өсіруді дамытуды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы бұйрықтың шарттары мен қойылатын талаптары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының IV бағыты — балық шаруашылығын дамыту бойынша өткен жиынға облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Болысбек Шәріпбеков, аудан әкімінің орынбасары Бақыт Қырғызалиев, ауылдық округ әкімдері, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары, «Ырыс» МҚҰ ЖШС мамандары және балық шаруашылығымен айналысуға ниетті агроқұрылымдар қатысты.

Айта өтейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілді. Жоспарға сай, биыл облыста 6640 тонна балық өсірілуі қажет. I тоқсанның қорытындысы бойынша 2559 тонна өндірілді. Тауарлы балық өндіру бойынша Түркістан облысы республика көлемінде көш басында келеді.

– «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 146 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлініп, бүгінде 26 шаруашылыққа субсидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған. Тиісті жұмыстар атқарылуда, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Данияр Сейітов.

Бүгінде жоспарға сәйкес жаңадан 20 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде төртеуі үйіргелік аулада ашылған. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүргізіп, нормаға сәйкес облыс тұрғындарының балық өнімін тұтынуын толық қамтамасыз ету және балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарланып отыр. Дегенмен, конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар 21 су айдынында табиғат пайдаланушылармен келісімшарт талаптарының мерзімінде орындалмауына байланысты, шартты біржақты бұзу шаралары жүргізілуде.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітілген 91 су айдынын қайтадан талдап, зерделеуді тапсырып, экспортқа ден қоюды тапсырған.

– Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуі керек. Инвесторлар тарту маңызды. Жаңадан тоғанды балық шаруашылығын, балық азықтары мен балық өнімдерін өңдейтін зауыт, кәсіпорын ашуға ниет білдірген тұлғаларға жаңадан және табиғат пайдаланушыларға конкурстық негізде бекітілген су айдындары мен жұмыс істеп тұрған тоғанды балық шаруашылықтарын одан әрі дамыту мақсатында айналасынан жер учаскелерін берулі қарастыру қажет. Балық шаруашылығын дамыту мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған жаңадан балық шаруашылығы нысандарын ашу жоспарының орындалуы қамтамасыз етіліп, атқарылған жұмыстар бойынша әр тоқсан сайын табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына есебі берілуі керек. Балық шаруашылығымен айналысушыларға кәсіптерін дамыту үшін жеңілдетілген несие беру қамтамасыз етілсін. Конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар су айдындарында табиғат пайдаланушыларымен атқарылған жұмыстарына талдау жүргізіліп, шарт талаптарын орындамаған табиғат пайдаланушылармен шартты біржақты бұзу шаралары атқарылуы тиіс. Заңға сәйкес резервтегі су айдындарын конкурстық негізде табиғат пайдаланушыларға бекітіп беру жұмыстары жалғасады, – деген болатын облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы.

– Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін облыста тауарлы балық өндіру көлемі 20 мың тонна болып бекітілген. Аудан, қала әкімдіктерінің аумағынан 2023-2025 жылдары жаңадан ашуға жоспарланған 91 шаруашылыққа инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие тұрақты түрде бекітілген жағдайда, 2025-2026 жылдары облыста тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан асады, – дейді Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев.

Айта кетейік, балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын жинақтап, өткізуде. Облыста жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. 2023 – 2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Балық өсіру шаруашылықтарының экономикалық тиімділігін жоғарылату – бүгінде еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыста балық шаруашылығын дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие мен субсидиялар беру және салаға инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар облыстың аудан, қала әкімдіктерінде балық шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітіліп, 250-ге жуық балық өсіру шаруашылығын ашу жоспарланып отыр. Түркістан облысының су айдындарының орналасуы мен климаттық жағдайлары балық шаруашылығын жүргізу үшін қолайлы өңірлердің бірі болып саналады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin