Түркістан облысы: Бәйдібек ауданында «Ауыл аманаты» жобасымен жеңілдетілген несие алған кәсіпкерлер мал шаруашылығын өркендетуге кірісті

Биыл Бәйдібек ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен тұрғындардың кәсіп ашуына қолдау көрсету қарқынды жүріп жатыр. Жоба бойынша 2,5 пайыздық несие алуға аудандағы 144 азамат өтінім білдіріп, 2,5 пайызбен 108 азамат жеңілдетілген несие алған.

Ақбастау, Алғабас, Көктерек ауылдық округіндегі 57 азаматтың жылқы, мүйізді ірі қара, уақ малдарды бордақылау, сауынды сиыр алу, ауыл шаруашылық кооперативін техникамен жабдықтау бойынша жобалары қаржыландырылып, бүгінде кәсіптерін дөңгелетіп отыр.

Несие алғандардың ішінде алғашқы болып жұмысын бастағандардың бірі — Ақбастау ауылының тұрғыны, кәсіпкер Тамара Дәуешова. Ол 2,5 пайызбен 6 миллион теңге несие алған. Аталған сомаға Алматы облысынан 18 бас жылқы сатып әкелген. Қазіргі таңда алған жылқыларын тұрғын үйінің ауласындағы қорада ұстап, бордақылаумен айналысып жатыр. Таңнан кешке дейін күтіп-баптау, уақытылы жем-шөптері мен суын беру жұмыстарын жолдасы екеуі атқарады.

Алдағы жоспарымен бөліскен Тамара Дәуешова жылқы басын көбейтіп, қосымша ауылдың 5 азаматын жұмыспен қамтымақ.

Ал Шақпақ ауылының тұрғыны Шоқан Сейтімбетов «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5 пайызбен 5,5 миллион теңге несие алған. Аталған сомаға Семей қаласынан 15 бас мүйізді ірі қара мал сатып әкелген. Қазіргі таңда аталған мүйізді ірі қара малдарын тұрғын үйінің ауласындағы жайда ұстап, бордақылаумен айналысуда.

Сонымен қатар Шақпақ ауылының тұрғыны Ержүрек Бәйтенов те «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5 пайызбен 2,5 миллион теңге несие алған. Аталған сомаға Жамбыл облысынан 50 бас уақ мал сатып әкелген. Қазіргі таңда алған уақ малдарын тұрғын үйінің ауласындағы жайда ұстап, бордақылаумен айналысуда екен.

Расында да, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіп­сіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байла­нысты мәселелерді шешу мақса­тында жобаланып, жүзеге асыры­лып жатқан «Ауыл аманаты» мем­ле­кет­тік бағдарламасына барша бұ­қа­ра қатты мүдделілік танытып отыр.

Айта кеткен жөн, «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Өткен жылы жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар барлық дерлік өңірді аралап шығып, елді мекендердің 250 мыңнан астам  тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бапталған бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қа­жет­ті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.

Сөйтіп, былтыр Жамбыл облысында басталған қанатқақты жоба биыл еліміздің бүкіл өңірін қамтитын бағдарламаға айналып отыр. Алғашқы болып жобаны Ақтөбе облысы іске асыра бастады.

Жыл басында өткен жобаға жол ашып берген алқалы жиында «Amanat» партия­сының төрағасы Ерлан Қошанов: «Бұл – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсар­туға, проблемаларын жедел шешуге, ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадам. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облы­сының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атау­лы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36%-ға төмендеді. Үкімет пен «Amanat» партия­сының міндеті – «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру аса маңызды», — деген болатын.

«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған, несиелер биылғы жылдан бастап беріле бастады. Жоба аясында қандай жеңілдік­тер қарастырылған? Бағдарлама бо­йынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сон­дай-ақ техниканы лизингке рәсімдеу­ге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие/шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңна­ма бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банк­тен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.

Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зей­неткерлік жасқа толмаған жұмыс­керлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарлар­ды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөнін­дегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруа­шылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күн­көріс деңгейінен төмен өндіріс­тік коопе­ративтердің мүшелері ала алады.

Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өт­кен жарнаның, мемлекеттік кірістер ор­ган­дарында берешектің болмауы талап етіледі.

Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік коо­перативке өткізу талап етіледі.

Жобаны іске асыруға 2023 жылы респуб­ликалық бюджетте 52,4 млрд теңге (11 мыңнан астам шағын несие) көздел­ген. Бұл ретте жергілікті әкімдіктер қаражат­қа қосымша қажеттілікті анықтау үшін ауылдық округтерге скрининг жүргіз­ді. «Amanat» партиясы жанынан азамат­тар мен әкімдерді әдіснамалық сүйеме­лдеуді, оқытуды, өтінімдерді қабыл­дау және қаражатты бөлу үдерісінің монито­рингін қамтамасыз ететін жобалық кеңсе құрылып, қызмет етті.

«Ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу – «Amanat» партиясының негізгі басымдықтарының бірі. Ауылда 7,7 млн адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41%-ы. Былтырғы дерекке сәйкес, ауыл және қала тұрғындарының ақшалай та­бы­сының айырмашылығы 38%-ды құ­райды. «Ауыл аманаты» жобасы осы ол­қы­лықтың орнын толтыруды көздейді.  Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Біз ауыл тұрғындарына мамандануға, шұғылданып жүрген кәсіптерін әртарап­тандыруға көмектесеміз», — дейді партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына назар аударар болсақ, ең бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтар­ды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқаны байқалады. Бұл ретте алынған өнімнің сапасын, салмағын арттыратын өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыруға ерекше мән беріліп отыр.

Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктеріне өтінім білдіруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіп­кер­лікті ашу арқылы халықтың табы­сын арттыруға және азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз етуге септігі тиеді. Бағ­дар­ла­мада уақыт шектеуі жоқ. Шартта көрсе­тіл­гендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғы­лық­ты азаматы болуы керек. Егер кепіл бол­маған жағдайда туыстардың кепілін пай­далануға болады. Шағын несиелер халық­қа сенім білдірілген өкіл арқылы беріледі. Қаржының мақсатты жұмсалуы қатты қадағаланатын болады.

Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектеседі.

Қашанда қағажу көріп жүретін ауыл тұрғындары жаңа жобаға үлкен үміт артып отыр. Қолынан іс келетін, дөң­гелетіп отырған шаруасы бар көп­теген кәсіпкер, фермерлер бұл бастамаға барынша мүдделілік танытуда. Олар қаржылай қолдау болса, ауыл-аймақта өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін шұғылданып келген шағын кәсіптерінің аясын кеңейтіп, талапқа сай дамыта алатынына бек сенімді.

Түйіндей айтқанда, «Ауыл аманаты» – оңтайлы бағ­дар­лама, 2,5%-бен, бірінші жылға арналған жеңіл­дікпен және ауылдық жыл­жымайтын мүлік кепілімен қазірде бірде-бір қаржы ұйымы қарыз бермейді. Ауыл кәсіпкерлері бұл бастаманы қолдауға, тиімді пайдалануға, нәтижелі іске асыруға дайын. Себебі жергілікті ауыл шаруа­шылығы өнімдері – елімізді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етудің бір көр­сеткіші.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin