Түркістан облысы: Жетісай ауданында агробизнеспен айналысу үшін «Ауыл аманаты» аясында 102 жоба қаржыландырылды

«Алдағы 3 жыл ауылдық аймақтарды барынша дамытуға арналады. Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қарқынмен жалғастырамыз. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Жеке қосалқы шаруашылықтардың тең жартысы соның құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалады» — деген Мемлекет басшысының сөзінен кейін «Ауыл аманаты» пилоттық жобасын жүзеге асыру қолға алынды.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агробизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатындағы бағдарламаға Жетісай ауданынан Қарақай, Ж.Ералиев, Қазыбек би және Мақталы ауылдық округтерінің тұрғындары қатысып жатыр. Бүгінде жалпы аудан бойынша өткізілген 1 миллиард 301,3 миллион теңгенің 219 құжатынан «Ырыс» МҚҰ арқылы 1 миллиард 21,7 миллион теңгенің 176 жобасы мақұлданған. Оның ішінде 555,4 миллион теңгеге жасалған 102 бизнес-жоба қаржыланырылған.

Нақтырақ айтар болсақ, Қарақай ауылдық округі бойынша 402,4 миллион теңгеге тапсырылған 281,9 миллион теңгенің 71 құжатынан 55 жоба мақұлданып, 198,5 миллион теңгеге 41 жобасы қаржыландырылса, Ж.Ералиев ауылдық округінен тапсырылған 62 құжаттың 32-сі 183,9 миллион теңгеге қаржыландырылған.

Одан бөлек, Қазыбек би ауылдық округінен 125,8 миллион теңгеге 21 жоба, ал, Мақталы ауылдық округі бойынша 8 жоба 47,3 миллион теңгеге қаржыландырылған. 4 ауылдық округ бойынша қаражат алған 102 жобаның 9-ы өсімдік шаруашылығын, 83-і мал шаруашылығын таңдаса, 10 жоба тұрлі қызметтерді көрсетуге арналған.

«Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының жаңа драйверіне айналады. Ол үшін біздің мемлекетте, ауданда барлық потенциал бар.

Ауыл тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы жобалардың сәтті жүзеге асырылуы үшін жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына қатысушы тұрғындардың 152,4 миллион теңгеге 24 жобасы кепіл шартына тұрып жатса, 43,4 миллион теңге болатын 8 жобаның кепіл шарты халыққа қызмет көрсету орталығында тіркелу үстінде» — дейді Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Марат Айнабеков.

Осы ретте Ж.Ералиев ауылдық округінде 51 жоба мақұлданғанын айрықша атап өткен абзал.

«Біз бүгінде өңірімізде жүзеге асырылып отырған «Ауыл Аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін барынша тиімді әрі мақсатты пайдалануға шақырамын. Жаңаша, сұранысқа ие кәсіп ашып, табыстарыңызды арттырыңыздар. Аталмыш жоба бойынша несиелер барлық тұлғаларға 2,5 пайызбен 7 жылға дейін беріледі. Пилоттық жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 19,8 миллиард теңге қаржы бөлінген».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл Аманаты» пилоттық жобасы аясында аудандағы Ж.Ералиев ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, несие алуға ниет білдірген шаруалармен тілдескен Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов осылай деді.

Ауыл халқының табысын арттыра отырып тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған бағдарлама аясында 5,8 миллион теңгеге жобасы мақұлданған азаматтардың бірі — С.Сейфуллин елді мекенінің тұрғыны Бахадур Булишов.

Бұған дейін пай үлесіне тиген 70 сотоқ жерінің 30 сотоғына қауын, 25 сотоғына болгар бұрышы мен баклажан, ал, қалған 5 сотоғына жылыжай салып қияр егіп келген Бахадур алатын несиесіне 0,15 гектар жерге жылыжай салуды көздеп отыр екен.

Айта кетейік, Ж.Ералиев ауыл округі бойынша ұсынылған 71 жобаның 51-і 316,05 миллион теңгеге мақұлданған. Оң қорытынды алған жобалардың 80,8 миллион теңгеге мақұлданған 13 жоба жылыжай шаруашылығы болса, 208,25 миллион теңгеге мақұлданған 37 жоба сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға, 27 миллион теңгеге оң қорытынды алған 1 жоба ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін ашып, сүт өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорнын іске қосуға бағытталып отыр.

Жалпы, Жетісай ауданындағы заңсыз құрылыстар мен көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарының, «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалуы аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен өткен келелі мәжілісте де талқыланды. Оған аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары, қала, кент, барлық ауылдық округтердің әкімдері қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – қала, кент, ауылдық округтердегі заңсыз құрылыстарды жою мен қызыл сызыққа шығып кеткен ғимараттарды ретке келтіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар бойынша Жетісай ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Сансызбай Сейдалиев, Жетісай қаласының орталық көшелерін көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалық, қаладағы көп пәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, ойын алаңшаларын қалпына келтіру жұмыстарының барысы жайлы қала әкімі Нұрлыбек Бахтияров баяндама жасады. Нақты атқарылған және алдағы атқарылар жоспарлармен таныстырды.

Ал, аудан әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы Әлішер Есенбеков болса берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуын айтса, аудан әкімінің орынбасары Марат Айнабек «Ауыл аманаты» жобасының бағыттары бойынша ұсынылған жобаларға, құжат рәсімдеу барысында орын алып жатқан кемшіліктерге тоқталды.

«Аудан аумағында заңсыз салынған құрылыстар бойынша жауапты бөлім қызметкерлері жергілікті әкімдермен тиісті жұмыстарды жандандырыңыздар. Мердігер мекемелердің жұмыс сапасын қатаң бақылауға алыңыздар. Өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде экономиканың нақты секторында жұмыс орнын құру, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру шеңберінде ауыл тұрғындарының кірісін арттыру, табыс деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды, халықты мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларын жүйелі ұйымдастыруға тиіспіз» — деген аудан басшысы тапсырмалардың орындалуын бақылауды аудан әкімі аппаратының басшысы Есен Алданиязовқа жүктеді.

Сондай-ақ, мәжілісте жылыту маусымында ауданға қажетті көмірдің жеткізілуі, бюджеттік түсімдердің орындалуы да сөз болды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin