Түркістан облысы: Жетісай ауданында өнеркәсіп саласын дамытып, 2025 жылға дейін қосымша 4 мыңнан астам жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр

Бұл жөнінде Жетісай ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен аудандық мәслихат депутаттарының кезекті басқосуында мәлім болды. Жиынға аудан басшысы Серік Үсенұлы Мамытов пен аудан әкімінің орынбасарлары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша Серік Үсенұлы ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндап, алдағы жоспарларды таныстырды.

Бұқара мен биліктің арасындағы байланысты нығайтып, жергілікті жерлердегі өзекті мәселелердің оң шешімін табуына тұрғындарды да араластыру, азаматтар арасында мемлекеттік қызметкерлердің оң имиджін қалыптастыру мақсатында мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аудан басшысы қала, кент, ауылдық округтерде кездесу өткізіп, кездесу барысында тұрғындар тарапынан көтерілген түрлі санаттағы мәселелерді оңды шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, аудан әкімі биылғы 8 айдың қорытындысына сәйкес ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 6 миллиард теңгеге артып, 54,5 миллиард теңгеге артқанын, кіріс көздерін ұлғайту мақсатында тиісті 889 салық салу нысанына талдаулар жүргізілуінің нәтижесінде 700 салық салу нысанының құны қайта бағаланғанын, бюджетке қосымша 60 миллион теңгенің өндірілгенін, 189 нысанның салығын арттыру бойынша тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқанын жеткізді. Жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде 8 айда бюджеттің кіріс бөлігі жоспардан 200 миллион теңгеге артығымен орындалып, 3 миллиард теңгені құраған.

8 айда негізгі капиталға 12,5 миллиард теңге инвестиция салынып, шағын және орта бизнес өкілдері өндірген өнім көлемі 12,2 миллиард теңгені құрап отыр.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу мақсатында индустриялды аймақ пен шағын өндірістік парк құру үшін жері анықталып, Өзбекстан инвесторларымен бірлесіп тоқыма фабрикасын салу, жібек жібін, қант өндірістерін құру жобаларын іске асыру, Ресей инвестормен жоңышқа грануласын өндіру, сонымен бірге көп салалы реабилитациалық орталық ашу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы өнеркәсіп саласын дамытып, 2025 жылға дейін қосымша 4 мыңнан астам жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр.

«Негізгі табысы агросекторға тікелей байланысты ауданымызда үстіміздегі жылы 79,3 мың гектар егіс егілді. Оның ішінде 45,6 мың гектары мақта, 19,6 мың гектары бақша, 2,9 мың гектары көкөніс болса 5 мың гектары дәндік жүгері мен басқа дақылдарды құрайды.

8 айда ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 15%-ға артып, 27,7 миллиард теңгеге, ал, негізгі капиталға тартылған инвестиция 2,8 миллиард теңгеге жеткен.

321 шаруа қожалығының иелері 1236 гектар жерден жылына екі өнім алу жобасын іске асырса, көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 12 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағар май бөлінген» — деді аудан әкімі.

Жалпы, Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тапсырмасымен аудандағы игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқарылып келеді.

Аудан әкімінің 2023 жылғы 27 наурыздағы №26 санды өкімі негізінде аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің жер қатынастары секторы тарапынан арнайы жұмысшы тобы құрылып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жер учаскелеріне түгендеу жүргізілген.

Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмеген жер учаскелерінің көлемі 351,57 гектарды құрап, жер иелеріне Түркістан облысының жер ресурстарының басқару департаменті тарапынан тексеру тағайындау хабарламалары берілген. Нәтижесінде 6 гектар жер игерілсе, 4 тұлға игерілмей жатқан 15,42 гектар жерді ерікті түрде мемлекетке қайтарған.

Бүгінде 53 жер пайдаланушыларға тиесілі жалпы ауданы 330,2 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмеген жер телімдерін мемлекетке қайтару бойынша тиісті шаралар қабылдануда.

«Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі ауданда өте өзекті болып отыр. Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, қараусыз қалдыруда. Бұл мәселе Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауында да айтылған.

Біз бүгінде жерді игермеген азаматтардан қайтарып алып, игеруге ниетті азаматтарға немесе инвесторларға кәсіпорындар салуға беретін боламыз» — дейді Серік Үсенұлы.

Жұмысшы топ өкілдерінің мәліметінше, игерілмеген ауыл шаруашылығы жерлері бойынша көшті Қызылқұм ауылдық округі бастап тұр. Мұнда 20 тұлғаға тиесілі 116,8 гектар жер учаскесі игерусіз болса, Жылы су ауылдық округінде 14 азаматтың 99 гектар жері қараусыз қалған. Алғашқы үштікті 11 тұлғаның 69,4 гектар жері игерілмеген Мақталы ауылдық округі түйіндесе, Қарақай ауылдық округінде 26,4 гектар, Атамекен ауылдық округінде 16 гектар, Жаңа ауыл ауылдық округінде 14 гектар, Ынтымақ ауылдық округінде 6 гектар және Қазыбек би ауылдық округінде 4 гектар жер көп жылдардан бері игерілмеген.

Одан бөлек, аудандағы қала, кент, ауылдық округтердегі заңсыз құрылыстарды жою бойынша анықтау, зерделеу жұмыстары жүргізіліп, құжаттары толық алынбаған немесе дұрыс емес және өз мақсатына сай пайдаланылмаған нысандар анықталып, Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына және Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне өз құзыреті шегінде шара көру үшін жолданған.

Аудан әкімінің негізгі баяндамасынан кейін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Нұрлан Райымбеков пен аудандық білім бөлімінің басшысы Ғазиза Шүкірбаеваның, аудандық полиция бөлімінің басшысы Әділбек Сапарбековтың есептері тыңдалып, жоспарлары талқыланды. Маңызды мәселелер бойынша сұрақтар қойылды. Ұсыныстар айтылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin