Түркістан облысы: Жетісай ауданында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 75 адам тұрақты жұмысқа орналасты

Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бақармасының «Еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Жетісай аудандық «Мансап» орталығының ұйымдастыруымен Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында аудан тұрғындарына арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.

Аталмыш шараға аудандық «Мансап» орталығының директоры, аудандық мәслихат депутаты Олжас Қаныбеков қатысып, халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту, сонымен қатар, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын көрсету, жұмыссыздар мен Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттары үшін әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу мақсатында қабылданған бағдарламаларды түсіндірді. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырып, тиімділігіне тоқталды.

«2023 жылдың 22 қыркүйегін ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің республикалық деңгейде «Еңбек күні» мерекесі ретінде атап өтуге арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне аудандағы жұмыссыз азаматтар мен арнаулы жоғарғы оқу орындарының бітіруші курс студенттері белсене қатысуда. Мұнда «Мансап» орталығының мамандары келушілерге «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы» және «Күміс жас» бағдарламалары, кәсіпкерлікке бет бұрғысы келетін жастарға мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несиелер бойынша да кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде» — дейді орталық басшысы Олжас Қаныбеков.

200-ге тарта тұрғын қатысқан аталмыш іс-шараға 53 мекемеден 195 бос жұмыс орны ұсынылып, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында көрсетілетін жұмыспен қамтудың белсенді шаралары түсіндірілді. Мамандығы мен қабілеті тура келген 75 азамат тұрақты жұмысқа орналасты.

Осы тұста атап өтер тағы бір жайт, Жетісай ауданында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың бастамасымен және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйытқы болуымен «Дәнекер» қайырымдылық дүкені өз жұмысын бастады.

Бұл дүкенді ашудағы мақсат – өздерінің әлеуметтік жағдайын тіктей алмай жүрген жергілікті халыққа көмек көрсету. Дүкенде тұрғындарға тегін киім-кешек үлестірліп, мүмкіндігінше қосымша азық-түлік беріледі. Қайырымдылық дүкенге ауданның жомарт жандары мен кәсіпкерлері демеушілік жасап келеді. Осыдан 5 жыл бұрын, яғни, 2018 жылдың ақпанында облыс бойынша ең алғаш болып Жетісай қаласында ашылған «Мейірім-Шапағат» қайырымдылық дүкені күні бүгінге дейін 6 мыңға тарта әлеуметтік қолдауды қажет ететін, мүмкіндігі шектеулі мүшелері бар және көпбалалы отбасыларға көмек көрсеткен.

«Тағдырдың тауқыметі мен өмірдің ащы тұздығын татып, қоршаған ортадан, иманжүзді азаматтардан мейірім шуағын, жан жылуын күтетін қоғамның әлсіз бөлігі саналатын мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін ауданның кез-келген азаматына көмек береміз. Дүкеніміз аптаның сенбі-жексенбі күндерінен басқа барлық күндерінде жұмыс істейді» дейді дүкеннің ашылуына арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Марат Айнабеков.

Айта кетейік, «Дәнекер» қайырымдылық дүкені Жетісай-Атакент тас жолының бойында, бұрынғы «Нар» кафесінің жанында орналасқан.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin