Түркістан облысы: Жетісай ауданының әкімі қант өндіру зауытын салуға ниетті инвестормен кездесті

Жуырда Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы «Қуаныш 98» ЖШС директоры Қуаныш Сәкеновты қабылдады. Екі жақты кездесу барысында тараптар Асықата кентінен қант шығару зауытын салу мәселелерін талқылады.

Аталмыш зауытты салуға ниетті Қуаныш Сәкенов құрылысқа арналған 2,5 гектар жерінің бар екенін, қызылшаны сақтап, сұрыптайтын қоймаларды салуға тағы 3 гектар жер учаскесінің қажет екенін айтады. Сонымен қатар, заманауи құрал-жабдықтар орнату үшін де мемлекеттен жеңілдетілген несие алуына көмек сұрайды.

Жалпы құны 800 миллион теңге болатын жоба 2023 – 2024 жылдары жүзеге асса, жылына 3 мың тонна шекер өндіріліп, жергілікті 40 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр.

«Зауыт тиісті деңгейде жұмыс істеп, жоспардағы өнімді шығаруы үшін ауданда кемінде 1,5 мың гектар жерге қант қызылшасы егілуі тиіс. Тағы бір айта кетерлік жайт – шаруалардың мақта немесе қауын-қарбыз егіп, шығынды жабуды уайымдап отырғанша, қант қызылшасын егіп, табыс табатынына сенімді болғаны, егілген өнімін қайда, қанша теңгеден өткізетінін алдын ала біліп отырғаны дұрыс деп ойлаймын» — дейді Қуаныш Сәкенов.

Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаевтың мәліметінше, ауданда мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау шараларын жүргізу есебінен ағымдағы жылы құны 1,4 миллиард теңгені құрайтын 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 82 жаңа жұмыс орын ашылса, 2023-2024 жылға өтпелі жалпы құны 2 миллиард 830 миллион теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы тағы 135 жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарланып отыр екен.

Атап өту керек, биыл Қазақстанда қант қызылшасы егістігі екі есе ұлғайып, 19 мың гектарға жетті. Өсім – 87%. Бұл – соңғы 5 жылда болмаған көрсеткіш. Өткен жаздағы қант дағдарысынан кейін егістік алқабы күрт кеңейтілді. Импорттағы кедергілерден туындаған қант тапшылығы ішкі өндірісті дамыту керектігін көрсетті. Мемлекет 2022–2026 жылдарға арналған жоспар әзірледі. Онда Қазақстанда отандық шикізат ішкі нарықтың небәрі 7%-ін қантпен қамтамасыз ететіні айтылған. Қалғаны — өңдеуге арналған импорттық шикізат және импортталған дайын қант. Енді Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын егіс алқабын кемінде 6,5 мың гектарға ұлғайту арқылы мәселені шешуді ұсынды. Жалпы, 2026 жылға қарай қызылша егістігі 38 мың гектар болуға тиіс.   Қазақстандағы қант қызылшасы алқаптары туралы мәлемет мынадай: 2022 жыл – 10 мың гектар; 2023 жылы – 19 мың гектар; 2024 жылы – 25 мың гектар; 2025 жылы – 31 мың гектар; 2026 жылы – 38 мың гектар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin