Түркістан облысы: Жетісай мен Мақтаарал аудандарында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асқалы, кәсіп ашқандар көбейіп, атаулы әлеуметтік алушылар азайып жатыр

Түркістан облысында ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар халықтың үлесі, яғни атаулы әлеуметтік көмекті алушылар саны бойынша оңтүстік аймақтар, оның ішінде Жетісай мен Мақтаарал аудандары көш бастап тұр.

Халықтың табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасы бойынша осы аумақтарға басымдық берілді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шалғай аудандардағы шаруалардың жағдайын білу, ақылдасу, ұсыныстарын тыңдау мақсатында оңтүстік аудандарға іссапармен барды.

Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік көмектер қарастырылған. Бірақ атаулы әлеуметтік көмек мәселені толық шешпейді. Адам өзі жұмыс істеп, кәсіппен шұғылданбай, іс өнбейтіні анық. Бұл ретте «Ауыл аманаты» жобасының берері көп.

Осы жоба арқылы несие алып, іс бастаған Медеу Орынқожаев құрылысқа қажетті заттар өндірісін жолға қойған. Жоба құны – 7,5 млн. теңге. Өңір басшысы тұрғындарға осы жобаның тиімділігін түсіндіріп, кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету қажет екенін жеткізді. Жауапты басшыларға осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырды. Кәсіп ашып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан шыққан бұл отбасы енді мемлекеттік жәрдемақыға тәуелді 14 отбасын жұмыспен қамтып отыр.

“Ауыл аманаты” жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған және несиелер 2023 жылдан бастап берілді.

Жоба аясында төмендегідей жеңілдіктер қарастырылған:

— “Ауыл аманаты” жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен.

— несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін;

— несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады;

— номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету.

Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік.

Жетісай ауданында облыс әкімі ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды кеңінен қолдану, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасын жандандыру және өзге де мәселелер бойынша шаруалармен кеңесіп, пікір алмасты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында су көздерін үнемдеу мәселесін көтерді. Бұл – біздің өңір үшін аса маңызды. Сондықтан суды үнемдейтін әдістерге басымдық берген жөн. Ауыл шаруашылығы тауарларын шығарып қана қоймай, оны терең өңдеуге көшу керек. Ауыл тұрғындары, жастары «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген несие алып, жұмыс істесе болады. Оған толық мүмкіндік бар, – деген Дархан Сатыбалды егістікті әртараптандыру, ауыл шаруашылығын ғылыммен ұштастыру маңызды екенін атап өтті.

Іссапар барысында өңір басшысы «Тұрсынбек ата» шаруа қожалығында болды. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасын жүзеге асырған шаруа қожалығында алдымен 10 гектар жерден 350 тонна қырыққабат алынған. Ал екінші өнім ретінде маш дақылын еккен.

Аудан шаруалары мақтаның орнына жүгері, маш егуді қолға алуда. Нұрәлем Ермаханбет бейнеттің зейнетін көру үшін талмай еңбектену керектігін айтты.

«Керімхан» шаруа қожалығында облыс әкімі мақта теріміне қатысып, мақташылармен кездесті. Шаруа қожалығының төрағасы Мұрат Құрбановтың айтуынша, 180 гектарға мақта егілсе, 40 гектарға бақша дақылы, 47 гектарға жоңышқа және 33 гектарға дәндік жүгері егілген. Мақтаның жаңа сұрыптары алынып, өнімділік арта түскен. Мақтаға сұранысты арттыру үшін сапасын көтеруге күш салынған.

Шаруалармен кездесуде мақта шаруашылығына қатысты түйткілдер тарқатылып, ұсыныстар берілді.

Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі мақташылармен де кездесті. Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға күш салынады. Бұл мақсатта шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық беріледі. Өңірде жеңіл өнеркәсіп жетекші салаға айналып, ауыспалы егіс жүйесі қолға алынады.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Мақтаарал ауданындағы мақта алқаптары мен мақта зауыттарында болды. Мақта өсірушілермен кездесіп, осы саладағы мәселелерді талқылады. Шаруалар талап-тілектерін ортаға салып, мемлекеттік субсидия мен жеңілдетілген несие беру, мақта өсіріп, оны терең өңдеуге мемлекет тарапынан қолдау көрсету, ауыл шаруашылығын саласын дамытуға нақты қадамдар жасау мәселелерін ортаға салды.

Түркістан өңірінде 70 мыңға жуық фермер жұмыс істейді. 2022 жылы 362 мың тонна мақта жиналды, биыл 300 мың тоннаға жуық мақта жиналады деп күтіліп отыр. Өңірде жаппай егін жинау науқаны басталды. Бұл сала соңғы жылдары жағымсыз сыртқы факторлардың қысымына ұшырауда. Экспортқа мақта жеткізудің бұрынғы логистикалық тізбегі бұзылды, мақта сапасының төмендігінен шетелдік трейдерлер тарапынан қазақстандық шикізатқа сұраныс азайған. Биржадағы шикізаттың бағасы төмен.

Кездесуде өңірде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, мақта талшығының бағасы халықаралық Ливерпуль мақта биржа индексіне тікелей тәуелді екендігі, мақта кластерін дамыту үшін Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарында тоқыма тігін фабрикаларын ашу керектігі айтылды.

Осыған орай облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен мақта-тоқыма кластерін салу жобасы әзірленді. Ол толық іске асырылған жағдайда өңірде 75 зауыт, кәсіпорын және фабрика салу есебінен 9 мақта тоқыма кластері құрылады. Нәтижесінде 40 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке жыл сайынғы түсімдердің көлемі 26,2 млрд. теңгеден аспақ. Жобаны толық іске асыру үшін инвестициялық субсидиялар қажет. Осы орайда Өзбекстанмен екіжақты ынтымақтастықты дамыту шеңберінде «Global Textile» компаниясымен тоқыма кластерін құру жөніндегі бірлескен жоба іске асырылуда. Компания облыста тоқыма бұйымдарын өндіруді жолға қоюға ниетті.

Мақта саласын тоқыма және тігін өнеркәсібімен толыққанды дамыту үшін жергілікті тұқым шаруашылығын дамытуға күш салынған. Жергілікті тұқым шаруашылықтары мақта өсірушілердің қажеттіліктерінің тек 55 пайызын қамтамасыз етеді. Тауар өндірушілерді жергілікті өндірістің тұқымымен толық қамтамасыз ету үшін облыс аумағында орналасқан аграрлық саланың ғылыми мекемелерін әкімдіктің басқаруына беру ұсынылады.

Мақта шаруашылығы саласының проблемалық мәселелері барлық мүдделі тараптардың қатысуымен түрлі диалог алаңдарында бірнеше рет талқыланды. Негізгі субсидиялардан басқа (минералды тыңайтқыштар, гербицидтер, тұқымдар, жеңілдетілген несиелік ресурстар және т.б.) саланы қолдау үшін шаралар қабылдануда. Түркияның мақта тұқымын өндіруші ірі компанияларымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 1 мың тонна элиталық тұқым жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. «Наманган – 77» тұқымдық шиті сынама ретінде егілді. Алайда фермерлер жаңа тұқымын ауыстыруға асықпай отыр.

Шаруалармен кездесуге келген «Global Textile» компаниясының өкілі зертхана нәтиежесімен бөлісті. «Наманган» мақтасы еуропалық сынамалардан өткен және барлық талаптарға сай. Сапа артпай, сұраныс өспейді. Сондықтан болашақта мемлекет қызметі белгіленген стандарттарға сәйкес келетін фермерлік шаруашылықтарға ғана қолдау көрсетеді.

– Мақта өсіретін жалғыз өңір болғандықтан, Түркістан облысында мақта кластерін дамытуға күш салынып отыр. Біз үшін бұл бағытты барынша дамыту, халықаралық нарыққа шығу маңызды. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына мүмкіндік беру үлкен маңызға ие, – деді Дархан Сатыбалды.

Іссапар барысында облыс әкімі мақта өңдеу зауыттарында болды. Мақтаарал ауылдық округінде орналасқан «Cotton мақта» зауыты жылына 60 мың тонна мақта өңдеп шығарады. Жоба құны – 3 млрд. теңге. Биыл іске қосылған кәсіпорын 20 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Одан кейін Дархан Сатыбалды мақта өңдеу ісімен айналысатын кәсіпорындарда болып, жұмыс барымен танысты. Мақта талшығын қайта өңдеумен айналысатын «Мырзакент»МӨЗ» ЖШС жылына 65 мың тонна мақта өңдеп шығарады. Мұнда 450 адам жұмыс істейді. 17 гектар жерде орналасқан зауыт 2014 жылы іске қосылған.

Іссапар барысында облыс әкіміне «Мадина» кәсіпорнының жұмысы таныстырылды. Онда киіз үй, ұлттық киімдер және қолөнер бұйымдары шығарылады. Жылына 25 киіз үй тігетін өндіріс орны 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өнімдерін Қазақстанның барлық өңірлеріне жібереді.

Өңір басшысы Достық ауылдық округінде орналасқан «Светлана» шаруа қожалығында да болды. Қожалық 60,5 гектар жерге мақтаның 4 сортын, 3 гектарға бақша өнімдері және 7 гектар жерге жоңышқа екен. Қажетті техникалармен қамтамасыз етілген.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin