Түркістан облысы: Мектеп оқушыларының кітап оқуға деген құштарлығын арттыруда «Бабалар мұрасы – ұрпаққа ұлағат» байқауының рөлі зор

Соңғы жылдары Түркістан облысында мектеп оқушыларының кітап оқуға деген құштарлығын арттыру мақсатында жүйелі тірліктер жолға қойыла бастады. Соның бірі — қазақ ауыз әдебиетінің эпостық жырлары мен қисса дастандарын жатқа айтудан жасөспірімдер мен балаларға арналған «Бабалар мұрасы – ұрпаққа ұлағат» атты облыстық байқауы.

Мәселен, биыл Түркістан өңірінің барлық аудан, қаласынан келген дарынды мектеп оқушылары облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында «Алпамыс батыр» жырын жатқа айту бойынша сайысқа түсті. «Алпамыс батыр» жырын жатқа айту бойынша байқауды Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының бас маманы Ербол Назаров ашып беріп, сайыс мақсатына тоқтала кеткені де — есімізде.

– Бүгінгі қазақ халқының сан ғасырлар бойы бастан кешкен тарихын, батырлардың ерлігін, қазақ ауыз әдебиетінің тарихи, эпостық жырларын дәріптеу, балалар мен жасөспірімдердің туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру және ұлттық шығармаларды халық арасында кеңінен насихаттауды мақсат еткен сайыстың маңызы зор, – деген-ді Ербол Еркебайұлы.

27 үміткер қатысқан байқауға Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан және жыршы, термеші Әбдіғаппар Айдаров қазылық етті.

Байқау нәтижесі бойынша Жетісай ауданынан қатысқан Назым Ахмет І орын, Сарыағаш ауданынан Диас Жақынбек және Созақ ауданынан Дамир Керімбек ІІ орын, Сарыағаш ауданынан Валентина Тен, Түлкібас ауданынан Қылышбек Зарина және Түркістан қаласынан қатысқан Ақтоты Ақшалова жүлделі ІІІ орын иегері атанды. Сондай-ақ Жетісай ауданынан Нұрмұрат Нұраят, Қазығұрт ауданынан Сабина Жүнісбек және Сайрам ауданынан Сабина Ниязбек арнайы жүлдемен марапатталды.

Назар аударар жайт, “Алпамыс батыр” — қазақ халқының қаһармандық эпосы. Терең мазмұны, көркемдігі мен тарихи шындықты қамтуы жағынан “Одиссея”, “Манас”, “Калевала”, “Қобыланды батыр”, т.б. жырлар секілді әлемге танымал эпостық жыр. “Алпамыс батырда” халықтың басынан өткен қаһармандық оқиғалар эпикалық әсірелеу заңдылығымен берілген. Жырда талай заманның түсінігі, дүниетанымы, шындығы қат-қабат қорытылып, полистадиялы түрде жинақталған. Мұнда түрік қағандығы дәуіріндегі (5-7-ші ғасырлар) азаттық үшін күрестің сарындарынан бастап, 17-18-ші ғасырлардағы қалмақ шапқыншылығына қарсы қаһармандық ұрыстардың нақтылы елестері де сезіліп отырады.

Зерттеушілер (В.М. Жирмунский т.б.) “Алпамыс батыр” жырында көне дәуірдің салт-санасы, ғұрпы, неғұрлым айқын бейнеленгенін атап өткен. Жыр дәл қазіргідей классикалық бүтіндікке замандар бойында жетілу, толығу арқасында жеткен. Әсіресе, жырдан батырлық ертегілердің жігі айқын байқалуы эпосты ең байырғы туындылардың бірі деп есептеуге мүмкіндік береді. Мысалы: жырда қарт ата-аналардың жаратқаннан перзент тілеп, әулиелерге түнеп, мінәжат етуі, болашақ батырды зарығып көруі; жас қаһарманнның жедел ер жетіп, айрықша қайрат танытып өзі таңдап жүйрік ат мінуі; жау шапқыншылығына ұшыраған елінің кегін қайтарып, туған елін бақытқа кенелтуі; өзіне өмірсерік болатын сұлу жар таңдап бақытты өмір кешуі секілді ежелгі батырлық ертегілерге тән тұрақты сарындар жырда мейлінше анық және толық көрсетіледі. Алпамыс жау зынданында жатқан кезінде оның қалыңдығы Гүлбаршынды Ұлтақұлдың зорлықпен алуға ұмтылуы, батырдың өз әйелі “тойының” үстінен шығуы бұл эпосты ертедегі гректің “Одиссеясымен” үндестіреді.

 “Алпамыс батыр” жырының халықтың есінен мәңгілік ұмытылмастай орын алу себебі -тарихи әлеуметтік шындықтың биік көркемдікпен жырлануында. Мұндағы бейнеленетін көріністердің бәрі де — қазақтың көшпелі өміріне тән мейлінше етене жәйттер. Байбөрі мен Байсарының бір-бірімен уәде байласып құдандалы болуы — қадым замандағы нағыз қазақтың шындығы. Құдалардың көкпар үстінде бір-бірімен өкпелесіп, Байсарының жат елге көшіп кетуі, барған жерінде зәбір көруі, ақырында Гүлбаршын сұлуды Алпамыс батырдың іздеп тауып, көп қиыншылық, азапты оқиғалардан соң алып қайтуы — ұзақ жылдарға созылған жаугершілік заманның елестері. Әлбетте, Алпамыс та, Гүлбаршын да мейлінше әсіреленген. Идея, мұрат дәрежесіне көтерілген бейнелер. Батырға тән ерекше қасиеттер: жаудан сескеніп қорықпайтындық, қалың дұшпанға қарсы шабатын, намыс пен арды жоғары қоя білетіндік, еліне қамқорлық Алпамыстың басынан табылса, әйел атаулының ең ұнамды сипаттары болып табылатын ақылдылық, мінезділік, опалылық сынды белгілер Гүлбаршынға тән болып көрінеді. Бұндай бейнелер халықтың ең ізгі адамдар туралы ұғымына, арманына сәйкес келеді. Эпостың қай заманда да халық көңіліне дөп келетін қасиеттері мұнда болғанды ғана емес, болуы мүмкіннің де жинақталып берілуінде. Алпамыстың отқа салса күймейтін, оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін болып көрінуі халықтың ешқашан жойылмайтын, жаңсылықтан үмітін үзбейтін дәл осындай ел перзенті болса дейтін аңсарынан туған.

Батырдың туған жері жайлы да нақты мәлімет жоқ. Деректерде Алпамыстың қазіргі Жиделі-Байсын аймағында ғұмыр кешкені айтылады. «Алпамыс батыр» жырында да осы жерлер туралы мәлімет бар. Енді бір қызығы, Қызылорда облысының Шиелі өңірінде Жиделі және Байсын деген жер-су атаулары бар екен. Тарихшыларымыз Алпамыс батыр осы аймақта өмір сүруі мүмкін деген деректер келтіріп жүр. Алайда, бұл нақты мәлімет емес, болжам ғана.

“Алпамыс батыр” жыры ел арасында замандар бойында айтылып келгенімен баспа жүзін алғаш рет 1899 жылы (“Қисса И-Алпамыш”, Қазан) көрген. Қазан төңкерісіне дейін бұл жыр 7 рет қайталанып басылып шыққан. Жырдың ел арасындағы түрлі нұсқаларын іздеп тауып, хатқа түсіріп орысша мазмұнда бастырған — атақты фолькоршы Ә.Диваев. Ол бұл жырдың бір нұсқасын қарақалпақ бахшысы Жиемұрат Бермухамедовтан, тағы бірер нұсқасын Шымкент оязының тұрғыны Е.Ақылбековтің қолжазбасынан алған. Кеңес жылдарында өзге де батырлық жырларымен қатар “Алпамыс батыр” сан рет қайта басылды. Оның тарихи, көркемдік мәні мен орны туралы М.Әуезов, С.Сейфуллин, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, Н.Смирнова, Т.Сыдықов сынды зерттеушілер арнаулы еңбектер жазды. Бұл қатарда орыс ғалымы Жирмунскидің түрік батырлық эпосы туралы монографиясын айрықша атап өтуге болады. “Алпамыс батыр” жырының дүние жүзіне мәлім болуына осы аталған еңбектің пайдасы зор болды.

Ғалымдар тарапынан «Алпамыс батырдың» түп негіздерінің пайда болғанына 1200-1300 жыл толды деген тұжырымдаулар айтылады. Жырдың үлкен, көркем поэзиялық нұсқалары туысқан қарақалпақ, өзбек халықтарында да кездеседі. Бұл көрсетілгендер “Алпамыс батыр” жырының көптеген түрік халықтарының бастан кешкен тағдыр-талайын еске салатын жалпы түріктік қасиетінің молдығын аңғартады. “Алпамыс батыр” жырының халық арасында айрықша қастерленуі оның түрлі нұсқасы көп болуына ықпал етті. Қазан төңкерісіне дейін бұл жырды Қазақстанның барша облысында айтып келгені белгілі. Сол нұсқаларда жырдың соны қырлары кездесіп отырады. Әсіресе, “Алпамыс батыр” жыры Оңтүстік Қазақстан уәләятында мол таралғаны атап көрсетерлік. Бұл өлкеде осы жырдың түрлі нұсқаларын айтқан С.Аққожаев, Ә.Байтұрсынов, Е.Керімбетов, А.Нысанов, Ж.Жақыпов тәрізді ақын-жыршылар өмір кешкен. Әсіресе, Сұлтанбек Аққожаевтың жазып алған нұсқасы “Алпамыс батыр” жырлардың ішіндегі ең толық әрі көркем түрі болып табылады. “Алпамыс батыр” күйтабаққа жазылған. Ауыз әдебиеті шығармаларының қымбат қасиетінің бірі — жаңа жазба туындылар жасауға негіз болатындығында. “Алпамыс батыр” жырының оқиғалық, құрылыстық және көркемдік ерекшеліктері бірталай авторларды жаңа туындылар жасауға ұмтылдырған. Мысалы: Өзбекстан мен Қарақалпақстан қаламгерлері осы жыр негізінде пьеса жазды. Ал қазақ композиторы Е.Рахмадиевтің “Алпамыс” операсы құндылықтарымыздың қатарына қосылды.

Айта кетейік, Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы мен Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен байқау сәуір айында да жалғасады деп жоспарланған. Эпостық жырлар мен қисса дастандарды жатқа айтудан жасөспірімдер мен балаларға арналған сайыстың келесі тақырыптары «Мұңлық Зарлық» және «Ер Тарғын» жыры болмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin