Түркістан облысы: Ордабасы ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіп бастауға ниетті азаматтардың 60 жобасына 326 миллион теңге несие берілді

 «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіп, оларды кәсіпке бейімдеу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының тапырмасымен жүзеге асып жатқан жаңа жобаның мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

Жалпы, Түркістан облысы тұрғындарының 80 пайызы ауылдық елді мекендерде тұрады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Биыл облыста «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. Жаңа жоба өңір үшін өте маңызды. Өйткені «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Бағдарлама аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіп, оларды кәсіпке бейімдеу жоспарланған.

Жеке кәсіппен айналысып, кооператив құрамын» дегендерге 2,5 пайыздық көрсеткішпен жеңілдетілген несие беріледі. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын алуға лизинг беру қарастырылған. Кооперативтер үшін инвестициялық субсидиялар бөлу тағы бар.

Айта кетейік, бұған дейін «Ауыл аманаты» жобасы пилоттық режимде Жамбыл облысында алғаш жүргізіліп, оң нәтиже берген-ді. Жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайған. Ауыл шаруашығы мен егін шаруашылығын дамытып, оларды өңдеу, жеткізу, сату барлығын жүргізіп отырған кәсіпкерлердің саны артты.

Ордабасы ауданынан бұл жобаға Бадам, Шұбар, Бөржар, Қараспан ауылдық округтері қосылып отыр. Ауданның басым бағыты — мал шаруашылығында, 118 жоба бойынша құжаттары мақұлданып, 60 жобаға 326 миллион теңге несие берілді.

Сонымен қатар Ордабасы ауданында сирек кездесетін ағаш егумен айналысатын кәсіпкер де бар. Айталық, 100 гектар жерге павловния ағашы отырғызылған «БалКәусар» шаруа қожалығы. Негізінен Шығыс Азияның тропиктік аймағында өсірілетін ағаштың ерекшелігі — жапырағы шипалы, діңі жиһаз бен музыкалық аспаптар дайындауға таптырмас шикізат.

«Ауыл аманаты» демекші, жуырда аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен аудан активінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Күн тәртібінде «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуы, жергілікті бюджет түсімдерін ұлғайту, қосымша кіріс көздерін анықтау туралы атқарылған жұмыстар баяндалды.

Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасының ауданымызда орындалуы бойынша аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұл есеп берді.

Аудан әкімі Бадам, Шұбар ауылында қолға алынған жобаға қызығушылық танытқан тұрғындардың қатары көп болғанмен, ауыл-аймақта осы бағыттағы көрсеткіштің әліде төмен екендігіне тоқталып, ұйымадастыру жұмыстарын тиісті деңгейде атқара алмаған ауыл әкімдеріне ескерту жасады.

Аудан әкімінің орынбасары Олжас Болатханұлы бюджет түсімдері мен кіріс көздерін арттыру жөнінде аудан көлемінде атқарылған жұмыстар жөнінде айтып өтті.

Өз кезегінде Азат Әбдіғалиұлы аудан экономикасының маңызды көрсеткіштерінің бірі – салық түсімдерінің, оның ішінде жеке табыс (жер, көлік, мүлік) салығының орындалуын ауыл әкімдері қатаң қадағалауға алып, толық қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар жыл басынан бері аймақта тіркелген бірқатар кәсіпорындарды ауданға қайта тіркеп, салықты аудан қазынасына түсіру бойынша да статистиканың төмендігін тілге тиек еткен аудан басшысы салаға жауапты әкім орынбасарына аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесе отырып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тілге тиек етті.

Аудан активінде аудандық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Берік Алтынбеков жерді тиімді пайдалану жөнінде баяндама жасап, игерілмей жатқан жерлерді аудан қорына қайтару, ортақ жайылым бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.

Айта кету керек, облыста өндіріс саласын дамыту мәселесі — ұдайы облыс басшылығының назарында. Осы тұрғыдан алғанда Ордабасы ауданының Шұбарсу ауылы сұранып-ақ тұр. Тіпті Дархан Сатыбалдының «Шұбарсудың өз бренді болу керек. Дәл осы саланы дамытуды ұсынамын. Кәсіпкерлерді тартып, зауыт, фабрика, цехтар ашуға күш салу керек. Еңбекқор халқымыз кез келген салада нәтижелі жұмыс көрсететініне сенімдімін» деген сөзі әлі ұмытыла қойған жоқ.

Ордабасы ауданында облыс басшысының тікелей тапсырмасымен бірқатар игі істер атқарылып келеді. Шұбарсуда кәсіпкер өз қаражатына 2000 орындық мектеп салуда. Заманауи талаптарға сай білім ұясында балалар үшін барлық жағдай жасалмақ. Мектепте екі ауысымда 4 мыңға жуық оқушының білім алуына мүмкіндік бар. Құрылысты сапалы жүргізу үшін ауылдан 6 цех ашылған. Онда мектептің жиһаздары, терезе және құрылыс материалдары жасап шығарылады.

Темірлан елді мекенінде жеке кәсіпкер есебінен 70 гектар жерде 22 тұрғын үй салына бастады. 22 үй «Отбасы банк» арқылы беріледі. 50% банктен, 50% бюджеттен 0,1% қайтарымды негізде қаржыландырылады. Бұл баспана мәселесін шешудің тиімді жолы болмақ.

Ордабасы ауданында жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 27 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған индустриялды аймақ құрылған. Индустриялды аймақта 1 млрд. теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба, алюминий профилін өндіру цехы мен «Александровский сад» – көкөністерді өңдеу цехы іске қосылған.

Қазіргі уақытта қосымша газоблок және металл конструкцияларын жасайтын екі цехтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар іске асырылғанда ауданға 1,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, құрылған жұмыс орындарының саны 150-ден асады.

Өндіріс хақында сөз қозғағанда, «Бірыңғай Индустрияландыру картасы» аясында іске қосылған «KARLSKRONA LC AB» машина жасау зауыты туралы да айтпай өтуге болмас. Жоба құны 1,7 млрд. теңгені құрайтын Бадам ауылдық округіндегі кәсіпорында гидравликалық және пневматикалық жабдықтары, шойын, болат және құрылыс металл шығарылады. Болат құю өнімдерін, стандартты емес және электр жабдықтарын өндіруге арналған машина жасау зауыты жылына 5000 тонна өнімді ішкі нарыққа өткізеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin