Түркістан облысы: Ордабасы ауданының Шұбар ауылында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік мол

Бұл туралы аудан әкімі Азат Оралбаев Шұбар ауылдық округінің тұрғындарымен есепті кездесуде айтып өтті. Аудан басшысы халықпен кездесуде аудан, ауылдарда атқарылған жұмыстармен қатар өзекті мәселелерді де халық назарына ұсынды.

Әсіресе, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «АУЫЛ АМАНАТЫ» жобасына басымдық берген Азат Әбдіғалиұлы аталған бағдарлама аясында Шұбар ауылында мал, өсімдік, құс, балық шаруашылығы мен тұрғындардың өз кәсібін жаңғырту бағытындағы 26 жобаға 49 құжат мақұлданғанын тілге тиек етті. Әрі шаруаға жайлы ауыл үшін мемлекеттік қолдаудың мүмкіндігін пайдаланушылардың қатары әліде аз екендігіне тоқталып, ауылдастарды кәсіп бастауға шақырды.

Аудан әкімі есепті кездесуде ауылға ауыз су, электр желілерін тарту, көгілдір отынмен қамту, асфальт төсеу, ортақ жайылым көлемін ұлғайту бойынша атқарылған және алда атқарылатын жобаларға тоқталып өтті.

Тарқатып айтар болсақ, Жаңатұрмыс аумағына «Таза су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны арқылы ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, шілде айында пайдалануға берілсе, газ жүйесінің құрылыстары Шұбар, Тоқсансай, Береке, Сарытоғай елді мекендерінде жалғасын табуда.

Шұбар ауыл округіндегі Шұбар, Береке, Тоқсансай, Сарытоғай, Жусансай және Аққойлы елді мекендері толық электр энергиясымен қамтылған. Мұнан бөлек, келер жылы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында Шұбар ауыл округіндегі 1,7 шақырым электр желілері жаңартылатын болады.

Қазіргі таңда Жусансай ауылын табиғи газбен қамту құрылысы сараптамадан өтіп, Аққойлы елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттама әзірленсе, Аққойлы, жусансай елді мекендерінде фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, жуық арада ел игілігіне берілмекші.

Шаруалар үшін өзекті мәселенің бірі — ағын су бойынша қолға алынған жобалар жеткілікті. Соның ішінде Балпан каналына №25 көлден су шығару мақсатында сметалық құжаттама әзірленіп, мердігер мекеме анықталуда. Осы жылдың қазан-қараша айларында Шұбар-қайшылы және Қозыке каналдарын механикалық тазалаудан өткізу жоспарлануда.

Ауылдастар жиі көтеретін ортақ жайылым мәселесі бойынша салалық бөлім тарапынан жыл соңына дейін 840 гектар жер ортақ меншікке қайтарылу көзделуде.

Шұбар ауылындағы бірнеше көшеге орташа жөндеу жүргізілсе, жарық шамдарын орнату бойынша да құжаттар әзірленуде.

Аудан басшысы есепті кездесуден соң ауыл тұрғындарының сауалдарына жауап беріп, мәселелерді зерттеп-зерделеп, кезең-кезеңімен бірлесіп шешуге жұмыс істейтінін жеткізді.

Тұрғындардың өтініші бойынша аудан әкімі бірқатар құрылыс нысандарының алаңын аралап, ондағы кемшіліктерді тез арада ретке келтіруді тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin