Түркістан облысы: Отырар ауданында статистика саласының қызметкерлері марапатталды

Елдің экономикалық деңгейін, әлеуметтік дамуын сараптап, халықтың тұрмыс-тіршілігін айқындау жолында статистика саласының атқаратын рөлі зор. Ал, бұл қызметте елеулі еңбек ететін мамандардың табандылығын айтпасқа тағы болмас.

Статистикалық органның негізгі міндеттерінің бірі – барлық пайдаланушыларды толық, шынайы және жедел статистикалық ақпаратпен қамту болып табылады.

Елімізде жыл сайын 8 қарашада Қазақстан Республикасының статистика саласының мамандары кәсіби мерекелерін атап өтеді. Осыған орай аудан әкімінің орынбасары Ержан Оралбай аудандық статистика басқармасының қызметкерлерін қабылдап, осы салада елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлерді «Алғыс хаттармен» марапаттады.

Еске салайық, еліміздегі атаулы датаның тарихы 1920 жылғы 8 қарашадан бас­талады. Қазақ АКСР үкіме­ті Қазақстандағы бі­рыңғай ор­та­лық­танған статис­тика жүйесінің бастауы болған «ҚазАКСР-дегі мемс­татис­тика туралы ережені» қабыл­­да­ғандықтан, осы күн еліміз­д­ің ста­тистика саласы үшін тари­хи дата ретінде белгіленіп, кә­сіби мерекелердің қатарына енген. 

Жалпы алғанда, статистика Үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Себебі кез келген аймақтық, ұлттық және әлемдік деңгейдегі статистика сая­си жә­не бизнес шешім қабылдауда ма­ңызды рөл атқарады. Соны­мен қатар мемлекеттің әлеумет­тік-экономикалық даму стратегиясын бел­гілеуде де аталған саланың рөлі зор. Әсіресе мемлекеттік басқару органдарының, халықаралық ұйымдардың, қоғамдық және ғылыми ұйымдардың, халық­ты еңбекпен қамту және жұмыс­сыздық, кедейшілік, баға, халық­тың әл-ауқаты, инвестиция, төлем балансы, сыртқы экономика және тағы басқалар жөнінде сапалы және жедел статистикалық ақ­па­раттардың мем­лекеттік статистика жүйесінде өзіндік орны бар. 

Мемлекет статистикалық мәлімет­тер бойынша түрлі салалар мен ведомство­лардың жұ­мысын бақылап отыру­ға мүмкін­дік алады. Сол арқылы бюд­жет бөлінісін де реттейді. Мем­лекеттен басқа статистика­лық қызмет жұмысына халық­аралық ұйымдар мен бизнес-құрылымдар жүгінеді. Сон­дықтан да статистердің жұ­мы­сы нақтылықты, талдаудың дұ­рыстығын талап етеді. 

Статистика қажетті мәлімет­термен қамтамасыз етеді. Де­ген­мен ол белгілі бір көрсет­кіш­­тер­дің айнасы болып қана қоймай, шешім шығару үшін де ма­ңызды рөл атқарады. Сондық­тан статис­тика ғылымы әлеуметтік-эко­номикалық құ­бы­­лыстарды талдауды өзін­дік әдіс-тәсілдер, ережелер жиынтығы ар­қылы жасайды. Тіпті оны басқа да ғы­лым­дар өз зерттеулерінде, тәжі­ри­бе­сінде қолданатынын ескер­­сек, статистиканың біздің өмі­ріміз­де алар орны зор екенін бай­қай­мыз.

Жүз екі жыл ішінде Қа­зақ­станның статистика жүйесі халықаралық талаптарға сай өзгерді. Бүгінгі таңда еліміздің бұл саласында заң жүйесі, на­рықтық экономика елдеріне сай статистика салалары, статистикалық әдістемелері бар. Сонымен қатар статистика жасау үшін қажетті заманауи технологияларды енгізу жұмыстары да сәтті жүзеге асырылып жатыр. 

Мемлекеттік статистика – статис­тикалық ақпаратты жинау мен өңдеудің орталықтандырған жүйесі. Қазақстанның қазіргі статистика жүйесінде Статистика жөніндегі агенттік осы сала­дағы мемлекеттік саясатты қа­лып­тастырып, іске асырушы өкі­лет­ті орган саналады және елдегі бүкіл статистикалық қыз­метті ұйым­дастырып, үйлестіріп, ба­ғыт­тап отырады. 

Қазақстанда мемлекеттік статистика органдарының жұмысын «Мемлекеттік статистика тура­лы» заң реттейді. Бүгінгі таңда ста­­тистикалық қызметтің дамуы Ұлт­тық экономика министр­лігінің стра­тегиялық жоспарына сай жү­зеге асырылады. Бұл жос­парды жү­зеге асыру үшін жыл сайын әрбір мемлекеттік орган нақ­ты әре­кеттер белгілеп, опера­циялық жос­пар құрады. 

Республикамыздың статисти­ка ор­гандары экономика, әлеу­меттік және демографиялық инди­катор, ауыл шаруа­шылығы мен халық тұрмысы секілді түрлі са­ла­лар бойынша халықаралық талап­тарға сай объективті және толық мәлімет бере алады. 

Бір айта кетерлігі, 2003 жы­лы Еу­ро­стат Қазақстанның статис­тикалық жүйесіне алғаш рет жан-жақты талдау жасап, баға берді. Халықаралық ұйымның ұсынысы Қазақстандағы статистика жү­йесін дамыту және жетілдіруге ар­налған бағдарламаларды жасау барысында да ескеріліп отырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.