Түркістан облысы: Отырар ауданында тәулігіне 2 тоннаға жуық тары өңделеді

Бүгін Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов Балтакөл және Маяқұм ауыл округтерінде болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Алдымен Балтакөл ауылындағы «Досжан ата» тары өңдеу цехының жұмысымен танысқан аудан басшысы ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзіне айналған кәсіпті дамыту жайын талқылады.

Ауылдағы тары өңдеу кәсібінің қыр-сырын меңгерген Ерасыл Жүребек үй жағдайында тары өңдеп, нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп келеді. Тәулігіне 2 тоннаға жуық тары өңдейтін кәсіпкерлік нысанда жергілікті 10 азамат жұмыс істейді. Кәсіпкер өз кәсібін жандандыру үшін «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Ырыс» МҚҰ-нан 20 миллион теңге қаржы алып, цех ғимаратын одан әрі кеңейтіп, өндіріс көлемін арттыруды көздеп отыр. Бұдан бөлек, тарыдан қалдықтарын құрама жем ретінде пайдаланып, мал бордақылауды жандандыру үстінде.

Жас та болса алдына мақсат қойып, табысқа жетіп отырған жас кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеген аудан әкімі кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Аралау барысында ауылдағы өзге де тары өңдеумен айналысатын кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, Сұлтан Бекетов, Жексенбек Досжановтардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Сондай-ақ үйіргелік жерден мол өнім алып, жинаған өнімдерін жергілікті азаматтар мен Түркістан нарығына шығарып табыс тауып отырған азаматтың бірі — балтакөлдік Әлібек Алтаев. Ол 50 соттық үйіргелік жеріне қияр егіп, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Үй ауласына құдық қазып, тамшылатып суару әдісін қолданған диқан өнім жинау барысында ауыл азаматтарын жұмысқа тартуда.

Мұнан бөлек «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіп бастаған азаматтар да аз емес. Балтакөлдік ағайынның еңбекқорлығына сүйсінген аудан басшысы ауыл тұрғындарының өтініштерін тыңдап, өзге де азаматтарды «Ауыл аманаты» жобасы аясында жаңа кәсіп ашуға шақырды. Ауылдың күнделікті тыныс-тіршілігі үшін аса қажетті наубайхана ашу, балық өсіру сынды өзге де кәсіп түрлерін ашу туралы ұсынысын айтып, осы бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескертті.

Одан әрі маяқұмдықтармен кездескен аудан әкімі ауыл азаматтарының туған жерді түлетудегі өнегелі ісіне куә болды. 1977 жылы туылған азаматтар 30 жылдық кездесуі аясында ауыл орталығына биіктігі 30 метр болатын тутұғыр орнатып беріпті. Мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтау мақсатындағы игі іске атсалысқан жандарға алғысын айтқан аудан басшысы ауылдан еліміздің жалауын биікке көтеретін азаматтардың шығуына тілектестігін жеткізді. Маяқұмдықтармен кездесу барысында Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері «Оқсыз қалажұртына» келетін туристерге қолайлы жағдай жасау, ішкі көшелерді жөндеу, жарықтандыру жұмыстарын жүргізу секілді бірқатар мәселелер көтеріліп, жауапты сала басшыларына заң аясында тиісті жұмыстарды атқару жүктелді.

Сапар барысында қос ауыл округіндегі мектеп, балабақша ғимараттарының қысқы жылыту маусымына дайындығын пысықтап, сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin