Түркістан облысы: Сайрам ауданында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 5 жылда 21 мыңнан асты

Түркістан облысының Сайрам ауданында 64 миллиард теңгеге 19 жобаны іске асырып, 614 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 12-сі өңдеу бағытындағы іске асатын жобалар. Биыл 6 айда 6,8 миллиард теңгеге 5 жоба іске қосылып, 155 жұмыс орны ашылды.

Күнбағыс майын шығаратын цех пен газоблок зауыты, алкогольсыз сусындар шығаратын зауыт пен жылыжай құрылысы жүзеге асты. Тағы құны 4 миллиард теңгеге 9 жобаны іске қосу жоспарда тұр. Қалған 5 жобаны іске асыру 2024 жылға жоспарланған. Атап айтқанда, сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын ашып, 2 мың ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салып жатыр. «Nurym Grоup» компаниясы құрама жем өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны 2,5 миллиард теңгені құрайды.

Сайрам ауданының шаруалары мал шаруашылығы өнімдерімен тек облысты емес, еліміздің басқа өңірлерін, шекаралас мемлекеттерді қамтып отыр. Ауыл шаруашылығында жыл басынан 41,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өнім көлемі былтыр 124 миллиард теңгеге жетті. Бұл облыстағы аудандардың арасында ең үлкен көрсеткіш болып табылады.

Биыл 6 айда егін шаруашылығында 1,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. 53 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ауданда 69 гектарда жылыжайлар орналасқан, 625 гектарға тамшылатып суғару жүйесі ендірілген, 529 гектарға қарқынды бау егілген. Жыл басынан бері мал шаруашылығында 40 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, былтырмен салыстырғанда өсім 4,7 пайызды құрады.

Ауданда 1 мыңнан астам мал бордақылау орындарында бір мезгілде 42 мың бас мал бордақылануда. Тәулігіне 3 мыңға жуық мал сойылады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей тапсырмасымен Қарабұлақ ауылында орналасқан мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекеттерінің жұмыстары тексерілді. Құрылған жұмысшы топ малдың қаны мен сүйегін ретсіз тастаудың жолын кесті. Нәтижесінде 11 мал сою орнының санитарлық талаптарды сақтамаған үшуі жабылды, қалған 8 бекеттің басшыларына мал сою алаңдарын ретке келтіруге 1 ай уақыт берілді.

— Шілде айында Қарабұлақ ауылында жергілікті кәсіпкерлермен кездестім. Мал сою орындарының жұмысын ретке келтіруді, мал қалдықтарын өңдейтін зауыт салуды ұсынған болатынмын. Сайрам ауданының кәсіпкерлерін кейін Түркістанда қабылдап, олардың ұсыныс пікірлерін тыңдадым. Мысалы, 25 гектар жерге мал бордақылау кешені, мал сою алаңы, етті терең өңдейтін цех құрылысы мен қанды өңдеу кәсіпорынның құрылысы басталады. «Nurym Group» компаниясы жобаны іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдауда. Жобаның құны 3,6 миллиард теңге. 70 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сондай жобалардың бірі, жеке кәсіпкер, Убаев Жахангир жылына 2 мың тонна қалдықтарды өңдеуге мүмкіндігі бар жобаны іске асыруды қолға алып отыр (құны 1 миллиард теңге). Яғни, ауыл шаруашылығы жануарларын сою кезінде қалған қосалқы өнімдерін қайта өңдеуден өткізеді (сүйек, қан, ішек қарын). Осындай жобаларды іске асыратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, жаңа бизнесті ашуға көмектесетін боламыз. Жалпы, жергілікті әкімдерге қоятын басты талаптардың бірі – жаңа кәсіпорындарды ашып, жұмыс орындарын құру, — деген-ді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға инвестиция тартып, 2025 жылға дейін өнім көлемін 1,5 есеге арттыру жоспарланып отыр.

Биыл жыл басынан бергі облыс әкімінің есептік кездесуінде көтерілген мәселелердің бірқатары шешімін тапты. Кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру үшін қосымша уақыт талап етеді. Тұрғындардың ұсыныс-тілектерінің ішінде ауылдардағы ішкі көшелерге асфальт төселді. Жол белгілері орнатылды. Қарасу ауылындағы Жаңақұрылыс аумағына инфрақұрылым жүргізуге биыл бюджеттен 965 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Жібек жолы ауылындағы су жүйесін күрделі жөндеуге биыл 100 млн.теңге қаржы бөлінді. Электр тапшылығын шешу үшін Ақсукент ауылынан Қосалқы станциясының құрылысын қаржыландыру мәселесін шешу үшін министрліктермен тиісті жұмыстар атқарылуда. Қарабұлақ ауылындағы ауыз су жүйесінің құрылысына (9,3 миллиард теңге) жобалық құжаттама дайындалды. «Қарасу-Қызылту-Сайрам» жолын жөндеуге (1,2 миллиард теңге) жобалау сметалық құжаттама дайындалып, республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды. Сиқым ауылындағы мектепті күрделі жөндеуге жобалық құжаттама дайындалуда.

Сайрам ауданында ішкі өнім көлемі былтыр 242 миллиард теңгеге жетсе, биыл 6 айда 89 миллиард теңгені құрады. Былтыр 15 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, соңғы 5 жылда 5 миллиард теңгеге өскен. Биыл 6 айда құрылыс көлемі 6,5 миллиард теңгені құрады. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 5 жылда 21 мыңнан асты. 29 мың адам жұмыспен қамтылып, 85 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. 2023 жылғы өзіндік кірістер жоспары 10 миллиард теңгені құрады. Былтыр негізгі капиталға 39,5 миллиард теңге инвестиция бағытталса, 6 айда ауданға 22,6 миллиард теңге инвестиция тартылды. Өнеркәсіп саласында жыл басынан 21,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген, оның ішінде 17 миллиард теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.

Ауданда ағын су мәселесі өзекті. Каналдардың су өткізу қабілеттілігін арттыру үшін 105 миллион теңге қаралып, 7 каналды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау сметалық құжаттама әзірленуде (Аламан, Төменгі Аққала, Бауарық, Әсіл, Теспе, Сай, Жоғарғы Аққала). Сондай-ақ Ақбай-Қарасу каналының күрделі жөндеуіне биыл 131 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары басталған.

Президент тапсырмасымен облыста бастау алған «Ауыл аманаты» жобасымен мал шаруашылығында 89 жоба бойынша құжаттары мақұлданған.

Биыл 2 мектептің құрылысы жүруде. Қарамұрт ауылындағы мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Жекеменшік мектеп салудан облыста Сайрам ауданы көш бастап тұрған. Былтыр 13 жекеменшік мектеп іске қосылса, биыл 7 жекеменшік мектептің іске қосылуы жоспарлануда. Бұл мектептер жаңа оқу жылында оқушылар қабылдайтын болады. «Жайлы мектеп» пилоттык ұлттық жобасы шеңберінде аудан аумағындағы мектептердің мәселесін шешу үшін жаңадан 3 мектептің құрылысы жоспарланып отыр.

Сөздің орайы келгенде Сайрам ауданының кәсіпкерлік саласындағы тыныс-тіршіліктен де хабардар ете кетейік. Сайрам ауданында 2023 жылдың қыркүйек айында жеміс-көкөністі өңдеу зауыт іске қосылады делінген-тін. Өндіріс орнында Түркиядан заманауи құрал-жабдықтар әкелініп, орнатылып жатыр. Зауыт томат пастасы, кетчуп, жеміс шырынын шығарады. Жоба іске қосылғанда 50 жұмыс орны ашылады.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін және көкөніс сақтайтын қойма «Бірлік-4» ЖШС жұмыстары туралы да тілге тиек етсек. Зауыт басшысы қайта өңдеу зауытын кеңейту мақсатында төмен пайызбен ұзақ мерзімге несие, 5 миллиард теңге қаражат алуды жоспарлап отыр. Жоба жүзеге асса, қосымша 500-600 жұмыс орны ашылады.

Зауытта ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын сыйымдылығы 16 мың тонна 5 қойма бар. Аталған зауыт кәсіпкердің жеке және «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында қаржыландырған.

 «АРТ Boilers» компаниясы хақында айтсақ. Түркістан облысы бойынша жоғары технологияларын қолдана отырып, жылыту қазандықтарын өндіретін жалғыз өндіріс орны жылына 400 бірлік қазандық өндіруге қуатты. Жылыту қазандықтары Түркістан облысында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысында сұранысқа ие.

«ART Вoilers» сауда маркасымен газды, сұйық және қатты отынға арналған жылыту қазандықтарын заманауи неміс технологияларын қолдана отырып, шығаруды жолға қойған.

Жалпы, Сайрам ауданы — Түркістан облысындағы ең ірі аудандардың бірі болып саналады. Аудан орталығы — Ақсукент. 1928 жылы құрылған. Жерінің аумағы: 1,1 мың шаршы шақырым (облыстың 0,9%). Тұрғын саны 231,914 мың адам (2023 жылғы статистика).

Ақсу өзенінің бойына орналасқан, жүз жылдан астам тарихы бар барлық автомобиль және темір жолдары осы орталықта түйіседі. Аудан Шымкент қаласының айналасын сақина тәрізді орай қоршап жатыр. Ауданның шығысында Машат өзені, орталығында Ақсу өзені, ал солтүстігінде Арыс өзені ағып өтеді. Аудан жері негізінен оңтүстіктен солтүстікке қарай көлбеу жатқан тауетектік жазық; кей жері төбелі, сайлы-жыралы келеді.

42 елді мекен 11 ауылдық округке біріктірілген.

Ауданда кеңестік дәуірде сүтті-етті мал, биязы жүнді қой, мал азықтық дақыл, астық, көкөніс, жеміс, жүзім, сүт өндіруге мамандандырылған 7 ұжымшар, 5 кеңшар, 1 мал бордақылау бірлестігі, облыстық ауылы шаруашылық тәжірибе станциясы болған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin