Түркістан облысы: Сарыағаш ауданында «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде кәсіпкерлерге 68 жобаға 406 миллион теңге несие берілді

Сарыағаш ауданында «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіп бастауға ниет еткен азаматтардың 114 жобасы бойынша құжаттары мақұлданып, оның 68 жобасына 406 миллион теңге несие берілді.

Алдағы 3 жылда құны 33 миллиард теңгені құрайтын 96 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл ретте жаңадан 2 мың жұмыс орны құрылатын болады. Нәтижесінде бюджетке қосымша 358 миллион теңге салық түседі деген болжам жасалған. Биыл 6 айда 2,9 миллиард теңгеге емдеу-сауықтыру кешені, көкөніс және жеміс-жидектер сақтау қоймасы, мейрамхана, тігін цехы, тауық сою бекеті, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жобалары іске қосылып, 141 жаңа жұмыс орны ашылды.

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерді түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Жолдар жөнделіп, ішкі көшелер жаңартылды. Соңғы үш жылда тұрғындардың сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 67 пайызға жетті. Тағы 5 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде жыл соңына дейін ауыз сумен қамтылу деңгейі 72 пайызға жететін болады. Бұдан бөлек, биыл тағы 4 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстарына қаржысы қаралып (669 миллион теңге), нысандарды келесі жылы пайдалануға беріледі.

Соңғы 3 жылда 13 елді мекен газға қосылып, қазіргі уақытта табиғи газбен 68 елді мекеннің 49-і қамтылған. Қамту көрсеткіші 76 пайызды құрап отыр. Биыл Жонарық елді мекенінің жеткізуші газ құбырының құрылысына аудан бюджетінен 83,4 миллион теңге қаржы қаралды. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Ауданда бірнеше жыл шешімін таппай, құрылысы аяқталмай қалған инфрақұрылым нысандары болған. Атап айтқанда, Береке елді мекеніндегі ауыз су жүйесі, Береке, Құлтума елді мекендерінде газбен жабдықтау жүйесінің құрылысы, Жылға елді мекеніндегі 10 көшені абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары, Сарыағаш қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлерге инженерлік инфрақұрылымдар салу жұмыстарына қажетті 347 миллион теңге толық қаралып, жұмыстар жалғасын тапты. Жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Ауданның бірқатар елді мекендерінде жаңа тұрғын аймақтарын инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Дербісек елді мекенінде 70 гектар жерге электр желілері, ауыз су жүйелері салынуда. Қарабау елді мекенінде 27 гектарға электр желілері, ауыз су жүйелері салыну үстінде. Одан бөлек, меморандумға тұру арқылы демеуші есебінен 6 елді мекенге инженерлік инфрақұрылымды өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

Сарыағаш ауданында желтоқсан айына дейін 3 мектептің құрылысы аяқталады. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында былтыр 9 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 4 мектеп пайдалануға берілсе, 5 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, биыл аяқталады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс бойынша жалпы 63 мектептің құрылысы жоспарланса, оның 10 мектебі Сарыағаш ауданында салынады. Бұл мектептер алдағы екі жылда пайдалануға беріледі.

Денсаулық сақтау саласында ағымдағы жылы бірқатар нысандардың құрылысы жүргізілуде. Жаңатұрмыс, Қарақалпақ, Жонарық елді мекендерінде бір ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы былтыр басталып, биыл аяқталады. Жемісті, Тың елді мекендерінде дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы биыл басталатын болады. Одан бөлек, Қабланбек ауылдық аурухана бөлімшесі ғимаратына 101 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Балаларға арналған оңалту орталығы» ашылып, пайданалуға берілді. Сонымен қатар, 1,6 миллиард теңгеге Сарыағаш аудандық орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл аяқталады.

Биыл Құрама және Жылға елді мекендерінде спорт кешенінің құрылысы басталды (жалпы құны 2,3 миллиард теңге, биыл 550 миллион теңге бөлінді). Мәдениет саласы бойынша Диханбаба ауылынан 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы басталып, ағымдағы жылы пайдалануға берілетін болады. Сондай-ақ Қанағат елді мекенінен 150 орындық мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы басталды. Нысанның құрылысы келесі жылы аяқталады.

«Еңбек» бағыты бойынша 3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды (1 080 тұрақты, 2 055 уақытша). Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 1 316 жұмыс орындары ашылды.

Жалпы, байқағандарыңыздай, Сарыағаш ауданы бойынша барлық салаларда қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Әйтсе де аудан әкімі тоқмейілсімей, өз кезегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін көтеруге бар күш жігерін жұмсауы керек-ақ. Сарыағаш ауданында инвестиция тартып, жаңа кәсіпорындарды ашу үшін барлық мүмкіндіктер бар. Тек аянбай жұмыс істеу қажет.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin