Түркістан облысы: Сауран аудандық мәслихатының бірлескен тұрақты комиссияларының отырысында «Тұран Су» шаруашылық жүргізу құқықығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының шаруа қожалықтарын ағынды сумен қамтамасыз ету жұмыстарының барысы жөнінде айтылды

Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында сегізінші шақырылымдағы аудандық мәслихаттың бірлескен тұрақты комиссияларының отырысы болып өтті. Сессияны Сауран аудандық мәслихатының төрағасы Сержан Байсбаев ашып, жүргізіп отырды.

Сессияға Сауран ауданының әкімінің орынбасарлары Ербол Жанғазиев, аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Сессияның күн тәртібінде 6 мәселе қаралды. Атап айтсақ, Сауран ауданы әкімдігінің құрамына келісім беру туралы аудан әкімі аппаратының басшысы Қуандық Құлажанов, Сауран ауданы әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның дербес құрамын бекіту, Сауран ауданы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту, Сауран ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның дербес құрамын бекіту туралы аудан әкімі аппаратының заң және құқық қорғау органдарымен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Мақсат Бегалы, Сауран ауданында әкімшілік аумақтық құрылысының кейбір мәселелері бойынша аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Жұмабекова, «Тұран Су» шаруашылық жүргізу құқықығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының шаруа қожалықтарын ағынды сумен қамтамасыз ету жұмыстарының барысы туралы аталған кәсіпорын басшысының орынбасары Қыдырбай Үсенбаев хабарлама жасады.

Атап өту керек, Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының облыста су нысандарын басқаруды жетілдіру және дамыту жөнінде берген тапсырмаларына сәйкес, су нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы қаралып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Өзендер мен каналдардың табанын тазалау шаралары бойынша «Тұран су» кәсіпорнының басшысы Досхан Лесов былай дейді: «Биыл ұзындығы 679,6 шақырым болатын 187 каналды тазалау жоспары жүргізіледі. 15 каналға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, 2023-2025 жылдары 106,7 шақырым канал темір бетонмен қапталып, су шығындарын азайтады. 13450 гектар суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету жақсарады. Оның ішінде ағымдағы жылы 32 шақырым каналды бетондау жұмыстарының бүгінгі күні 35% орындалды».
Сонымен қатар төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары бойынша Арыс, Ақсу және Келес өзендеріндегі 20 қауіптілігі бар нысандағы жұмыстардың 4-еуі толық аяқталып, 11-де жұмыстар атқарылуда екен. Бүгінде 11,2 шақырым өзен арнасын түзету және жаға бекіту жұмыстары жүргізіліп, 2 616 габиондық сеткалар орнатылды, 7 497 текше метр қой тасы қаланды. Қалған 5 нысанды реттеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жұмыстар қараша айының екінші онкүндігінде аяқталады. Алдағы уақытта кәсіпорынды перспективалық дамыту жоспарына сәйкес, инвестициялық 4 жобаларды жүзеге асыру көзделуде. «Атап айтқанда, кәсіпорынды техникалық жабдықтау бойынша 2024 жылға 10 экскаватор сатып алуды жоспарлап отырмыз. Суару жүйелеріне арналған параболалық лотоктар шығаратын өндірісін ашу. Тамшылатып суару технологиясына қажетті полиэтилендік құбыр өндірісін ашу. «Бөген» су қоймасына су электр станциясын салу жобасы. Су нысандары құрылыстарына жобалық сметалық құжаттама жасау қызметіне лицензия алуды қарастырудамыз, жаңа 10 жұмыс орны ашылады. Бұл қаржыны 30-40 пайызға үнемдеуге мүмкіндік беретін болады», – дейді «Тұран су» кәсіпорнының басшысы Досхан Лесов.

Биыл шаруаларға 530 миллион текше метрден астам су беріліп, лимиттің 71%-ы босатылды. «Бөген» су қоймасына өткен жылмен салыстырғанда 100 миллион текше метрге жуық немесе 20%-ға су аз келуіне қарамастан, су жеткізу қызметін тиімді ұйымдастыру нәтижесінде суару маусымы қалыпты деңгейде өткізілді. Қазіргі таңда «Бөген» су қоймасында 10,5 миллион текше метр, «Қосқорған» су қоймасында 1 миллион текше метр су бар және Арыс өзенінен келіп жатқан су көлемі 9,5 текше метр/секундына. Арыс магистралды каналы арқылы «Бөген» су қоймасына жіберілуде. Аталмыш мекеме тарапынан суарылатын алқап көлемі 108,6 мың гектарды құрап отыр.
Мемлекет басшысының жаңа тарифтік саясатына көшу тапсырмасына сәйкес, кәсіпорынның 5 жылдық инвестициялық бағдарламасы әзірленіп, жаңа тарифтік смета уәкілетті органмен бекітілді. Нәтижесінде, 1 кезеңде жұмысшылардың жалақысы 30% өседі және 2 канал күрделі жөндеуден өткізіледі. Облыс басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасының нәтижесінде аудандық меншіктегі 12 су қоймалары кәсіпорын теңгеріміне қабылданып, облыстық бюджеттен күтіп ұстау шығындары мен ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы сұралды.

Кәсіпорын меншігіндегі су нысандарына австралиялық «Рубикон» фирмасының программалық қамтамасыз етуімен электронды карта әзірленді. Барлық ақпараттар электронды картада көрсетілген, қажетті мәліметтерді кез келген стационарлық және мобильді құрылғыларда интернет арқылы алуға болады.

Айта кетейік, «Тұран су» мекемесінің негізгі қызметі – мемлекет меншігіндегі су шаруашылығы мен құрылыс нысандарын күтіп ұстау, пайдалану, елді-мекендердің тыныс-тіршілігін ағын сумен қамтамасыз ету. Кәсіпорын 18 су қоймасы, 3 су торабы, 3 магистралды, 107 ішкі шаруа аралық каналдар, 3 өндірістік-техникалық базасы және 81 арнайы техникамен жабдықталған. Бәйдібек, Сауран, Отырар, Ордабасы, Сайрам аудандары мен Арыс, Кентау, және Түркістан қаласындағы 108,6 мың гектар алқапты суаруға қауқарлы.

Бұдан бөлек айта өтер тағы бір жайт, Сауран ауданының Жаңа Иқан ауылдық округінде 1500 гектар жерде суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету үшін Иқан-су өзенінде су қоймасын салу керектігі туралы ауыл тұрғыны Рақметжан Бабаев мәселе көтерген болатын. Жаңа Иқан ауылдық округіне су қоймасын салуға жер рельефі өте қолайлы болуына байланысты, 1500 гектар суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету үшін Иқан-су өзеніне сыйымдылығы 7,277 миллион текше метр су қоймасын салу қажет етеді.

Су қойма орналасатын жерге мемлекеттік акті алынып, 2018 жылы жобалық-сметалық құжаты әзірленген, жоба құны 3373,309 миллион теңгені құраған. 2018 жылы мемлекеттік сараптаманың мерзімі өтуіне байланысты, Сауран ауданы әкімдігінің тарапынан салалық қорытынды және «Иқан-су өзенінде су қоймасын салу» нысанына түсініктеме әзірленіп, 93563,289 мың теңге қаржы қажет ететіндігі көрсетілді және тиісті құжаттар Түркістан облысының құрылыс басқармасына жолданды.

Сонымен, күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin