Түркістан облысы: Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласында ірі 5 инвестициялық жоба іске асады

Сауран ауданында келесі жылы жалпы құны 13 миллиард 847 миллион теңгені құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып, жер телімдері қарастырылып жатыр. Бұл туралы биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша өткен брифингте Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков мәлімдеді.

— Ауыл шаруашылығы – ауданның басым бағыттарының бірі. Жыл басынан бері ауданда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 3 миллиард 727 миллион теңге инвестиция тартылды. Ал, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 300 миллион теңге тартылып, инвестициялар тапсырмасы бүгінгі күнге 168,47 миллион теңге орындалды. Бұдан бөлек, «ЯССЫ AGRO.KZ» ЖШС мекемесі 800 гектар жер көлеміне жеміс-жидек сақтайтын қойма құрылысы, егістік жерге жоңышқа, картоп, сәбіз дақылдарын өсіру және жоңышқадан гранула жасайтын зауыт құрылысын салу мақсатында 4 миллиард 199 миллион теңге бөлу жоспарлануда, — деді аудан әкімі.

Ал, «БНК Агро Kz» ЖШС мекемесі тарапынан 650 гектар жер көлеміне әлеуметтік маңызы бар дақылдарын жаңбырлатып суару әдісін қолдану арқылы өсіру және оны сақтау қойма құрылысын салу жобасы бойынша 1 миллиард 648 миллион теңге бөлінеді.

Сонымен қатар, «Туркестан Агро XXI» ЖШС мекемесінен 600 гектар жер көлеміне жаңбырлатып суару әдісін ендіру жобасы бойынша 1 миллиард 200 миллион теңге, дәл осы мекеме 46 гектар жер көлемі бойынша МТФ-ға 6 миллиард теңге қарастыруда. «Иманқұл ата» ШҚ мекемесі тарапынан 2 гектар жер көлемінде балық шаруашылығына 800 миллион теңге бөліп, кәсіпті дамыту жоспарланған. Жалпы Сауран ауданы бойынша жобалардың құны 13 миллиард 847 миллион теңгені құрайды.

2023 жылға жоспарланған инвестициялық жобалардың бірі — азық-түлік белдеуін ұлғайту бойынша құны 8 миллиард 533 миллион теңгені құрайтын «TURKISTAN FRUIT» ЖШС инвестициялық жобасы. Жоба «Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына» енгізіліп, 2023 жылы ашылуы жоспарланған. Жоба шеңберінде 400 гектар жерге қара өрік егіліп, оны өңдеп шырын шығару және 60 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Орайы келгенде атап өткен жөн, агросектор мәселесі өңір басшысының да үнемі – қырағы назарында. Түнеугүні ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі мәселелерді ашық талқылау мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шаруалармен кездесті. Оларды жеке-жеке тыңдап, ұсыныс-пікірлерін ескерді. Басқосу барысында ағын су жетіспеушілігінен туындайтын проблемалар, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау мен несиелендіру, жер мәселесі, минералды тыңайтқышты уақытылы жеткізу, мақтаның нақты бағасының белгіленуі жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ ветеринария саласына реформа жүргізіп, дербес басқарма ретінде дамытуды ұсынды.

Шаруаларды алаңдатқан мәселелердің ешқайсысы назардан тыс қалған жоқ. Олардың талабын мұқият тыңдаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әрбір мәселеге жіті назар аударатынын жеткізді. Жауаптыларға бірқатар маңызды міндеттер жүктеді. Мақта бағасының белгіленуіне орай ірі зауыт иелерімен келісімге келуге кірісті.

– Ауыл шаруашылығына қажетті ағын су мәселесі шешуде кешенді шаралар қабылданған. Бүгін саладағы қиындықтармен бетпе-бет келіп отырған шаруалардың үніне құлақ түріп, арыз-шағымдарыңыз бен ұсыныс-тілектеріңізді тыңдап, олардың шешу жолдарын қарастыру үшін жиналып отырмыз. Мәселелер белгіленген тәртіп пен заң аясында шешіледі, – деді Дархан Сатыбалды.

Шиттi мақта –тоқыма өнеркәсiбi, май өңдеу, гидролиз, химия және басқа да салалары үшiн қажеттi шикiзат. Еліміз бойынша мақта өсіретін бірден-бір өңір саналатын Түркістан облысында мақта саласы негізінен экспортқа бағытталған. Сондықтан баға саясаты да сыртқы нарықтағы өнімге сұраныс негізінде қалыптасады. Жыл сайын өңірде 70 мың тоннадай мақта талшығы өңделсе, ішкі нарықтағы сұраныс 20 мың тонна. Өңірде өндірілетін мақта талшығының жоғары сұрыптары Түркия, Ресей мен Еуропаға экспортталады. Мақта дақылын өсіру үшін тыңайтқыштарға мемлекет тарапынан субсидия беріледі.

Облыс әкімі оның дер кезінде берілуін қатаң қадағалауды тапсырды. Сонымен бірге, болашақта мақтаны облыс ауамағында өңдейтін өндіріс орындарын ашу жолдарын қарастыруды жүктеді. Басқосуда шаруалардың мәселелерін шешуге атсалысатын арнайы қауымдастық құрып, жер дауларына қатысты комиссия құру жайлы айтылды. Оның құрамына диқандар кіреді.

50-ден астам шаруаны тыңдаған аймақ басшысы әкімдік тарапынан агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған іс-шаралардың кезең-кезеңімен жүргізілетінін қаперге салды. Және сындарлы диалог орнату арқылы ортақ мәселелерді бірлесіп шешетіндігін айтып, аудандардағы халықпен кездесу кездерінде шаруалармен бірге ортақ мәселелерді бірлесіп қарайтынын жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.