Түркістан облысы: Созақ ауданындағы индустриалды аймақта экспорттық нарықтарды игеруге басым бағыт берілген

Созақ ауданындағы индустриалды аймақта — қайнаған тіршілік. Мұнда кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, ауданда отандық өндірісті дамытып, бірлескен инновациялық жобалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы экспорттық нарықтарды игеруге басым бағыт берілген. Мәселен, «UKOS Star металл құрастыру зауыты» ЖШС-ін алайық. Кәсіпорын уран өндірісіне арналған 210 литрлік металл бөшкелерін шығарып, ауданда өндіріліп жатқан уран өндірісіне қажетті құрал-жабдықтарды жергілікті өніммен қамтамасыз етіп келеді. Зауыт жылына 170 000 дана металл бөшке шығарады. Сондай-ақ техникалық майларға арналған ыдыс жасауды қолға алды. Мұнда 35 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.

Аудан кәсіпкерлері ауданның көркеюі мен әл-ауқатының жақсаруы үшін біріге жұмыс істеп келеді.

Негізі кәсіпкерлік саласы – бүгінгі күннің басты талабы. Оны дамытуда мемлекет тарапынан қолдау көп. Еңбектенемін деген жанға мүмкіндік мол. Мемлекет кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау үшін тиімді тәсілдер қолданып жатыр. Атап айтқанда, гранттар, шағын және жеңілдетілген несиелер беріледі. Шағын бизнесін шарықтатып отырған кәсіпкерлер саны біздің өңірде күн санап көбеюде. Бізге орта бизнестің дамуына тың серпін беретін кәсіпкерлердің жаңа толқыны қажет. Облыс пен аудан әкімдігі бизнес-идеяларды қолдауға әрқашан дайын. Жаңа жұмыс көздерінің ашылуы да — қуантарлық жағдай. Лайым осы бағыттан таймағай дейміз.

Тағы бір атап өтер мәселе. Созақ ауданының орталығы, Шолаққорған ауылынан заманауи үлгідегі 200 орындық «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы басталды. Жалпы ауданы 3 гектар болатын спорт кешенінің оқу-жаттығу базасы да барлық заманауи талаптарға сай. Кешенде түрлі облыстық, республикалық және халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге қолайлы жағдай жасалған. Екі қабатты ғимаратта волейбол және баскетбол алаңдары, күрес және аралас жекпе-жек пен боксқа арналған зал, бассейн, футболмен айналысуға арналған ашық спорт алаңы бар.

Заманауи спорт кешенін келесі жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жобаның құны 2 миллиард 65 миллион теңгені құрайды.

Естеріңізде болса, былтыр Созақ ауданының тумасы, Мұрат есімді жаттықтырушы азамат Шолаққорған ауылында спорт сауықтыру кешенін салу жөнінде жергілікті билікке ұсыныс көтерген болатын. Аталған ұсыныстың маңыздылығын ескере отырып, Шолаққорған ауылында спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы бойынша шешім қабылданды. Спорт кешенінде футзал, бокс, күрес залы, 25 метрлік бассейн, сондай-ақ, кешеннің сыртқы аумағында футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, жеңіл атлетика жолы қарастырылған. Бұндай заманауи үлкен спорт кешені Созақ ауданында ғана бой көтеріп жатыр.

Созақтықтардың спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал жасау мақсатында ауданда 200-дей спорттық нысан жұмыс істейді. Соңғы үш жылда 6 балалар ойын алаңшасы, 7 кіші футбол алаңшалары және 6 стрит воркаут алаңшасы салынған. Нәтижесінде, ауданда бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны бүгінгі таңға 26 мың адамнан асып, аудан халқының 41%-ына жетті.

Кәсіпкерліктің дамуына тағы бір мысал. Жуырда Созақ ауылынан ауыл тұрғындарының үлкен қуанышына айналған «Талапты» салтанат сарайы ашылды. Тойлар мен түрлі мерейлі қуаныштарға арналған зәулім кешенді Созақ ауылының тумасы Қойшыбай Махашов пен ұлдары бірлесе өз қаражатына тұрғызып отыр.

Өзі соңғы жылдары ауданымызда кәсіпкерлік нысандардың саны артып келеді. Еңселі, сәнді, жаңа үлгідегі нысандар салынып, зәулім мешіттер тұрғызылып, ел игілігіне берілуде. Бұл нысан тек Созақ ауылына ғана емес, жалпы аудан тұрғындарына қызмет көрсетері сөзсіз. Туған жердің кешенді дамуына айрықша үлес қосып, ауыл халқының қуанышын еселеп отырған барша азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Заманауи үлгіде салынған тойхана іші заман талаптарына сай жабдықталып, санитарлық талаптардың барлығы толықтай сақталған. Үйлену тойы, мерейтойлар мен айтулы шараларды өткізуге арналған үлкен және кіші залы бар. Бір мезетте 600-ге тарта адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Жаңа нысан әсем безендіріліп, соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылған. Сыртын қоршаған сәнді темір шарбақтардың өзі жаңа құрылыстың шырайын аша түскен.

Қазіргі таңда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында Созақ ауылында спорт алаңының құрылысы жүргізілуде. Кешен пайдалануға осы жылдың желтоқсан айында тапсырылады (жоба құны — 483 миллион теңге). Бұдан бөлек, Қаратау ауылында жабық кіші футбол алаңының құрылысы жүргізілуде. Нысан биыл қыркүйек айында тапсырылды (құны: 93,4 миллион теңге).

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin