Түркістан облысы: Созақ ауданында аяқ киім тоқымасымен табыс тауып отырған әйел тұрады

Шолаққорған ауылының тұрғыны, 53 жастағы кәсіпкер Гүлнахар Мамилаева қазақтың сәндік тоқыма қолөнерін қолға алып, сүйікті ісімен айналысып отыр. Алғаш кәсібін балаларға арналған сәнді үлгідегі киімдер мен ойыншықтар тігіп бастаған. Қазіргі таңда қосымша аяқ киімдер тоқып, табыс көзін арттыруды қолға алған. Тапсырысқа орай, үйге арналған тәпішкелер және балалар мен ересектерге арналған түрлі аяқ киімдер, сөмкелер тоқиды.

— Бала жасымнан тоқыма тоқуға құмар болдым. Бұл іс сүйікті кәсібіме айналды. Тоқыманың барлық түрін тоқимын. Білімімді жетілдіріп, соңғы екі жылда аяқ киімнің түрлерін тоқуды табыс көзіне айналдырдым. Ендігі мақсатым — түйе-қой жүндерін өңдеп, заманауи техникаларды игеру арқылы үлкен кәсіп ашу. Үйде отырған қыз-келіншектерге өз білгенімді үйретіп, шәкірт тәрбиелеу ісін де қолға алдым. Қазіргі кезде тоқыма аяқ киімге сұраныстар артуда. Сапасы фабрикадан шыққан өнімдерден артық болмаса, кем түспейді. Халықтың арқасында табыс тауып отырған соң барынша сұранысқа сай үлгеріп, сапасына аса мән беру арқылы көптің көңілінен шығуға тырысамын, — дейді кәсіп иесі.

Айта кетейік, Гүлнахар Мамилаева бұған дейін облыс орталығында қолөнер мәдениетін қалыптастырып, ішкі туризімді дамыту мақсатында ұйымдастырылған өңірлік көрме-байқауына өз өнімдерін бірнеше мәрте ұсынып, шараға жиналған қонақтардың қошеметіне бөленді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin