Түркістан облысы: Созақ ауданында қаржыгер, экономистер арасында шахмат пен дойбыдан аудандық жарыс өтті

Ұлттық валюта — теңгенің айналымға енгеніне 30 жыл толуына және 15 қараша – Қазақстанның қаржы саласы қызметкерлері күніне орай, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен аудандағы бөлім, мекемелердің қаржы саласы мамандары арасында шахмат пен дойбыдан жарыс ұйымдастырылды.

Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімдігі экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ербол Айдарбеков құттықтау сөз сөйледі.

– Алғаш теңгенің айналымға енгені — әлі есімде. Ол кезде қаржы саласында басшылық қызметте едім. Аудан бойынша 1 миллиардтан астам рубль жинап, теңгеге айырбастаған болатынбыз. Сол кезде Ираннан қазақтар елге оралып, ауданға көшіп келген. Олар да төл теңгемізді көріп, қатты қуанды. Шынында, бұл біздің тәуелсіздігімізді нығайтудың бір нышаны еді. Ерекше тарихи оқиға болды», — деді.

Жарысқа ардагер спортшы Жолдасбек Талымұлы бас төрешілік жасады. Шахматтан аудандық жарыста І-ші орын алғаны үшін – Созақ ауданының мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Бекарыс Бақтиярұлы Қожахметов, ІІ-ші орын алғаны үшін – Созақ ауданының білім бөлімінің бас маманы Әділет Жандосұлы Жаңбырбай, ІІІ-ші орын алғаны үшін – Созақ ауданының орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің экономисті Таңшолпан Есенгелдіқызы Тұяқбаева арнайы дипломмен және ақшалай жүлдемен марапатталады.

Сондай-ақ, Ұлттық валюта – теңгенің айналымға енгеніне 30 жыл толуына және 15 қараша – Қазақстанның қаржы саласы қызметкерлері күніне орай өткізілген дойбыдан аудандық жарыста, І орын алғаны үшін – Созақ ауданы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Мағжан Байділдаұлы Жартай, ІІ орын алғаны үшін – Созақ ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мемлекеттік сатып алулар жөніндегі маманы Мұхат Махмұдұлы Балаубеков, ІІІ орын алғаны үшін – Созақ ауданының Жастар Ресурстық Орталығының бухгалтері Кенже Балтабекұлы Абдрахманов арнайы дипломмен және ақшалай жүлдемен марапатталады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы марапаттады.

Сонымен қатар бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қаржы саласының мамандарын қабылдады. Еліміздің өркендеуі жолында қаржы саласы қызметкерлерінің еңбегі зор екендігін айтып, сала мамандарын Ұлттық валюта – Теңге күні және Қазақстан Республикасының қаржы саласының қызметкерлері күнімен құттықтады. Арнайы алғыс хат табыс етіп, құрмет көрсетті.

Сондай-ақ аудан әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ербол Айдарбеков пен Созақ ауданының Қазынашылық басқармасының басшысы Эльвира Яшарқызы құттықтау сөз сөйлеп, қаржыгерлердің еңбектеріне табыс тіледі.

Осы ретте биылғы қуанышты жаңалықты бөлісейік, Қазақстан қаржыгерлерінің ХІ конгресінде Ұлттық банк теңгенің 30 жылдығына орай шығарылған жаңа банкноталар сериясын таныстырды. Ұлттық банктің банкноттар бойынша бас дизайнері Санжар Нұрқасымовтың айтуынша, ол «Сақ стилі» элементтеріне негізделген және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейді.

«Монета бейнеленген дизайнда негізгі голографиялық элемент – теңгенің «₸» белгісі қолданылған. Банкнотаның екі жағында да шексіз қозғалыстың символы – «Мёбиус лентасы» бар», – деді ол.

Банкнотаның алдыңғы бетінде қазақы ою-өрнекпен дәстүрлі стильде безендірілген Қазақстан картасы бейнеленген. Банкнотаның екінші бетінде картадағы Еуразия құрлығының жалпы контуры сызылған. Онда 5 мм магнитті қорғаныш жіп пен «₸» белгісі түріндегі Спарк элементі бар.

«Жыл соңына дейін 5 мың, 10 мың, 2 мың, 1 мың теңге, 2025 жылға қарай 500 және 20 мың теңге шығады. Олардың барлығын сақтың «аң стиліне» негізделген бір ұғым біріктіреді. Тұжырымдаманы әзірлеуге бір жыл кетті. Көптеген нұсқа болды, оларды Ұлттық банк төрағасының қолдауымен мен әзірледім», – деді Санжар Нұрқасымов.

Жаңа банкноталар сериясы дайын болған кезде айналымға енеді. Номиналы 5 000 теңгелік жаңа дизайн үлгісіндегі алғашқы банкноталар осы жылдың соңына дейін қолданысқа шығады. Жаңа 500 теңгелік банкнотта арқар, 1 мың теңгеде – тазы мен алабай тұқымды иттер, 2 мың теңгеде – ақбөкен, 5 мың теңгеде – қыран, 10 мың теңгеде – барыс, 20 мың теңгеде – жылқы бейнеленген.

Нұрқасымовтың айтуынша, бұл купюралар ескі купюроларды толығымен алмастырады. Жаңа дизайндағы банкноталар шығарылғаннан кейін, алдыңғы үлгідегі банкноталар айналымнан біртіндеп алына бастайды.

Халықаралық тәжірибеге сәйкес, банкноталардың дизайны жалған ақша жасауға жол бермеу және оның алдын алу үшін жетілдірілген қорғаныш қабілетін енгізу мақсатында кезең-кезеңімен жаңартылып отырады. Бұл орайда еліміздің мәдени құндылықтары мен тарихын насихаттау маңызды саналады.

Жаңа банкноталар төлемнің барлық түрі бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында номиналды құнына қарай қабылдауға жатады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының барлық банкі арқылы банктік шоттарға аударуға, айырбастауға және ұсақталуға міндетті.

Ұлттық Банк ескі және жаңа үлгідегі банкноталардың айналымда қатар жүру мерзімін 1 жыл деп белгілейді, ол қажет болған жағдайда ұзартылуы мүмкін.

Айналымда қатар жүру мерзімі аяқталған соң, барлық банктер мен «Қазпошта» АҚ ескі үлгідегі банкноталарды жаңа үлгідегі банкноталарға – 3 жыл ішінде, ал Ұлттық Банктің филиалдары – мерзімсіз айырбастай береді.   

Бұған дейін Ұлттық банк номиналы 10 000 теңгелік мерейтойлық банкнотаны айналымға шығатынын хабарлаған. Ол ұлттық валютаның 30 жылдығына орайластырылған.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin