Түркістан облысы: Шардара ауданындағы жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін зауыт өнім қабылдай бастады

Биыл Шардара ауданында құрылысы басталған жүгері өңдеу зауыты шаруалардан жүгері қабылдауды бастады. «Казкрахмал» ЖШС зауыты жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеуге қауқарлы. Жобаның жалпы құны – 31 млрд. теңге. Онда 550 жұмыс орнын ашу көзделген болатын.

​Аудандағы индустриалды аймақта орналасқан ірі өндіріс орнының құрылысы 2 кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда жүгеріні сақтау және кептіру кешенінің құрылысы аяқталды. Екінші кезеңде жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылы толық іске қосылады. 35 гектар аумақта орналасқан зауытта крахмал сірнесі өндірілмек. Бұл дақылдың құрамында 75%-ға дейін қант бар. Сондықтан өнімді өндірістік мақсатта, яғни табиғи қант алмастырғыш ретінде пайдалануға болады. Осы ретте крахмал-сірне зауыты еліміздегі ірі кондитерлік фабрикалар мен сусын шығаратын зауыттарды қажетті өніммен қамтамасыз етеді.

​Зауыт түрлендірілген крахмалдың 20-дан астам түрін: мальтоза және глюкоза балшырындарын, глютен, жүгері майын, ұрық, кебек, түйірленген құрама жем шығаратын болады. Ал сірне крахмалдан алынатын қою шәрбәт тәрізді тәтті өнім. Бұдан бөлек, өндіріс орны крахмал-глюкозалық қант пен тағамдық глюкозаны өндіреді.

​Зауыт өнімдерін Азия және Еуропа елдеріне экспорттамақ. Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарының шаруалары жүгері егудің тиімділігіне толықтай көз жеткізгенге дейін зауытты шикізатпен қамту мақсатында жүгеріні кәсіпкерлер өздері егетін болады.

Естеріңізге сала кетейік, Түркістан өңірі алдағы уақытты мақта өндірумен ғана емес, жүгері өндірісмен де айналысуды бір арнаға қоймақ.

Шардара демекші, Түркістан облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Абишов Шардара ауданына арнайы іссапармен барып, мақта қабылдау пункттері мен зауыттарды аралады.

– Басты мақсатымыз – мақта еккен шаруаларға барынша қолдау көрсету. Әрбір мақта қабылдау пункттеріндегі лабораториялардың дұрыс жұмыс істеуі, тараздардың таза көрсетуі және шаруалардың қаржысын келісім бойынша уақытылы беру мәселелерін қарап шығудамыз. Ала жаздай еңбек еткен диқандардың еңбегі еш кетпесе екен дейміз, – дейді Н.Абишов.

Қазіргі таңда мақта пункттері аванс ретінде қаржы таратып жатқандарын алға тартып отыр. Баға тұрақтаған соң мақта өткізген шаруалармен толықтай есеп айырысамыз дейді мақта қабылдаушы тарап. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай мақта жиын-теріміндегі жағдай бақылауда екендігін жеткізді.

Айта кетсек, Шардара ауданы бойынша 40 мақта қабылдау пункті бар. Биылғы жылы 44 мың тоннадан астам мақта жиналады деп күтіліп отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin