Түркістан шаһарында жиһаз шығару ісі мен балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістандағы бірнеше кәсіпкерлік нысандарында болып, олардың тыныс-тіршілігімен танысты. Кәсіпкерлермен жеке-жеке сөйлесіп, өндіріс көлемін ұлғайту, жұмыс орындарын көбейту, шетелдік нарыққа шығу жөніндегі жоспарларын, өтініштерін тыңдады. Қандай қолдау қажет екенін сұрап, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндірді.

Бүгінде Түркістандағы «ASIA BREND» жиһаз компаниясы жылына 22000 дана жиһаз шығаруға қауқарлы. Жылдық қаржылық айналымы 1,1 милллирд теңгені құрап отыр. Кәсіпорында 150 адам жұмыспен қамтылған. Заманауи үлгідегі технологиялар қолданылатын кәсіпорынның жиһаздарына өз елімізбен қатар көршілес мемлекеттерден де сұраныс бар. Облыс әкімі кәсіпкерге жобаның қуаттылығын арттырып, эскспортқа жұмыс істеу қажеттігін айтты.

Өңір басшысы қаланы аралау барысында өз үйінің іргесінен балық шаруашылығын дамытып отырған «Нұржан» жеке кәсіпкерлігінде де болды. Кәсіпкер Нұржан Елеусізовтің айтуынша, жоба толық қуатымен жүзеге асса, жылына 4-5 тонна балық өндіре алады. Дегенмен шаруашылығын кеңейту үшін мемлекеттік қолдау, қосымша қаржы қажет. Облыс әкімі тұрғынның өтініші бойынша қолдау көрсетілетінін айтты.

– Балық шаруашылығы табысты әрі тиімді. Сондықтан «Ауыл аманаты» жобасына қосылған ауыл округтерінде осы саланы үйретіп, жеңілдетілген несиені берген жөн. Әр отбасы осы кәсіппен айналысып, таыбысын арттырса, жұмыссыздық мәселесі де шешіледі. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдіктері осындай шаруашылықтарға қолдау көрсетуі тиіс, – деді облыс әкімі.

Дархан Сатыбалды осы күні «IDEAL TURKESTAN» ЖШС-нің әлеуетімен танысты. Жиһаз зауытында 50 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде кәсіпорынның өнімдеріне сұраныс бар. Кездесуде кәсіпкерлікке қолдау көрсету, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді қолдану, өндірісті жандандыру бағытында ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Түркістан өңірінің жиһаз шығару саласындағы әлеуетін жоғары бағалаған облыс әкімі бұл бағыттағы жобаларды жетілдіре түсу, экспортты ұлғайту маңызды екенін, осыған қатысты ұсыныстар қаралатынын жеткізді.

Тағы бір атап өтер жайт, Түркістандағы Октябрь Жарылғапов атындағы стадионның күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қаланы кезекті аралау барысында стадионға барып, құрылыс жұмыстарымен де танысты.

2050 жанкүйерге шақталған стадионның құрылысы былтыр басталған. Жоба бойынша стадион толық жаңғыртылмақ. Келісімшарт бойынша аяқталуы мерзімі 2023 жылдың қараша айы. Қазіргі таңда жалпы құрылыс-монтаждау жұмыстары 90%-ға аяқталған. Мердігердің мәлімдеуінше, құрылыс жұмыстары мерзімінен ерте аяқталуы мүмкін. Маңызды спорт нысанының құрылысын сапалы атқаруды тапсырған Дархан Сатыбалды стадион маңында «Шауғар» секторының тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін, пікірлерін тыңдады. Тұрғындар облыс орталығындағы өзгерістерге оң бағаларын беріп, инфрақұрылымды жақсарта түсу жөнінде ұсыныстарын айтты. Өңір басшысы Түркістанды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатынын жеткізді.

– Әкімдік тарапынан Түркістанның инфрақұрылымын жақсарту, асфальт салу және өзге де жұмыстар жалғасады. Өздеріңіз жұмыстарды көріп жүрсіздер. Түркістан бес жылда анағұрлым жаңарды. Туристер саны көбейді. Әрине, біз сіздердің өтініштеріңізді жылдам орындауға мүдделіміз. Бірақ кейде бюджет мүмкіндік бермейді, кейбір жобаларды жүзеге асыруға уақыт керек. Бір анығы, шаһарда жол салу, кәріз жүйесін реттеу, абаттандыру жұмыстары тоқтамайды. Дегенмен, сіздерге де өтінішім бар. Өз үйлеріңіздің сыртын әктеп, сырлап, сәндеп, ағаш егіңіздер. Тазалыққа үлес қоссаңыздар қаламыз одан әрі жайнай түседі. Осыған үлес қосайық, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі одан кейін Төле би мен С.Ерубаев көшелерінің қиылысындағы кептелісті шешу бағытындағы жобаны қадағалады. Түркістан қаласы әкімдігінің тапсырысымен «Techtronic-Stroy» ЖШС жүзеге асыратын жоба арқылы жол қозғалысы реттеліп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалмақ.

Дархан Сатыбалды «Жолаушы» ЖШС-нің ғимаратында болып, жаңартылған автопарк жұмысымен танысты. «Жолаушы» компаниясы ұжымымен кездесуде облыс әкіміне қоғамдық көлік қызметін жақсарта түсу бағытындағы ұсыныстар мен өтініштер айтылды.

1966 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компания қаладағы 22 жолаушылар көлігі бағытының 10-ында қызмет көрсетеді. 200-ден астам автобусы бар. Жобамен күн сайын 30 мыңдай жолаушыны тасымалдайды. 2022 жылы 50 жаңа автобус алынса, компания 2023 жылы 60 автобус алуды жоспарлап, бірқатары сатып алынды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Осы арқылы 2025 жылы барлық бағытты жаңа автобустармен қамтуды көздеп отыр. Автобустар бейнекамералар, салқындату жүйесі орнатылған. Сонымен бірге жолақы төлеу автоматтандырылған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin