Түркістан шаһарында Қазақстан мен Чехия іскерлерінің бизнес-форумы өтті

Түркістан облысына Чехия Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Марек Выборный және Чехия Республикасының ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Павол Шепеляк бастаған бизнес өкілдері ресми сапармен келді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды чехиялық делегация жетекшілерімен кездесіп, екіжақты байланыстарды нығайту мәселесін талқылады. Инвестиция тарту, кәсіпорындар ашу, бизнес саласында байланыстарды тереңдету бойынша келіссөздер жүргізді.

– Сіздерді Түркістан облысында қарсы алып отырғаныма қуаныштымын. Осы кездесуде және бүгін өтетін бизнес-форумда біздің облыс пен Чехия арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамыту бағытында жемісті келіссөздер жүргіземіз деп сенемін. Түркістан – еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Үлкен инвестициялық және туристік әлеуетке ие. Өңірді дамытуға чех компанияларының қатысуын арттыруды жоспарлап отырғанымызды атап өткім келеді. Ол үшін агроөнеркәсіптік кешенде өңіраралық кооперацияны дамытудың жоғары әлеуеті бар. Біздің облыс ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша елімізде көш бастап тұр. Мақта осы өңірде ғана өсіріледі. Осы бағытта әріптестік орнатуға болады. Өңдеу өнеркәсібі саласында бірлескен кәсіпорындар құруға мүмкіндік мол. Облыста индустриялық аймақтар және «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы бар. Онда инвесторларға қолайлы жағдай мен жеңілдіктер жасалады. Туризм, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп саласында инвестиция салуға шақырамын. Біз осы салаларға басымдық беріп отырмыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Чехия Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Марек Выборный жылы қарсы алған өңір басшысына алғысын жеткізді. Түркістанда ұйымдастырылған Қазақстан мен Чехия Республикасы кәсіпкерлерінің бизнес-форумының нәтижелі боларына сенім білдірді.

– Біздің мемлекет пен Қазақстан Республикасы арасында байланыс өте жақсы. Кәсіпкерлік саласында да әріптестік бар. Бүгін Түркістан өңіріне елімізден 40-тан астам компания жетекшілері, бизнес өкілдері келіп отыр. Онымен қоса министрлік пен мемлекеттік мекемелердің де өкілдері осында. Түркістан облысы туралы хабарымыз бар. Оңтүстік аймақта орналасқандықтан мұнда жылыжай, ирригация және ауыл шаруашылығы салаларында әлеует бар екенін білеміз. Ауыл шаруашылығы, оның ішінде қой шаруашылығы, өнеркәсіп, білім мен ғылым салалары бойынша әріптестік орнатуға, қолдау көрсетуге дайынбыз. Бизнес-форумда нақты ұсыныстар талқыланып, байланыс нығаяды деген ойдамын, – деді ол.

Бұдан кейін Түркістан қаласында Қазақстан мен Чехияның мемлекеттік органдары, ұлттық компаниялары мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен Чех-Қазақстан бизнес-форумы өтті. Форумның ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құттықтау сөз сөйлеп, Түркістан өңіріне инвестиция тарту бағытындағы іс-шара жемісті боларына сенім білдірді.

– Құрметті форумға қатысушылар! Чехиялық меймандар! Түркістан облысына арнайы сапармен келіп, екіжақты тығыз ынтымақтастықты дамытуға үлес қосқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Біз сіздердің ауыл шаруашылығында, оның ішінде мал шаруашылығында, ғылыми-техникалық салада тәжірибе алмасу жөніндегі бастамаларыңызды құптаймыз. Өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мүмкіндік мол. Түркістан облысының құрылуы және Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілуі өңірге инвестициялар тартуға серпін берді. Бүгінгі келіссөздерден кейін Чехия мен Түркістан облысы арасында тауар айналымы көлемі артып, жаңа жобалар жүзеге асады деп сенемін. Диалог пен пікір алмасу табысты серіктестіктің негізгі элементтері деп санаймыз. Облыста жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу, ет және сүт өнімдерін өндіру, тоқыма өнеркәсібін дамыту, былғары өндіру және өзге де салаларға инвестиция салудың тиімділігі зор, – деген Дархан Сатыбалды өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырды.

Бизнес-форумда Чехия Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Марек Выборный Чехияның кәсіпорындары, экспортқа шығаратын өнімдері туралы кеңінен әңгімеледі. Чехияның өндірістік мүмкіндіктеріне тоқталды.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ өңірлік директоры Мақсат Жолдасбеков өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері туралы таныстырылым өткізсе, Чехияның жауапты министрлік өкілдері де баяндама жасады.

Маңызды іскерлік басқосуға Чехияның 40-тан астам компаниясы мен Қазақстанның бизнес саласынан 200-дей азамат қатысты.

Форум барысында инвестиция салу, ауыл шаруашылығы, тоқыма саласы, тамақ өнеркәсібі және өзге де салалар бойынша В2В форматында кездесулер өтті. Чехиялық делегацияға Түркістанның көрікті орындары көрсетіліп, туристік әлеуеті де таныстырылды.

2018 жылдан бастап Түркістан облысына 6 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Ал Түркістан облысы мен Чехия мемлекеті арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 2 млн. АҚШ долларын құраған. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғаяды деген сенім бар. Түркістан облысында индустриялық аймақтар және «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Онда инвесторларға қолайлы жағдайлар жасалған.

Атап өтерлігі, 2023 жылғы 1 қаңтарда Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды.

Қысқа мерзім ішінде елдеріміздің саяси диалогы, сауда-экономикалық байланыстары мен көпжақты құрылымдар шеңберіндегі ықпалдастығының аясы тұрақты түрде кеңейіп жатыр. Сондай-ақ, Чех Республикасының Президенті Милош Земан атап өткендей: «Чехия мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастар ежелден келе жатқан достық сипатқа ие және көпжақты салалардағы ынтымақтастық табысты дамып келе жатыр».

Үш онжылдық ішінде біздің елдеріміздің ынтымақтастығы серпінді дамып, өзара тиімді әріптестікке айналған. Екіжақты қатынастар делегациялардың тұрақты алмасуымен сипатталады, екі елдің өзара іс-қимылын дамытудың тиімді және пәрменді тетіктерінің бірі экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия болып табылады. Бүгінгі таңда инвестициялар, көлік және логистика, IT технологиялар, ауыл шаруашылығы, туризм, денсаулық сақтау, мәдениет және білім беру сияқты салаларда өзара іс-қимылдың нақты перспективалары бар.

Қазақстан-Чехия арасындағы мықты саяси қарым-қатынастар мен жан-жақты шарт-құқықтық база сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы әлеуетті іске асыру үшін қолайлы негіз қалады.

Чехия Еуропалық одағындағы елдер арасында Қазақстанның маңызды сауда әріптестерінің бірі болып табылады. 2022 жылдың 11 айында екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57,7%-ға ұлғайып, 370,9 млн АҚШ долларды құрады (сонымен қатар, чех статистикасына сәйкес, осы кезеңдегі тауар айналымы 1,132 млрд. АҚШ долларын құрды). 2022 жылдың екі тоқсанында ҚР-дағы ТШИ-дің жалпы ағыны 15,3 млн. АҚШ долларын құрады. Қазақстанда 138 чех компаниясы өз қызметін жүзеге асырады.

Қазақстанда 200-ге жуық қазақстандық-чехиялық бірлескен кәсіпорын бар және олар жұмыс істеп жатыр.

Қазақстан 32 жылда 410 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартты. Қазақстан мен Чехия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету шеңберінде биылдың өзінде 230 миллион еуроға түрлі келісімдерге қол қойылған. 2029 жылға қарай Қазақстанға 150 миллиард доллар инвестиция тарту көзделіп отыр.

Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 67%-ға артып, 423 миллион долларға жетті. Қарқынды өсу биыл да жаслғасын тауып жатыр.

Сонымен қатар, Қазақстан Чехияға 95 тауар позициясы бойынша шамамен 600 миллион доллар сомаға өнім экспортын арттыруға дайын.

Инвестиция тарту – екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты. Мәселен, 2008 жылдан бері Қазақстанға 270 миллион долларға жуық тікелей чех инвестициясы тартылды. Бұл ретте тұрақты өсу үрдісі кейінгі жылдары да сақталады.

Сарапшылар өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, атап айтқанда, Қазақстанда машина жасау өндірісін локализациялауға ерекше назар аударылып отырғанын айтады.

«Қазіргі уақытта жоғары индустриалды аймақтарға біздің достығымызды дамытудың локомотиві бола алатын «Skoda Transportation», «Czechoslovak group» және басқа да бірқатар ірі чех компаниялары айтарлықтай қызығушылық танытып отыр», — деді сала мамандары.

Сонымен қатар, транзиттік-көлік саласындағы, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберіндегі өзара іс-қимылды нығайтудың, екі ел арасында тікелей әуе қатынасын орнатудың және IT-стартаптарға венчурлік инвестициялар тарту бойынша ынтымақтастықтың зор перспективалары барын атап өткен лазым.

Бұл ретте Чехия үшін энергетика, азық-түлік және қаржы салаларындағы бастамалар ерекше қызығушылық тудырады.

«Чехияны Қазақстанмен ұзақ мерзімді достық қарым-қатынастар байланыстырады және біз өзара ынтымақтастықтың одан әрі дамуына мүдделіміз. Біз Қазақстанды Орталық Азия аймағындағы негізгі серіктестердің бірі деп санаймыз. Сонымен қатар біздің ынтымақтастығымыздың ауқымы да кеңейіп келеді, өйткені бүкіл Еуропалық Одақ Орталық Азия елдерімен тығыз әріптестікті дамытуға мүдделі. Ал Қазақстан мен Чехия арасындағы қарым-қатынас – осы ынтымақтастықтың бір тірегі», — деді Чехия Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Марек Выборный.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin