ШЫМКЕНТ: «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫЛАРЫ БАС ҚОСТЫ

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына қатысатын компания өкілдері, жобаны үйлестірушілер кездесті. Палата жанындағы құрылыс және логистика салалық кеңесі аясында өткен жиын ұлттық жобаны Шымкент қаласында сәтті жүзеге асыру мәселелеріне арналды.

Осы мақсатта мектеп құрылысының бас мердігерлері мен қажет жабдықтарды жеткізушілер ортақ диалог алаңында жиналды.

«Қазіргі таңда Шымкентте «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 12 мектеп соғылып жатқаны белгілі. Олар жаңа оқу жылына дейін дайын болып, құрылысы аяқталуы тиіс. Сондықтан, уақыт тығыз. Барлық тарап міндеттемелерді тиісті деңгейде, өз мерзімінде аяқтауы маңызды. Сондықтан, бұл жиынға қалалық білім басқармасы, «Самұрық Қазына» АҚ өкілдері келіп отыр. Мектеп жиһаздарының техникалық сипаттамасы бойынша білім басқармасы тиісті құжаттарды жиһаз жасаушыларға жіберілген. Сондықтан, қосымша сұрақтарды пысықтап, жұмысты бастау керек», – деді Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.

Шымкент қалалық білім басқармасының өкілі мектеп жиһаздарына қойылатын талаптар туралы тағы бір пысықтады.

«Құрметті әріптестер, күні кеше Шымкент қаласы әкімдігі аппаратының басшысы ұлттық жобаны жүзеге асыруға арналған жиналыста тиісті тапсырма берді. Ол мектеп салушы мердігер компаниялар мен жиһаз цехтары арасындағы келісім-шартқа тұруға қатысты. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептерді жабдықтауда қойылатын талап – білім ошақтарын жаңа оқу жылына дейін қажет оқу жиһаз-жабдықтармен дер кезінде қатамасыз ету. Таяуда үш мердігер компания жиһаз жасаушылармен меморандумға тұрдық деді. Жиһаздарға қойылатын талапты барлығыңыз білесіздер – ҚР Оқу-ағарту министрінің №70 бұйрығын негізге аламыз. Сонымен қатар жиһаз түстері ашық болуы керек. Бұл қажеттілікті біз «Самұрақ Қазына» АҚ-на және құрылыс компанияларына арнайы хатпен жолдадық. Мердігер компаниялар сіздермен келісімге тұрғанда ескеретін болады», – деді Шымкент қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Тұрар Саутов.

«Самұрық Қазына» АҚ-ның позициясы баршаңызға белгілі – жергілікті тауар өндірушілерді қолдау. Құрылысшылар мен басқа да тауар өндірушілер арасындағы байланысқа көпір болып отырған Кәсіпкерлер палатасының басшылығына алғыс айтамыз. Ендігі мақсат – мектептердің бас мердігерлері жиһаз жасаушыларды таңдап, жаңа оқу жылына дейін үлгеруі тиіс. Жиһаз түрлері мен өлшемдері бойынша бұған дейін келісіліп қойылған, енді түстерін келісіп алған соң жұмысты тездету қажет», – деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Шымкент қаласы бойынша өңірлік басшысы Марат Қуанышбаев.

Жиын барысында жиһаз компанияларының өкілдері өздеріне қойылатын талаптар мен ресми құжаттарды пысықтап, жауапты мамандардың жауаптарын алды. Бас мердігерлер мен жиһаз компанияларының өкілдері өзара келіссөз құрылып, байланыс деректерін алмасты.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin