Өңір басшысы мен аудан-қала әкімдерінің Қытайға іссапары нәтижесінде Түркістан облысында бірнеше зауыт-фабрика ашылмақ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Қытай мемлекетіне инвестиция тарту мақсатында сапарлағанынан хабардармыз. Соңыра аудан-қала әкімдерін де аспан асты еліне жіберіп алды. Нәтижесі көңіл көншітетін түрі бар. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай Халық Республикасынан келген кәсіпкерлермен кездесіп, бірнеше жобаны талқылады. Нәтижесінде Түркістан облысы мен Қытай тауар өндірушілері екіжақты байланысты дамытып, бірлескен жобалар ашып, тәжірибемен бөлісу бойынша меморандумдарға қол қойды.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, кабель желісін жасау, электр көліктерін зарядтау станциялары, тігін фабрикасын ашу бойынша жалпы сомасы 3 миллиард теңгеден астам қаржыға кәсіпорындар ашу бойынша индустриалды аймақ және арнайы экономикалық аймақ басшылығымен меморандумдар түзілді.

– Түркістан өңірі Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі болып саналады. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары тек нығая түсуде. Бұл қазақ-қытай кәсіпкерлері арасында оң нәтижелер беретініне сенімдімін. Қытай елінің бай тәжірибесі Түркістан өңірінің әлеуетін көтеруге зор мүмкіндік береді. Осыған дейін Қытайға жұмыс сапарымен барып, өздеріңізбен жүздесіп едік. Біраз маңызды жобаларды талқыладық. Бүгінгі кездесу сол сапардың жемісі деп білеміз. Біздің аудан әкімдері Қытайдағы ірі өндіріс орындарын аралап, тәжірибе жинауын жалғастырып жатыр. Осы тәжірибелерімізді жинақтап, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашуды көздеп отырмыз. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарды дамыту тұрғысынан Қытай Халық Республикасы Түркістан облысының маңызды және сенімді серіктесі болып табылады. Өзара ынтымақтастықтың арқасында екі ел арасындағы тауар айналымы өсті. Түркістан өңірі еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі және орасан зор инвестициялық және туристік әлеуетке ие. Мемлекеттеріміз арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға серпін беретін өзара инвестицияны ұлғайту арқылы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға шақырамын. Тарихи Ұлы Жібек жолының жүрегінде орналасқан Түркістан облысында қытайлық компаниялардың бастамаларына толық қолдау көрсетіледі, – дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіп, мата мен кілем өндірісі және тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі талқыланды. Сонымен қатар автомобиль жасау, электроника, цифрлық технологиялар, робототехника, пластмассадан жасалған бұйымдар – пластикалық ойыншықтар, ыдыстар және тағы басқа өндірісті дамытуға қажетті жобалар қарастырылды. Тауар айналымы туралы пікір алмасты. Көлік-логистикалық инфрақұрылымын тиімді пайдаланып, осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар берілді.

Рухани астанаға алғаш рет келген Қытай делегациясы өз әсерлерімен бөлісіп, бірлесе жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді. Делегацияны бастап келген Мэнг Сю Ли бұл сапардың басты мақсаты Жібек жолы арқылы сауданы дамыту, яғни Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда қарым-қатынасты одан да жоғары деңгейде көтеру екенін атап өтті.

– Сіздермен қайта қауышып отырғанымызға өте қуаныштымыз. Осыған дейін талқылағанымыздай, біз бірнеше жобаны жүзеге асыруға дайынбыз. Ең бастысы – халық сұранысын нақтылап, соған сәйкес зауыттар ашуға, сауда-саттық орнатуға асықпыз. Түркістан облысында ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру зауытын салуға болады. Кабель желісін жасау, электр көліктерін зарядтау станциялары, киім-кешек тігетін фабрика ашуға дайынбыз. Түркістанды алғаш көруім. Мені қаланың көркі таң қалдырды. Сондықтан Түркістанның болашағы жарқын екеніне көзім жетті. Осы тұста туризмді дамыту бағытында да жұмыс істеуге болатынын айтқым келеді. Жалпы, бұл жобалар — екіжақты әріптестігіміздің басы ғана, – дейді ол.

«Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында екіжақты сауда байланысын арттыру мақсатында өткен кездесуде Қытайдың «Илутун» деп аталатын онлайн-платформасы таныстырылды. Илутун — бұл трансшекаралық онлайн көтерме сауда дүкені. Онда барлық тұрмысқа қажетті заттарды тікелей өндірушіден сатып алуға мүмкіндік бар. Логистика жағынан да жылдам жеткізу тәсілдері қарастырылған. Платформаның мақсаты – тауардың бағасын арзандату, сапасын арттыру және алып-сатарлар санын азайту. Бүгінгі таңда бұл платформадан 500-ден аса зауытты тауып, тауарлар жайлы ақпаратты үш тілде (қытай, ағылшын, орыс) алуға болады. Арада делдалдарсыз тікелей зауытпен байланысып, қол жеткізу қарастырылған.

Осы мақсатта Түркістанда екі ел өндірушілерінің көрмесі де өтті. Аймаққа инвестиция тартып, жергілікті өнімдерді экспортқа шығаруды мақсат еткен іс-шарада жалпы саны 60-қа жуық тауар өндірушінің өнімдері қойылды. Атап айтқанда, киім, аяқ киім, ыдыстар, текстиль өнімдері, электр машиналары, күннен қорғайтын өнімдер, электр скутерлері және Түркістан облысы бойынша тамақ, жиһаз, химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, қолөнер шеберлерінің туындылары қойылды.

Түркістан өңірінде бірнеше бағыттарда өңіраралық кооперацияны дамытудың жоғары әлеуеті бар. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісімен тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі мол. Сонымен қатар пластмассадан жасалған бұйымдар пластикалық ойыншықтар, пластикалық ыдыстар, автомобиль жасау, электроника, цифрлық технологиялар және т.б. өндірісін дамытуға болады. Екіншіден, агроөнеркәсіп кешені саласында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша ел көшбасшыларының бірі екені белгілі. Ірі қара және ұсақ мүйізді мал басы (5,9 миллион), ет экспортының көлемі (80%), сондай-ақ жеміс-жидек экспорты (26%) бойынша үнемі алдыңғы қатарда. Бүгінгі таңда өңірде дәнді, жеміс-көкөніс, бақша дақылдары мен ет-сүт өнімдерін терең өңдеу басым бағытқа ие. Түркістан облысының негізгі инвестициялық кешендері – дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен қатысушыларына түрлі салық жеңілдіктерін беретін «Түркістан» арнайы экономикалық аймағы. Арнайы экономикалақ аймақ шамамен 4000 гектар аумақта орналасқан және 6 қосалқы аймақтан тұрады, олар: тарихи-мәдени орталық (862 гектар), әкімшілік-іскерлік орталық (1580 гектар), 3 өнеркәсіптік аймақ (365 гектар — Оранғай, 180 гектар — Түркістан, 35 гектар — Кентау) және әуежай (967 гектар).

Үшіншіден, туризмді дамыту – облыс экономикасының басым бағыттарының бірі. Мәселен, соңғы 3 жылда облыста туризмге құйылған инвестиция көлемі шамамен 600 миллион АҚШ долларын құрап, жыл сайын шет мемлекеттерден туристер ағынының артуы байқалады.

Сапар барысында Қытай делегациясы «Turkistan» индустриалды аймағы мен арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен танысты.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қытайға жұмыс сапары кезінде екі елдің, оның ішінде Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі, автомобильдер жасау, пластмассадан бұйымдар жасау, робототехника т. б өндірісті дамытуда бірқатар ірі инвестициялық компаниялардың өкілдерімен кездесіп, әріптестік жөнінде келіссөздер жүргізген болатын. Бұл кездесулер нәтижесін беріп, жақын күнде Түркістан қаласының Индустриалды аймағындағы дайын өндіріс алаңында (brownfield) қазақ-қытай бірлесуімен шұлық және ерлер костюмін шығаратын зауыт ашылмақ. Мұндай ірі кәсіпорындар арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі басты назарға алынған.

Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі — әлемдік нарыққа шығудың ірі көзі. Облыстан мың шақырым радиуста 70 миллионнан астам адам тұрады. Түркістан облысының салалық мамандануын, сондай-ақ экономиканы дамытудың басым бағыттарын ескере отырып, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, жер қойнауын пайдалану, туризм, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға инвестиция тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin