2025-2028 жылдарға жоспарланған 100-ден аса инвестициялық жобаның бір бөлігі тікелей Түркістан қаласының дамуына бағытталмақ

Расын айту керек, инвестиция тарту жөнінен биыл Түркістан шаһары үшін жемісті кезең болды. Басқасын айтпағанда, тек «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық форумының дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы облыс орталығының дамуында маңызды рөлге ие бола бастады.

«Шетелдік инвесторлар, халықаралық компания өкілдері мен өңірге қызығушылық танытқан кәсіпкерлер Түркістанға келіп, біздің қаланың әлеуетімен танысты. Форум барысында қалаға инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, инженерлік инфрақұрылымды жақсарту және туризмді дамыту бағыттары кеңінен талқыланды. Түркістанның географиялық орналасуы, логистикалық артықшылықтары, жас әрі еңбекке қабілетті халқы инвесторлар үшін ерекше қызығушылық тудырды.

Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық дәлізінің дәл Түркістан арқылы өтуі қаламызды ірі транзиттік және сауда орталығына айналдыруға үлкен мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, қала маңындағы индустриалды аймақтар, шағын өнеркәсіптік парктер инвесторларға қолайлы инфрақұрылым ұсынады.

Форум аясында ұсынылған жобалар Түркістан қаласының экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және туризмді жаңа деңгейге шығаруға ықпал етеді. Бұл ретте шетелдік инвесторлармен G2B кездесулерде кеңінен талқылап, бірнеше өзара ынтымақтастық меморандумдарына қол қойдық.

Жақын жылдары 2025-2028 жылдарға жоспарланған 100-ден аса инвестициялық жобаның бір бөлігі тікелей Түркістан қаласының дамуына бағытталмақ. Биылдың өзінде ондаған жаңа жобалар іске асып, мыңдаған азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Халықаралық форум біздің қаланың халықаралық деңгейдегі серіктес болуға дайын екенін тағы бір рет дәлелдеді», — деп жазды Түркістан қаласының әкімі «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында.

Облыс орталығында «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумына отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысты. Маңызды шара барысында көрме ұйымдастырылып, келушілер мен инвесторлар назарына өңірдің қолөнер бұйымдары, туристік нысандары мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі таныстырылды. Сонымен қатар облыста іске асып жатқан инвестициялық жобалар легі ұсынылды. Бұл форум аймақтың инвестициялық және туристік әлеуетін ілгерілету, өңір экономикасын әртараптандыру бағытында инвестиция тарту, шетелдік жетекші компанияларымен іскерлік байланыстарды нығайту мен өндіріс орындарын көбейту мақсатын көздейді.

Форум аясында «Түркістан – Қазақстанның жаңа инвестициялық циклінің драйвері» тақыбырында мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, форумға қатысушыларға ерекше ықыласын білдірді.

– Бүгінгі форум – жаңа бастамаларды және инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған маңызды алаң. Халықаралық инвестициялық форумға шетелден 200 компания және Қазақстан өңірлерінен 100-ден астам ірі компания өкілдері қатысуда. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин осы күнге дейін бірнеше рет кездесіп, екіжақты қатынастарды дамытуға бағытталған аса маңызды құжаттарға қол қойған. Екі ел арасындағы экономикалық байланыс нығая түсуде. Соңғы 20 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 27 миллиард АҚШ долларын құрады. Түркістан облысы құрылғаннан бастап, Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 165,5 миллион АҚШ долларын құрайтын 7 инвестициялық жоба іске қосылды. Түркістан облысының әлеуеті өте жоғары. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм және барлық салаларда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Өңірде инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар ғимараттарды ұсынатын индустриалды аймақтар және дайын ғимараттар орнатылған шағын өнеркәсіптік парктер бар. Жоғарыда аталған инвестициялық алаңдарда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамын, – деген Нұралхан Көшеров облыстың инвестициялық әлеуетін баяндады.

Іскерлік жиында «Парыз» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков модератор болды. Спикерлер қатарында Шэньси провинциясының шетелдік мемлекеттермен достық қоғамының хатшылық бастығы Бан Хуэй, Қазақстан Республикасындағы ҚХР Төтенше және өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, Сиань қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулы  Жошыхан Қыраубаев, «Souths Oil» компаниясының президенті Серікжан Сейтжанов, Бачжоу қалалық халық үкіметінің хатшысы (ҚХР) Му Хэжун, кәсіпкер, «Karazhal Operating» және «Global Chemicals Company» компанияларының негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының Ұлттық жұмыс берушілер (кәсіпкерлер) конфедерациясы қоғамдық бірлестігі президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов қатысты. Пленарлық отырыста Қазақстандағы Халықаралық сауданы ілгерілету Қытай комитетінің (CCPIT) өкілі Лю Юэ, «Қазах Инвест» ҰК АҚ жобалар менеджері Әбдірашид Үсенов, «Қайып Ата» компанияларының Бас директоры Сырым Ертаев, Қазақстандағы «Xinjiang Lihua (Group) Co. Ltd» компаниясының директоры Суй Дже сөз сөйлеп, елдер арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту мәселесіне тоқталды.

Форум барысында G2B және B2B келіссөздер, панельдік пікірталастар өтіп, аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру және Түркістанның халықаралық әріптестіктегі стратегиялық рөлін нығайту шаралары талқыланды. Халықаралық форумда Түркістан облысы әкімдігі мен әлемнің көшбасшы компаниялары арасында бірлескен инвестжобаларды іске асыру бойынша меморандумдарға қол қойылады.

Айта кетейік, биыл жыл басынан бері 90-нан астам шетелдік компаниямен кездесулер өтіп, ҚХР, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырылды. Облыстың негізгі капиталына 10 айдың қорытындысына сәйкес, 1 178,4 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Ал шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Жалпы, облыста 2025-2028 жылдар аралығында 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың айтуынша, 2025 жылғы 24-25 қараша аралығында Түркістан қаласында өткен «Turkistan Investment and Tourism Forum-2025» халықаралық инвестиция және туризм форумына шетелден 153 компания, жалпы 300-ден астам делегат қатысқан. Халықаралық форумда жалпы құны 432,2 миллиард теңгені құрайтын 9 меморандумға қол қойылды. Осы арқылы өңірде мақта кластері, металды терең өңдеу, индустриалды аймақ құру, қағаз өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және өзге де ірі жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Аудан, қала әкімдері де шетелдік инвесторлармен меморандумдар жасаған. Осы жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бері облыс экономикасына 1,4 триллион теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құраған.

«Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 миллиард теңгеге 28 ірі жоба қолға алынған

Жалпы, Түркістан шаһарында қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Бұл – сыртқы экономикалық байланысты дамытудың нәтижесі. Әрбір инвестор үшін арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда дайын алаңшалар жоспарланған. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Бұл туралы желтоқсанның 9-ында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров атап өтті.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап берді. Жолдаудың басты идеясы – мемлекетімізді инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшіру. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Яғни, ел экономикасының негізгі басымдығы мұнай мен шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс. Түркістан қаласында осы бағытта жүйелі жұмыстар жүріп жатыр.

– Өндірісті дамыту мақсатында өңірімізге сырттан келетін тауарларға талдау жүргіздік. Негізгі үлес құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі және тамақ өндірісіне тиесілі. Олар бойынша импорт көлемі 98 миллиард теңгені құрайды. Бұл тауарларды облыста шығаруға барлық мүмкіндіктеріміз бар. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, оларға индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардан дайын алаңшаларды ұсындық. Нәтижесінде маңызды жобаларды іске асыруға қол жеткіздік. Өңірде зауыттар мен кәсіпорындар саны артып жатыр, – дейді Нұралхан Көшеров.

Түркістан облысындағы 20 индустриалды аймақта құны 152 миллиард теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылу үстінде. Толық іске асқанда 6 361 жұмыс орны ашылмақ. Бүгінгі таңда 39 миллиард теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылды. 2609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал облыс орталығындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 миллиард теңгеге 28 ірі жоба қолға алынған.

Сонымен қатар Түркістан шаһары маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеуді қолдау мақсатында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 152 ғимарат салып, 6 040 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жобаның І кезеңінде 40 ғимарат салынып, 32 жоба қосылды. 1 220 жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде бюджеттің 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылған.

– Өндірістік парк аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар ашылды. Отандық өндірісті дамыту есебінен 27 миллиард теңгеге импорттық тауарларды алмастыруға қол жеткіздік. Алдағы уақытта бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық бұйымдармен елімізді қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға мүмкіндік болады. Шағын өндірістік алаңдарды дамыту үшін жергілікті кәсіпкерлер белсенді атсалысуда. Біздің әрбір аудан мен қалада, халық тығыз орналасқан ауыл округтерінде өндірістік алаңдар құрылып, кәсіпорындар мен зауыттар ашылады, – дейді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

Осы жұмыстар нәтижесінде Сауран ауданында жеке инвестиция есебінен 55 гектар аумақта 5 шағын өндірістік алаң құрылды. Мұнда 30 миллиард теңгеге 115 жобаны іске асырып, 1 124 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі таңда «Қарашық», «Иассы», «Шорнақ», «Үшқайық» және «Жүйнек» өндірістік алаңдарында 37 ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Ордабасы ауданында аумағы 10,5 гектар болатын «Темірлан» өндірістік алаңында 5 ғимарат салыну үстінде. Инвестиция көлемі – 10,4 миллиард теңге. 100 жұмыс орны құрылады. Жобаның мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, барлық аудандарда осы тәжірибені ендіру жұмыстары басталып кетті.

Жалпы, облыс бойынша жалпы 21 шағын өндірістік алаң құрылған. Негізгі бағыттар ретінде құрылыс материалдары, жиһаз, пластик және резеңке, химия өнімдері өндірістері мен жеңіл өнеркәсіп айқындалды. Бүгінгі таңда 192 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Келесі жылы аяқтап, іске қосу көзделіп отыр.

Инвестициялық әлеует зерделеніп, облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін, жалпы құны 2,6 триллион теңге болатын 111 инвестициялық жоба пулы әзірленген. Энергетика және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеу негізгі басымдықтар болып айқындалды. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 24 мыңдай жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 100 миллиард теңге салық түседі.

Биыл 340 миллиард теңгеге 58 жобаны іске асырып, 8 220 жұмыс орнын ашу жоспарланған. 10 айда 41 жоба (180 миллиард теңге) іске қосылып, 5 322 жұмыс орны ашылды.

Аталған бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 10 айда өңір экономикасына 1,2 триллион теңге инвестиция тартылып, өсім 124,2 пайызды құрады. Шетелдік инвесторлармен келіссөздер тұрақты түрде жүргізіліп, жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Түркістан қаласында инвестициялық жобаларды құқықтық сүйемелдеу жолға қойылған

Түркістан қаласында маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша кездесулер өтіп тұрады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қала прокуратурасы инвестициялық жобаларды құқықтық қолдауды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Осы жұмыстың аясында 2025 жылдың 26 қарашасында Түркістан қаласы прокурорының орынбасары О.Мусаев және облыс прокурорының инвестициялық жобалар жөніндегі аға көмекшісі Н.Мустафаевтың төрағалығымен жұмыс кездесу ұйымдастырылғанын білеміз. Оған өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген ірі кәсіпкерлер қатысты.

Кездесуде Жалпыұлттық және Өңірлік пулға енгізілген жобалардың жүзеге асырылуы талқыланып, инвесторлармен жеке қабылдаулар ұйымдастырылды. Тұрғын үй, қонақ үй, тігін фабрикасы және жиһаз өндіретін цех құрылысына қатысты мәселелер қаралды. Аталған жобалар жүздеген жұмыс орнын құруға және қаланың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Қала прокуратурасы алдағы уақытта да инвестициялық жобаларды құқықтық тұрғыдан сүйемелдеу жұмыстарын жалғастырмақ ниетте.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You