Түркістан облысы: Отырар ауданында «Алтын күз – 2022» жәрмеңкесі өтті

Бүгін Отырар ауданында киелі өңірдің шаруалары мен диқандарына арналған «Алтын күз-2022» атты салтанатты жиыны болып өтті. Аталған шара ерте көктемнен қара күзге дейін талмай еңбек еткен шаруалардың жыл қорытындысы десек те болады. Жәрмеңкеде 18-ге жуық техника, ауыл шаруашылығының өнімдері қойылып, нарықтағы бағадан төмен бағада ұсынылды.

Жиын Мәдениет сарайының өнерпаздары мен мың бұралған бишілердің өнерімен ашылды. Сахнада алғаш сөз алған аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов:

— Көктем шыға кетпенін күнге сүйдіріп, еңбектенген шаруалар ала жаздай алқабын баптап, қара күзде жиын-терім уақытында жылдық азығын еселеп, еңсеріп алды. Бұл еңбеккерлер үшін молшылық айы болып саналады. Биылғы су тапшылығына қарамастан ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері мол. Ауданымыздың ауыл шаруашылығын дамытуға атсалысып, ала жаздай тер төгіп, мол өнім жинаған шаруаларға құт-береке тілеймін! Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын! — деп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде аудан шаруалары жоғары жетістікке жеткенін ерекше атап өтіп, еңбек адамдарына деген ыстық ықыласын білдірді.

Мұнан соң Сәкен Асылханұлы жүгері, жоңышқа, бақша өнімдері, бал өнімдері мен жеміс-жидек өсіруде биіктен көрінген жекелеген диқандар мен омарташыларды алғыс хаттармен марапаттап, сый-сияпаттар тапсырды.

Сондай-ақ аудандағы агроөнеркәсіп кешенін дамытуда үздік болып, ауыл шаруашылығын дамытуға мол үлес қосқаны үшін Балтакөл ауыл округінің әкімі Сейтхан Ателов, Талапты ауыл окргугінің әкімі Сұлтанмахмут Одаман және Ақтөбе ауыл округінің әкімі Исахан Тайгелтірлер алғыс хатпен марапатталды.

Салтанатты жиынды аудан өнерпаздары әсем әнмен қорытындылап, жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.