Ашалық тұрғындарға тіршілік нәрі жетті. Қаншама жылдан бері таза ауыз судан тапшылық көріп келген ашалықтардың қуанышы еселеніп жатыр. Жоспарға сәйкес ауыз судың екінші кезеңі іске қосылып, ауыл түгелдей таза ауыз суға қосылды. Құдық суын пайдаланып келген тұрғындардың қуанышымен бөліскен аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев алдағы уақытта тағы да бірқатар ауыл тұрғындары таза ауыз суға қолжеткізетінін атап өтті.
— Өркениетті елдерде тұрмысқа қажетті игіліктер шалғай ауылдарда да қолжетімді болуы тиіс. Бұған үкімет те айрықша көңіл бөлуде. Су тіршіліктің нәрі. Бүгін сіздер үшін тіршілік қайта оянды. Себебі көптен күткен ауыз суды іске қосқалы жатырмыз. Қуаныштарыңызбен құттықтаймын! Алдағы уақытта Ескі Иқан, Ибата, Қосмезгіл, Жүйнек, Қарашық, Шорнақ елді мекендеріне жобалық сметалық құжатама жасылып жатыр. Көп ұзамай бұл ауылдың тұрғындары да ауыз суға қол жеткізеді деп күтілуде. Тағы да қуаныштарыңыз құтты болсын,-деді аудан басшысы Ғалымжан Қарабайұлы.
Жобаның құны — 628,203 миллион теңге. Бас мердігер мекеме – «Саулет-Бетон» ЖШС-і.
Ал авторлық қадағалаушы мекеме – «ПСИ Каз Нур» ЖШС-гі. Техникалық қадағалаушы мекеме – «SK Best Spes Story KZ» ЖШС-гі. 2 дана тереңдігі 720 метрді құрайтын су ұңғымасы қазылған. 2 дана сыйымдылығы 200 текше метр су қоймасы салынды. Сондай-ақ, магистральді таратушы құбырдан – 22,27 шақырым, абоненттік құбырдан 13,753 шақырым жүргізілді.
Ауыл тұрғыны Бақберген Тұрғынов қария бүгін ерекше қуанып жүр. «Есігімнің алдында сарқырап ағып тұрған суды көру — бір бақыт. Ауданның көркейіп, өркендеуін күнде тілеп отырамын. Аудан басшыларына рақмет. Енді су тапшылығы болмаса екен», — деген тілегін жеткізді қария.
Атап өту керек, жалпы Сауран ауданы бойынша 36 елді мекеннің 32 елді мекені ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы Аша елді мекенінде ауыз су жүйесі құрылысының 2-ші кезеңі аяқталып, іске қосылды. Ойық елді мекенінде ауыз су құбырының құрылысына 2023 жылға 229,9 миллион теңге қаржы бөлінді.
3 шалғай орналасқан елді мекендерде кешенді блок модуль орнату қарастырылуда (мал шарушылығымен айналысады).
Сонымен қатар, 2022 жылы 4 елді мекенге (Жүйнек, Шыпан, Қызылжол, Достық) су мұнарасы орнатылып, 3 елді мекеннің (Бостандық, Еңбекші Дихан, Шоқтас) ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 12 елді мекенде «Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» тарапынан жер асты су қоры зерттелуде.
Сонымен қатар, Майдантал ауыл округі, Ынталы елді мекеніндегі ауыз су жүйелеріне (құны – 23,0 млн. теңге) ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша 69 үй таза ауыз сумен қамтылады.
Сондай-ақ, орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендерде нысандардың құрылысына (2-ші кезеңіне) жобалық сметалық құжаттары әзірленуде, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін, қаржыландыруға ұсынылатын болады. Атап айтқанда: Еңбекші Дихан, Ескі Иқан, Ибата, Шорнақ, Жүйнек және Қарашық елді мекендері.
«ANYQ.KZ»-ақпарат