ШЫМКЕНТТЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА 17 ЖОБАҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров мәлімдеді. Брифингке «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдын Досқараев та қатысып, саладағы жаңалықтарымен бөлісті.

–Бүгінгі таңда кәсіпкерлерге бірнеше бағытта қаржылық қолдау көрсетіліп отыр. Биыл Шымкент қаласы филиалы бойынша ауыл шаруашылығын дамытуға 12,2 миллиард теңге бөлінсе, оның 10,3 миллиард теңгесі игерілді, қалғаны жоспар бойынша жыл соңына дейін игерілмек. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қолдаудың негізгі бағыттары: несиелік серіктестіктерді және лизингтік компанияларды қаржыландыру, тікелей несиелеу, оның ішінде шағын несие беру, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелендіру, сондай-ақ инвестиция тартуды іске асырып келеміз. Кәсіпкерлердің қазіргі мәселесі ауылдағы кепіл мүліктің төмен бағалануы болатын. Соны ескере отырып арнайы платформа жасақталды. Нәтижесінде мүлік бағасы 30 пайызға артып отыр. Енді шаруалардың несие алу сомасы да көбейеді, — деді Айдын Досқараев.

Брифинг барысында 2022 жылдың қорытындысы, Шымкент қаласының және Түркістан облысының ауыл шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қаржылық қолдауға қатысты маңызды мәселелер, көктемгі егін егу және жинау жұмыстарын аяқтау бойынша, сондай-ақ 2023 жылға арналған қаржыландыру жоспарлары талқыланды.

Айта кетейік, биылғы жылы Шымкент қаласынан 17 жобаға қолдау көрсетіліп, 428 млн теңге қаржы бөлінген. Ал жақында ғана басталған «Жастар» несиелеу бағдарламасына 26 үміткер қатысып,19-ы комиссияға ұсынылған.

Айта кетейік, Шымкент – барлық институционалдық, климаттық және географиялық жағдайларға ие және елдегі азық-түлік қауіпсіздігі барынша қамтамасыз етілген шаһар.
Бүгінде қалада Қазақстан Республикасының Үкіметі әлеуметтік маңызы бар өнімдерге жатқызған азық-түлік тауарларының барлық түрі өндіріледі. Ендігі міндет – азық-түлік тауарларын өндіру мен экспорт көлемін ұлғайту. Осыған байланысты «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағының инженерлік желілері жүргізіліп,132 гектар аумақта ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеуге арналған құрылыс жүргізілуде.
Сонымен қатар, қолданыстағы сауда-логистика орталығы кеңеюде. Барлық тауарды қабылдап-жөнелтудің, жеткізудің нәтижесінде логистикалық орталық еліміздің оңтүстік өңірі бойынша ірі хаб болуға мүмкіндігі зор. Орталықтың Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік магистралінің бойында, кешенді жүк қабылдайтын әуежай мен теміржолдың жанында орналасуы логистика бойынша Шымкент қаласын ең қолайлы өңірге айналдырып отыр.
Одан бөлек, кәсіпкерлер мен инвесторларға консультациялар, сүйемелдеу, мемлекеттік және өзге де қызметтер көрсету мақсатында «Бір терезе» қағидаты бойынша «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» фронт-офисі жұмыс істейді.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.