Түркістан облысы: Төлеби ауданында жаңадан құс фабрикасының құрылысы басталды

Бұл туралы жұртшылықты бүгінгі өткен брифингте Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев хабардар етті.

– Өнеркәсіп саласында өткен жылы ауданда 41 миллиард 480 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Ал биыл оны 46 миллиард 126 миллион теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, осы салада 2 инвестициялық жоба басталып, толық 2024 жылы іске қосылады деп көзделген. Яғни Ленгір қаласынан «KAZPLAST» ЖШС киім тігу цехын іске қосу бағытында құны 1 миллиард 551 миллион теңгеге инвестиция тартылып жатыр. Нәтижесінде 150 адам жұмыспен қамтылмақ. Ал «Аймар құс» ЖШС қуаттылығы жылына 440 мың дана құс өсіруді жоспарлап, құны 4 миллиард теңгені құрайтын жоба іске асырыла бастады. Қазір құрылысы жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде 24 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған, — деді Төлеген Тұртайұлы.

Негізі құс шаруашылығы — ауыл шаруашылығының ең жаңа және ең қарқынды дамып келе жатқан саласы. Өнімнің қысқа мерзімде өндірілуі нарық сұранысына бағыт-бағдар ұстауға мүмкіндік береді. XX ғасырдың екінші жартысынан бастап, Солтүстік Америка мен Батыс Еуропа елдерінде бройлер балапандарын өсіретін ірі құс өсіру кешендері қалыптаса бастады. Бүгінгі таңда құстың саны жөнінен Қытай, АҚШ, Ресей, ал жұмыртқа өндіруден Қытай, АҚШ, Жапония, Ресей және Үндістан ерекше көзге түседі.

Тауарлы құс шаруашылығы, негізінен, қала маңдарында шоғырланған. Ал соңғы жылдары жоғары маманданған құс шаруашылықтары арзан жұмысшы күші жеткілікті климаты қолайлы аудандарға ауысуда.

Асыранды құстарды қолда өсіруді құс шаруашылық деп атайды. Құс шаруашылығы — мал шаруашылығының тиімді саласының бірі. Адамзатты нәруызды тағаммен қамтамасыз етуде құстай алынатын жұмыртқа мен еттің маңызы ерекше. Құс қауырсыны (мамығы) күнделікті тұрмыс қажетіне де пайдаланылады. Ал құс саңғырығы — сапалы тыңайтқыш. Созылған құстың ішкі мүшелерінің қалдықтары үй хайуанаттарына қорек ретінде пайдаға асады. Қолға үйретілген асыранды құстардың да арғы тегі өздеріне туыстас жабайы құстар. Қазіргі кезде қолға үйретілген құстардың 10-нан астам түрі белгілі. Тауықтәріздестерден — тауық, күркетауық, тысыр тауығы (цесарка), тауыс және жапон бөденесі. Үйрек пен қаз да ақолға үйретілген құстарға жатады. Кептер тәріздес құстар отрядынан қолға үйретілгені – көгершін.

Құс шаруашылығын дамытудағы басты мақсат — олардың жұмыртқасы мен етін алу. Құйрық қауырсыны ұзын болып келетін тауықтың — феникс қолтұқымы бар. Мұндай тауық қолтұқымы Жапония мен Қытайда өсіріледі. Тауыс, көгершін және баққунақ (канарейка) әсемдік үшін арнайы торла қолдан өсіріледі. Үй құстарынан ең алғаш қолға үйретілгені — асыранды қаз.

Бұдан 7 мың жылдай бұрын Еуропа мен Батыс Сібірде — жабайы сұр қаз, Қытай мен Ресейдің қиыр шығысында жабайы қу тұмсық қаз бір мезгілде қолға үйретілген. Асыранды қаздың жабайы арғы тегі сұр қаз бен қу тұмсық қаздар. Олар бірінен-бірі дене тұлғасы, қауырсындарының түсі арқылы ажыратылады. Сондай-ақ олар өзара жүптасып, ұрпақ бере алады.

Асыранды қазды негізінен еті үшін арнайы құс фабрикаларында қолдан өсіреді. Асыранды қаз жылына орта есеппен 30-50 жұмыртқа береді. Арнайы шаруашылықтарда жылына 50-80 жұмыртқа алуға болады. Қолда өсірілетін атақаздардың орташа салмағы 5 — 8 килограмм. Аналық қаздар 4 — 7 килограмм салмақ тартады. Қаз өсіретін фабрикаларда 2,5-3 айлық қаздарды союға жібереді, оның әрқайсысы 3,5-4,5 килограмм ет береді. Қаздардың кубань, қытай, холмогор, италиялық, рейн, үлкен сұр қаз деп аталатын қолтұқымдары көп өсіріледі. Еуропа елдерінде (Франция, Венгрия, Польша, т.б.) қаздың бауырын пайдалану мақсатында да арнайы өсіреді. Ондай қаз қолтұқымдарына тулуз, ланд, италиялық, рейн қаздары жатады.

Қолға үйретілген құстардан дүние жүзінде ең көп өсірілетіні — үй тауығы. Тауық мүшелді жыл санауда 10-жылды иеленген. Асыранды тауықтың арғы жабайы тегі — Азияның оңтүстік-шығыс аймағында кездесетін банкив тауығы. Бұл тауық Үндістан жерінде, Ява, Суматра, Цейлон, Зонд аралдарындағы орманды алқаптарда таралған. Оның тұрқы шағын, салмағы 600-800 грамм, ұясын жерге салып, жылына 8-12 жұмыртқа салады. Үй тауықтарының барлық қолтұқымдары жабайы банкив тауығынан ұзақ жылдардағы сұрыптау нәтижесінде шығарылған. Үй тауығынан алынатын жұмыртқа мен етіне байланысты, бірнеше бағытта өсірілетін қолтұқымдар бар. Үй хайуанаттарын жіктеу кезінде жүйелік бірлік ретінде қолтұқым (порода) ұғымы қолданылады. Ұзақ уақыт қолдан сұрыптау нәтижесінде алынған бір түрге жататын үй хайуанаттарының тобын қолтұқым дейді. Әрбір қолтүқым белгілі бір мақсатқа сай (мысалы, жұмыртқа алу немесе дәмді ет үшін, т.б.) өсіріледі. Қолтұқымның дене құрылысында, тіршілік әрекетінде өзіне тән белгілері болады. Ондай белгілер тұқым қуалап, ұрпақтарына беріліп отырылады. Үй тауығының қолтұқымдары негізінен мынадай бағытта өсіріледі: Жұмыртқалағыш тауық қолтұқымдары. Мұндай тауықтың қолтұқымдары жылына 220-250, кейде одан да көп жұмыртқа береді. Леггорн, минорка, андалуз, орыстың ақ тауығы, орлов, павлов, воронеж осындай қолтұқымдарға жатады. Қолтұқымдар арнайы ірі құс фабрикаларында өсіріліп, оларға ерекше күтім жасалады. Ондағы барлық жұмыстар (тауықтарды қоректендіру, жұмыртқаларды арнайы инкубаторда шайқау, т.б.) техника күшімен жүргізіледі. Етті бағытта өсірілетін тауық қолтұқымдары. Тауық еті жеңіл әрі сіңімді. Оның құрамында адам ағзасына қажетті нәруыз, витаминдер, химиялық элементтер көптеп кездеседі. Бұл бағытта виандот, род-айленд, шантеклер, доминикан, дисерсей, корниш, плимутрок қолтұқымдары өсіріледі. Етті бағытта өсірілетін тауық қолтүқымдарының балапандары тез жетіледі әрі қарқынды өседі. Ондай 7-8 апталық балапандар орташа 1,5 — 1,8 кг салмақ тартады. Балапандарды бройлер деп атайды және осы кезде оларды жаппай сойып, сатуға шығарады. «Бройлер» — деген ағылшын сөзі, оның қазақша мағынасы «отқа қақтау» деген ұғымды білдіреді. Олардың еті жұмсақ әрі дәмді болады. Етінің құрамында өте бағалы нәруыз мол. Оларды өсіруге шығын аз жүмсалатындықтан, шаруашылық үшін тиімді. Бройлер балапандарын өсіру үшін арнайы жабдықталған құс фабрикалары жұмыс істейді. Әйнегі жоқ кең бөлмелердегі еденге қалың төсеніш жасап, сапалы құрама жеммен қоректендіреді. Тәулік бойы жасанды жарық пен қараңғылық үнемі алмастырылып тұрады.

Әрі етті, әрі жұмыртқалағыш бағытта да өсірілетін тауықтың қолтұқымдары (мысалы, ақ плимутрок) бар. Төбелестіру мақсатында малай, үнді, ағылшын қолтұқымдары өсіріледі. Ондай тауықтардың аяқтары ұзын, сіңірлі келеді. Денесі мығым, шоқысуға, тепкілесуге бейім. Қолға үйретілген үйректің арғы тегі — жабайы барылдауық үйрек. Үй үйректері бұдан 6-7 мың жыл бұрын Месопотамия аймағында және Қытайда қолға үйретілген. Оны да еті, мамығы үшін өсіреді. Қолға үйретілген үйректің тағы бір түрі — мускусты үйрек. Ол алғаш рет Оңтүстік Америкада қолға үйретілген. Оның да еті жұмсақ әрі дәмді, майы аз болады.

Қолға үйретілген үй құстарының ең ірісі – күркетауық. Ол алғаш рет Мексика және Американың оңтүстік өңірінде жабайы түрінен қолға үйретілген. Оның еті сіңімді, құрамында нәруызы мол. Орташа салмағы 9-12 килограмм. Африканың батыс, солтүстік аймағында қолға үйретілген тауықтәріздес құстың бірі — цесарка (мысыр тауығы деп те атайды). Оны да дәмді еті үшін өсіреді. Қазіргі кезде цесарканы Еуропа елдері, АҚШ және Австралияда көптеп өсіреді. Жапонияда қолдан өсіретін үй құсының бірі — бөдене. Оның жүмыртқасы да, еті де адам ағзасына сіңімді әрі шипалы. Бұл құс өте өсімтал. 5-6 апталық бөдене жұмыртқалай береді. Әрбір бөденеден өнеркәсіптік негізде жылына 250-300 жұмыртқа алуға болады. Қазіргі кезде АҚШ-та осы бөдененің «фараон» деген етті қолтұқымы өсіріледі. Қоразының салмағы — 200 грамм, ал мекиені 250 грамм тартады. Бөдене өсіретін құс фабрикалары соңғы кезде Италия, Франция, Германия елдерінде көбейіп келеді. Азияның оңтүстігінде бұталы, орманды жерлерде тауыстың бірнеше жабайы түрі кездеседі. Тауыс құсы қауырсын түсінің әдемілігіне сәйкес әсемдік үшін арнайы қолда өсіріледі. Құйрық қауырсындары ұзын әрі онда көзге ұқсас, түрлі түсті ірі өрнектері болады.

Қазіргі кезде көптеп қолға үйретіле бастаған құс — африкалық түйеқұс. Оның еті, жұмыртқасы тағам ретінде пайдаланылады. Түйеқұс өсіретін фермалар АҚШ-та, Қытайда, өзге де елдерде бар. Тіпті Қазақстанда (Қостанай өңіріндегі «Қарабатыр» шаруа қожалығында, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласында және т.б. өңірлерде де) африкалық түйеқұс өсірілуде.

Құстардың адам өмірінде маңызы орасан зор. Асыранды және табиғи құстарды қолда өсіру құс шаруашылығы деп аталады. Құс шаруашылығы — мал шаруашылығының бір саласы. Құс өсірудің өнеркәсіптік сипаты бар. Әсіресе арнаулы құс фабрикаларында тауық өсіру халықты етпен, жүмыртқамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бір ғана құс фермасында 300 мыңнан астам құс өсіруге болады. Одан жыл сайын миллиондаған тонна жұмыртқа алынады. Қазіргі кезде түйеқұс өсіруге ерекше назар аударылуда. Бөдене өсірумен шүғылданатын да шаруашылықтар бар.

Құс өсіру алғаш бұдан 4 мыңдай жыл бұрын Үндістанда пайда болған, кейіннен басқа елдерге де таралған. 18-19-шы ғасырларда Еуропа, Азия және Америка елдерінде тауықтардың бірнеше тұқымдары өсірілді. Қазақстанда құс шаруаның негізі ауыл шаруашылығын ұжымдастыру жылдары қаланды. Құс өсірумен әуелі Қостанай, Ақмола, Павлодар, Алматы облыстары айналыса бастады. Кейін республикада инкубаторда құс өсіретін жерлер ұйымдастырылды. Қазір Қазақстанда құс өсірумен селекциялық-генетикикалық жерлерде, асыл тұқымды құс зауытттары мен құс фермалары айналысады. 2004 жылы Қазақстанның барлық санаттағы шаруашылықтарында 26,3 миллион тауық өсірілді, оның 10,3 миллионы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, 15,6 миллионы жеке меншік қосалқы шаруашылықтардың, 0,3 миллионы шаруа қожалықтарының үлесіне тиеді. Балапандар инкубаторда шығарылады, оған 7-8 айлық мекиен тауықтардан бастап, ересек мекиендердің жұмыртқалары салынады. Азықтық жұмыртқа және ет өнімдерін өндіру үшін негізінен будан (жұмыртқа және ет бағыттарындағы тұқымдарды шағылыстыру арқылы шығарылған) құстар пайдаланылады.

Құс өсірудің әдісі, ең алдымен, өнім өндіру технологиясына және жергілікті жағдайларға қарай белгіленеді. Арнайы өндіріс орындарында балапандарды және жұмыртқалағыш мекиен тауықтарды ауасы, төсеніші тазартылып, жылуы, жарықтың берілуі мен ұзақтығы, т.б. реттеліп отыратын, терезесі жоқ құсханаларда жылу батареялары бар торлардың ішінде өсіреді. Құс тұқымын асылдандыру — құстан сапалы өнім алудың басты шарты. Арнайы іріктеліп алынған құс топтарын шағылыстыру арқылы алынып, өсірілген құстар төзімді әрі өнімділігі де өте жоғары болады. Құстарды құнарлылығы мол құрғақ, құрама жеммен азықтандырады. Құрама жемге әр түрлі дәндер және олардың қайта өңделген түрлері, балық және сүйек ұны, шөп ұны, минералдық азықтар, витаминді қоспалар, микроэлементтер қосылады. Құрама жемді құстардың жасына және беретін өніміне қарай ұнтақ және түйіршік түрінде өндіреді. Құстың жұмыртқасы мен еті адам организміне жұғымды да сіңімді диеталық тағамдар қатарына жатқызылады. Құс етінің құрамында белок, май, минералдық заттар, витаминдер мол. Құс етінде протеин көп, дәнекерлік тіндер аз болып келеді әрі бұлшық еттерінің арасында май қабаты болмайды. Сондықтан ол балалар мен науқас адамдарды тамақтандыруға пайдаланылады. Құстың жұмыртқасы әр түрлі қоректік заттарға бай келеді.

Пісірілген жұмыртқа адамның жүйке жүйесін нығайтып, зат алмасуын жақсартады, организмнің әр түрлі ауруларға төзімділігін арттырады (қ. Жұмыртқа). Жұмыртқаның ақ уызы жеңіл өнеркәсіп саласында жылтыр және хром былғары дайындауда пайдаланылады, тоқыма өнеркәсібінде бояулардың тез оңып кетпеуі үшін қолданылады; бекіткіш ретінде баспахана бояуларына, фотография өніміне қосылады. Жұмыртқаның сары уызы терінің ерекше сорттарын илегенде, сабын қайнатқанда және косметикалық бұйымдар дайындағанда қолданылады. Жұмыртқа, сондай-ақ, медицинада, мал дәрігерлігінде сарысу, вакциналар және бактерияға қарсы дәрілер дайындағанда, фармакологиялық дәрі-дәрмектер жасағанда пайдаланылады.

Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасына сүйенсек, өңірде 4 бірлік ірі құс фермаларын ашу және жалпы 270,0 мың басқа отбасылық құс шаруашылықтарын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, құс шаруашылығында 5000 бастан жоғары 365 бірлік отбасылық құс фермасын, 18 бірлік құс фабрикасын ашу есебінен, облыс халқын құс етімен қамтамасыз ету көлемін 11,6 %-дан 45% -ға,  жұмыртқамен қамтамасыз ету көлемін 45 %-дан – 60 %-ға жеткізілетін болады.

Төлеген Телғараев мұнан соң ауданның туризмдік әлеуеті туралы сөз қозғады. Төлеби ауданы облыс бойынша туристерді тартуда алдыңғы қатарда тұр. Туризм бағытында 76 нысаны бар, 64 саяжай қызмет көрсететін бұл өңірге өткен жылы 41 488 демалушы келген. Былтыр, Көксәйек ауылдық окургінде «Сақ» демалыс аймағының құрылысы жүргізіліп, мекеме балық шаруашылығы, тамақтану қызметі және сақ моншасын іске қосты. Кемеқалған ауылдық округіндегі «Алма-тау» тау курортында қосымша қонақүй және спорт кешенінің құрылысы жүргізілген. Төлеби ауданының әлеуеті туризмді дамытуға қолайлы болғандықтан, бұл салаға тартылған инвестиция көлемі де артып келеді. Ендігі кезекте Қаратөбе ауылдық округі аумағынан кәсіпкер «Нұрлы сан» демалыс аймағын іске қосуды жоспарлап отыр. Тартылатын инвестиция көлемі 1 миллиард 500 миллион теңгені құраған. Демалыс аймағына 45 коттедж, сауықтыру орталығы, футбол алаңы мен бассейн, теннис алаңдарының құрылысы жүргізіледі. Жоба іске асқан жағдайда 65 адам маусымдық, 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Одан бөлек, 2022 жылы Ленгір қаласында 180 пәтерлі 9 көпқабатты тұрғын үй халық игілігіне пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, өткен жылы ауыл шаруашылығы саласының өнім көлемі 61,6 миллиард теңгені құраған. Яғни егін шаруашылығы саласында 24 миллиард 446 миллион теңгенің өнімі өндірілсе, мал шаруашылығы саласында 37 миллиард 238 миллион теңгені құрады. Сондай-ақ, өткен жылы балық өсіру шаруашылығы қолға алынып, бұл салаға 100 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бүгінде арнайы бассейнде 13 мың дана сазан балығы өсіріліп жатыр.

Айта кетейік, аудандағы 55 елдімекеннің 54-і, яғни 98,2%-ы орталықтандырылған ауыз су құбырына қосылса, 51-і орталықтанған табиғи газбен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, 29 елді мекеннің 73 көшесінің электр желілері және трансформаторлары ауыстырылады. Ленгір қаласындағы кәріз жүйесіне қатысты мәселені шешу мақсатында «3-Кәріздік тазарту қондырғысының» (КОС-3) құрылысын жүргізу қолға алынды. Жоба құны 2,6 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.