Түркістан облысында инвестициялық штабтың кезекті отырысында кәсіпкер жұмыртқа, тауарлық құс еті және шұжық өнімдерін өндіретін құс фабрикасын салу жобасы туралы айтып берді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында өңірде жүзеге асырылуға ұсынылған бірнеше инвестициялық жоба талқыланды. Атап айтсақ, инвестициялық штаб отырысында «UNITED GOLD» ЖШС-нің директоры М.Қасқабаев Бәйдібек ауданында мырыш өндіру және байыту жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, жобаны бірлесіп іске асыру үшін Түркияның «Tekşan Madencilik» компаниясымен келісімге қол жеткізілді. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен жоба бастамашысы арасында «Бесағаш-1» кен орнын барлауға келісімшарт бар. Кен қорларын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы құны – 1,8 миллиард теңге. Ол жүзеге асса, 200 адам жұмыспен қамтылады. Инвестор 4 шақырым жерге электр желісін тарту қажеттігі жөнінде айтты.

«Корпорация «ERNUR» ЖШС-нің басшысы Ерлан Нұрмаханов жұмыртқа, тауарлық құс еті және шұжық өнімдерін өндіретін құс фабрикасын салу жобасы бойынша айтып берді. Жобаны жүзеге асыру үшін Бәйдібек ауданында жер учаскелері қарастырылып жатыр. 2023-2026 жылдары аралығында жүзеге асатын жобаның құны – 15 миллиард теңге. 50 адам жұмыспен қамтылмақ. Жобаны іске асыру үшін 40 гектар жер мен электр қуаты қажет.

Облыс әкімі әрбір инвестордың ұсынысы мен жоспарын мұқият тыңдап, жобаны сапалы атқару қажет екенін атап өтті.

– Облыс және аудан, қала әкімдіктері, басқармалар тарапынан инвесторларға қолдау көрсетіледі. Бірақ сіздер де әр істі келісімшартқа және жоспарға сай уақтылы әрі сапалы атқаруларыңыз керек. Жерді құр алып қойып, оны пайдаланбай отырсаңыздар, қайтадан қайтарылады. Біз әрбір жобаның іске асырылу барысын мұқият қадағалап, туындайтын мәселелерді шешуге жәрдемдесеміз. Сондай-ақ жақын арада сіздердің жобаларыңыз іске асып, облысымыздың экономикасының дамуына драйвер болады деп үміттенеміз, – деді Дархан Сатыбалды.

Инвестициялық штаб отырысында «SIPtechnology» ЖШС Түркістан қаласындағы Арнайы экономикалық аймақта коттедж қалашығын салуға ниетті екенін білдірсе, Түркістан қаласында «Chery» автокөлік маркасының дилерлік орталығын салу мәселесі де көтерілді. «Саяхат Моторс — Түркістан» ЖШС өкілінің айтуынша, құны 1 миллиард теңге болатын жоба жүзеге асса, автомобиль орталығында 100 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен бірге 25 адамды жұмыспен қамтитын «Газпромнефть» автомобиль жанар-жанармайын құю бекетінің құрылысы мен Отырар ауданында жүгеріні терең өңдеп, биоэтанол шығару жобасын жүзеге асыру жолдары да талқыланды. «Otyrar Bio Tech» ЖШС атқаратын жүгеріні терең өңдеу жобасының құны – 72 миллиард теңге. 2025 жылға қарай ашылатын зауытта 154 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Қазір ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр.

Сайрам ауданында «CAPABLE GROUP» Мүгедектер Қоғамы» жылына 100 миллион дана жөргектер шығаратын цехын іске қосқан. Қазіргі уақытта, жобаның бастамашысы қосымша 3 өндіріс желісін (2 жөргектер желісі, 1 тұрмыстық химия желісі) іске қосумен өндірістік қуаттылықты кеңейту бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұл ретте, жобаның бастамашысы 3 миллиард теңгеге жабдық сатып алу мәселесі бойынша «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржыландыруға қатысты келіссөздер бастаған. Жалпы құны – 8 миллиард тенге. Жобаның жылдық қуаты – 350 миллион дана. Аталған жобаны жүзеге асыру барысындағы инфрақұрылымға қатысты мәселелер де ашық айтылып, ұсыныстар берілді.

Жиында Жетісай және Шардара аудандары әкімдерінің инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар бойынша есебі тыңдалды. Жобалары таныстырылды. Өңір басшысы аудан әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

– Ауданға келген инвесторларға мемлекет тарапынан ұсынылатын жеңілдіктер мен қолдауларды түсіндіріңіздер. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша тапсырмалар сапалы атқарылсын, – деді Дархан Сатыбалды.

Инвестиция тарту үшін Түркістан облысы елді мекендерінің сапалы инфрақұрылыммен қамтылуына ауқымды мониторинг жұмыстары да жүргізіледі. Бұрын-соңды болмаған бұл шара барысында ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту саласы егжей-тегжейлі сараптамадан өтеді. Нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді. Анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары жауаптыларға жүктеледі. Бұл мәселе де Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжіліс отырысында назардан тыс қалған жоқ.

Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің баяндауынша, басқарма тарапынан мониторинг жүргізу жөнінде хат «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС, «Казтрансгаз» АҚ ТӨФ, Су беруші мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға жолданған.

Ауыз сумен қамтамасыз етілу барысына мониторингте аудан, қала, ауылдық округ, елді мекен атауы, халық саны, абонент саны, ауыз судың берілуі (кестемен берілудің себебі), судың сапасы толық көрсетіледі. Су беруші мекеме атауы, ауыз су жүйелерінің пайдалануға берілген жылы, су көзі, құбыр ұзындығы, полиэтилен немесе шойын, су жинағыш резервуар (саны, көлемі, м3), қондырғы қуаттылығы, суды тазартқыш қондырғылар, хлоратор, су тазарту станциясының салынған жылы, саны анықталмақ.

Сапалы табиғи газбен қамтылу барысына да солай мониторинг жасалмақ. Аудан, қала елді мекен атауы, халық саны, абонент саны, қамтылған және қамтылмаған абонент саны (қосылмау себебі), желінің ұзындығы, орнатылған газ желілерінің түрі, техникалық жағдайы, АГТС, газ желілерінің теңгерім ұстаушысы, желінің өткізу қабілеті, ГРПШ 6/10 саны көрсетіледі. Сондай-ақ елді мекеннің қосылу нүктесін анықталып, АГТС-тің қуаты, газ жүйелерінің пайдалануға берілген жылы да ұсынылады.

Электр қуатынымен қамтамасыз ету бойынша аудан, қала, ауыл атауы, халық саны, абонент саны, елді мекеннің қосылу нүктесі (қосалқы станция, ЖТҚС, электр желісінің атауы), елді мекендегі барлық электр қондырғылары туралы ақпараттарды толықтыру (ЖТҚС саны және қуаты, 10-0,4 кВ электр желісінің жалпы ұзындығы), сапалы электр қуатымен қамтылмаған абонент санын анықтау көзделген. Нормативтік талапқа сәйкес емес қосылған абоненттер саны, орнатылған трансформатордың қуаты, электр желілерінің техникалық жағдайы бойынша мәлімет алынады.

– Халықты сапалы ауыз сумен, жарық пен табиғи газбен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Тұрғындардың негізгі өтініштері де инфрақұрылымға қатысты болып тұр. Бұл саланы әрі қарай дамыта береміз. Облыстың инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді. Осы бағыттағы жоспарлы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Ауыз сумен қамтамасыз ету саласында атқарылатын жұмыстар да ауқымды. Биыл жалпы құны 51,5 миллиард теңгеге 66 нысан құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 46 нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Қалған нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі.

Нәтижесінде су құбыры мүлдем жоқ 18 елді мекен (Бәйдібек – 1, Сарыағаш –7, Келес – 4, Қазығұрт – 1, Ордабасы – 4, Отырар –1) ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 12 елді мекеннің (Жетісай – 1, Бәйдібек – 2, Қазығұрт –1, Төлеби – 4, Мақтаарал – 1, Ордабасы – 1, Түлкібас – 2) тозығы жеткен су жүйелері қайта жаңартылады. 2023 жылдың қорытындысымен 833 елді мекеннің 738 елді мекені ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі.

2023 жылы газбен жабдықтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағында жалпы құны 60,3 миллиард теңге болатын 100 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 70 нысанның құрылысы аяқталады, қалған 30 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде биыл 56 елді мекеннің 145 мыңға жуық халқы табиғи газ пайдалануға мүмкіндік алады.

Биыл халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жалпы құны – 47,2 миллиард теңге болатын 71 нысанның құрылысы жүргізілуде. 2023 жылы 40 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған, қалған 31 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде жыл соңына дейін 47 елді мекендегі 122,3 мың тұрғын сапалы жарықпен қамтылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.