Түркістан облысы: Созақ ауданында биылғы бірінші тоқсанда ауыл шаруашылығы саласында 3 миллиард 867 миллион теңгенің өнімі өндірілген

Ғимараттары мен оның аумағының тазалығы сын көтермейтін, күл-қоқысқа толған білім ұяларының директорлары қызметімен кетуі мүмкін. Санитарлық талаптар сақталмаған мектептердің жай-күйі Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Созақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кезекті көшпелі мәжілісінде ортаға салынды. Отырыста барлық саладағы кемшіліктер талқыланды. Облыс әкімі білім, денсаулық сақтау, санитарлық тазалық, елді мекендерді абаттандыру саласындағы мәселелерді де шешуді тапсырды. Аудан әкімі мен жауапты басқармаларға жұмысты жандандыруды тапсырды.

– Жанашырлық болмаса, тірлік – осы. Әлеуметтік нысандарды күтіп әрі таза ұстауға қосымша қаржының қажеті жоқ. Ниет пен талап керек. Өзі басқаратын мекеменің тазалығын сақтай алмайтын директорлар мен басшылардың қызметтік жауапкершілігі қаралуы тиіс. Мәдениет үйінің маңының өзінен кемшілік анықталып отыр. Ауданда инфрақұрылым мен елді мекендерді абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар өз деңгейінде емес. Көрсетілген кемшіліктерді жою үшін 15-ші маусымға дейін уақыт береміз. Ауданда жалпы 12 қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын орын бар. Оның алтауы экологиялық талаптарға сай келмейді. Күл-қоқыстарды қысқа мерзімде жойып, полигондарды ретке келтіру, сондай-ақ, тазалық жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу керек. Ұзаққа созылған құрылыс нысандарының да мәселесін жедел шешкен жөн. 2018 жылдан бері индустриалды аймақта жобалар іске аспаған. Осыған байланысты ауданда инвестиция тарту жұмыстарын күшейту үшін кемінде жаңа инвестициялық жобаларды ұсынып, сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуді тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Көшпелі мәжілісте Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды дамыту бағытында кездескен әрі қордаланған мәселелер жөнінде баяндады. Әр сала бойынша атқарылған жұмыстар мен кемшіліктерді мәлімдеп, жұмысты ширату жөнінде нақты ұсыныстар берді.

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков ауданды дамыту бағытында атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы есеп берді. Жыл басынан бергі 4 айдағы экономикалық көрсеткіштерге тоқталды. Жергілікті бюджет кірістеріне 2022 жылы 17 млрд. 736 млн. теңге қаржы түсіп, жоспар 100,8 пайызға немесе 132 млн. теңгеге артығымен орындалды. Биылғы жылдың I тоқсанында жергілікті бюджет кірістеріне 3 млрд. 799 млн. теңге қаржы түсіп, жоспар 141,3 пайызға жеткен немесе 1 млрд. 110 млн. 534 мың теңгеге артқан. Бірінші тоқсанда ауданда 121 млрд. 967 млн. теңгенің жалпы өңірлік өнімі, ауыл шаруашылығы саласындағы 3 млрд. 867 млн. теңгенің өнімі өндірілген.

Мәжілісте облыс әкімі тарапынан аудан әкімі мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Олардың орындалуы қатаң бақылауда болады. Созақ ауданының инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындарының өмір сапасын көтеру жұмыстары жалғасын табады.

Сонымен қатар жұмыс сапары барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Созақ ауданындағы өзекті мәселелері бар инфрақұрылым нысандары мен ғимараттардың жай-күйімен де танысты. Алдымен Шолаққорғандағы Созақ аудандық орталық ауруханасының ғимаратын көрді. Нысан 2009 жылы пайдалануға берілген. Кәріз және жылу жүйесіне 2021 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аудандық орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары қажет.

Жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Сондай-ақ  аурухананы қосымша электр желісімен қамтамасыз етуді қажет. Өңір басшысы жауаптыларға мәселені бақылауда ұстауды тапсырды. Жастарды ауыл ауруханаларына жұмысқа тарту мәселесіне басымдық беру керектігін айтты.

Одан кейін облыс әкімі АГТС бар магистральды газ құбырының құрылысымен танысты. Шолаққорған ауылдық округі мен Жеткіншек елді мекенін «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету мақсаты көзделген нысанның құрылысы 2018 жылы басталған. 2019 жылдан осы уақытқа дейін 3 615 974,0 мың теңге игерілген. Биыл АГТС қондырғыларын орнатып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын толық аяқтау үшін қаражат қажет.

– Өңірде құрылысы бірнеше жылға созылып келе жатқан нысандар бар. Бұл мәселеге нүкте қоятын кез келді. Енді мұндай кемшілікке жол берілмеуі тиіс. Қаржысы бөлінсе, жер анықталса, мердігер жұмысты уақытында аяқтауы керек. Әрбір кешіккен құрылыстың артында елдің мәселесі тұрғанын естен шығармайық,– деген Дархан Сатыбалды аудан әкімі мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді. 

Созақтағы АГТС бар магистральды газ құбырын толық аяқтауға қолдау көрсетіледі. Газ құбырының ұзындығы 200 мың метрден асады. Жалпы бүгінде Шолаққорған елдімекенінде 20 мыңға жуық халық тұрады. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.