Түркістан және Юэцин қалалары арасында бауырластық қатынастар орнату туралы меморандум жасалды

Жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қытай мемлекетіне жұмыс сапарымен барып, бірқатар келісімдер жасаған болатын. Осы бағытта жұмысты жүйелеу үшін Түркістан облысына Қытай Халық Республикасындағы Юэцин қаласының өкілдері арнайы жұмыс сапарымен келді. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков және сала басшылары қатысты.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Түркістан облысының әлеуетіне тоқталып, бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларға толық қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Халық тығыз орналасқандықтан, бұл аймақ үлкен кадрлық әлеуетке ие. Түркістан – бизнеске бағдарланған өңір, онда 170 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді. Аймақ табиғи кен орындарына бай. Ауыл шаруашылығымен жыл бойы айналысуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар Түркістанда туризм саласын дамыту Мемлекет басшысы қойған басты міндеттердің бірі екенін атап өткім келеді. Осыған байланысты біз туристік инфрақұрылымды жақсартуға, оның ішінде қонақ үйлер мен туристік кешендердің құрылысына ерекше назар аударамыз. Біздің облыста бірлескен жобаларды әзірлеу үшін үлкен әлеует бар, – деді Нұралхан Көшеров.

Өз кезегінде Юэцин қаласының вице-мэрі Джуо Сайлонг Түркістан қаласымен экономика және сауда, білім және мәдениет салалары бойынша ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін жеткізіп, әріптестік құрметке ризашылығын білдірді.

Басқосуда Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен Юэцин қаласының вице-мэрі Джуо Сайлонг екі қала арасындағы бауырластық қатынастар орнату туралы меморандумға қол қойды.

Соңғы 5 жылда өңірге инвестициялар тарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Түркістан қаласына тартылған инвестиция көлемі артты.

Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесін беру қалаға ғана емес, бүкіл өңірге инвестициялар тартуға айтарлықтай серпін берді. Қазіргі таңда Түркістан облысының салалық мамандануын, сондай-ақ экономикалық дамудың басым бағыттарын ескере отырып, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, жер қойнауын пайдалану, туризм, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға инвестиция тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде, 2018 жылдан бастап облысқа өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм, және логистика сияқты салаларға 5,8 миллиард АҚШ долларына жуық инвестициялар бағытталды. Қаржыландырудың басым көзі – жеке инвестициялар. Өңір экономикасына 2027 жылға дейін шамамен 6,7 миллиард АҚШ доллары көлемінде жеке инвестициялар тартып, 300-ден астам инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

Айта кетейік, өңірде индустриалды және арнайы экономикалық аймақтар бар. Мұнда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін, сондай-ақ әртүрлі салық жеңілдіктерін ұсынады.

Юэцин – теңіз жағалауында орналасқан қала. Қытай еліндегі 100 мықты қаланың ішінде 13-орында тұр. Әлемдегі 6 мемлекетпен келісімшартқа тұрып, жақсы нәтижелерге қол жеткізген.

Бұдан бөлек Қытай Халық Республикасы, Юэцин қаласының өкілдерінің Түркістан облысына іссапары аясында «Turkistan» Индустриалды аймағы мен Арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен танысты.

Кездесуде Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов кәсіпкерлерге ұсынылатын инфрақұрылымы дайын аймақтар туралы айтып өтіп, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

– Бүгінде өңірімізде 9 индустриалды аймақ бар. Жақын күнде тәжірибемізде алғаш рет іске асқалы жатқан агроиндустриалды аймақтың да ашылуы жоспарлануда. Одан бөлек, Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта Brownfield (Браунфилд) – дайын өндіріс ғимараттары салынған. Түркістан қаласында ғана емес, жалпы облыс аумағында да өңірдің инвестициялық климатын жақсарту және жергілікті инвесторларға қолдау көрсету мақсатында өңірімізде өндірістік ғимараттар салу бойынша жұмыстар атқарылуда, – деді басқарма басшысы.

Мұнда кәсіпкерлер үшін инфрақұрылым жұмыстары индустриалды аймаққа дейін тартылады. Яғни, ауыз су, газ, электр және жарықтандыру желісі, жол, жер жұмыстары мен қоршау жүргізіледі.

Жалпы индустриалды аймақтың аумағы 538 гектарды құрайды. Түркістан облысының индустриалды аймақтарында 63 жоба орналасқан. Жалпы құны – 44,4 миллиард теңге. 3092 жұмыс орны бар. Олардың қатарында «Grand Miks», «Асыл Бастау.KZ», «Көрік ШҚ», «CG Food Central Asia», «Kaztor LTD» сынды бірқатар кәсіпорындар бар. Аймақта құрылыс жабдықтарын өндіруге басымдық берілген. Атап айтсақ, бетон, темір бетон, кірпіш, торлар, трансформаторлық жабдыққа арналған жинақтауыштар мен ас тұзы, дайын тағам өндірісі, ауыз су және шырын, жиһаз және жиһаз жабдықтары, тігін, мақта талшықтарын қайта өңдеу және т.б. кәсіптер кеңінен дамыған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You