Түркістан облысы: Арыс қаласының Ақдала ауылы бойынша «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 10 жобаға 30,0 миллион теңге көлемінде несие комитетінен оң қорытынды алынды

Бүгін Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Ақдала ауылы тұрғындарымен кездесу өткізді. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Биыл Ақдала ауылында 240 орынға арналған кітапхана мен мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігіне беріледі.

«Ақдала, П.Арапов елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. 2024-2025 жылдары құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда», — деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.

Қала басшысы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы айтты.

«Менің тапсырмама сәйкес, «Ауыл аманаты» бағдарламасын тұрғындарға түсіндіру, құжаттарды рәсімдеуге жәрдемдесу мақсатында жұмысшы топ құрылған. Сала мамандары ауыл әкімдігімен бірлесіп жан-жақты ақпарат беріп, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиенің құжаттама жұмыстарына әрдайым көмек көрсетіп отыруы керек», – деді қала әкімі.

Аталған бағдарламаға Ақдала ауылы бойынша 10 жобаға 30,0 миллион теңге көлемінде несие комитетінен оң қорытынды алынған. Тағы 11 жоба комиссия қарауына ұсынылып, шешімі күтілуде.

Бұдан бөлек, биыл Ақдала елді мекенінде ортақ жайылым жерлер 1500 гектарға ұлғайтылып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 27,3 гектар жер қайта айналымға қосылған.

Ал, 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында 12 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа орналасқан. Тағы төрт жас маман «Жастар практикасымен» еңбек етіп жатса, зейнет жасына жақындаған бір азамат «Күміс жас» жобасы бойынша қызмет жасауда. Одан бөлек, ақдалалық бір азамат қайтарымсыз 1 380 000 теңге көлемінде мемлекеттік грант алып кәсібін бастаған.

Биыл округ аумағында орналасқан Ақын Жақып кесенесіне абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, Ақдала ауылындағы 5,3 шақырымды құрайтын электр желілері мен 1 дана трансформатор ауыстырылатын болады.

Жиында ауыл тұрғындары суармалы жер, қаңғыбас иттер мәселесі, несие алуға құжат рәсімдеу, жол қауіпсіздігі секілді сұрақтар қойды.

Қала басшысы көтерілген мәселелерді заң аясында шешуді жауапты сала басшыларына тапсырып, шешілу мүмкіндіктерін міндеттеді.

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Ақдала ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуден соң, азаматтарды жеке өтініштері бойынша қабылдады. Тиісті сала жетекшілерінің қатысуымен өткен шараға жергілікті 5 азамат жеке өтінішпен келді.

Қабылдау шарасында тұрғындар тұрақты жұмыс, суармалы жер алу, тұрғын үй мәселесі, ауылды абаттандыру, ауылдағы жол қауіпсіздігі сынды түйткілдерді айтты.

Шаһар басшысы әрбір тұрғынның жеке мәселесін тыңдап, бірқатарына заңдылыққа сәйкес жауап берсе, бірқатар мәселені шешу үшін тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеді.

Бұдан бөлек Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова бүгін түстен кейін Дермене ауылы тұрғындарымен кездесуге келді. Округте атқарылған жұмыстар мен алдағы атқарылатын ілкімді істерді бірлесе пысықтады.

Кездесуге қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, Арыс аудандық прокуроры Талғат Сейдуалиев және бөлім басшылары қатысты.

«Дермене ауылдық округінің негізгі кәсіп түрі мал шаруашылығы болғандықтан, округтегі мал шаруашылығының дамуына қолдау көрсетілуі тиіс. Ағымдағы жылдан басталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының тұрмысын көтеруге бағытталған төмендетілген пайыздық (2,5 пайыз) несие алуға ниет білдірген азаматтарға қолдау көрсетіліп, осы бағытта жұмысты күшейтуіміз керек», – деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.

Қазіргі таңда Дермене ауылдық округі бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 16 жобаға 72,0 миллион теңге несие комитетінен оң қорытынды алынған. Тағы 5 жоба комиссия қарауына ұсынылды.

Ең бастысы, Дермене, Теміржолшы, Орманды, Саналы, Қаражантақ елді мекендерін табиғи газбен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Сәтін салса, құрылыс жұмыстары 2024-2025 жылдары басталады.

Бұдан бөлек, округте 19 жұмыссыз жүрген азаматтар ақылы қоғамдық жұмысқа; үш жас маман «Жастар практикасы» бойынша; тағы екі адам «Күміс жас» жобасы арқылы, тағы 2 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен тұрақты жұмысқа орналасқан.

Сондай-ақ, электр жүйелерін жаңарту мақсатында Теміржолшы мен Қызылкөпір елді мекендерін электрмен жабдықтау жобалары әзірленді. Дерменеге заманауи спорт кешенін салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық бюджетке ұсыныс берілді. Ал, Саналы елді мекенінің ауыз су жүйесін күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Кездесуде тұрғындар 2,5 пайыздық несиеге құжат рәсімдеудегі кедергілер, көшелерге тас төсеу, тұрғын үй көтеруге жел телімдерін алу мәселелерін айтты. Қала әкімі әрбір ұсынысты іс-шара жоспарына енгізіп, заң шеңберінде жүзеге асыруды сала мамандарына жүктеді.

Орайы келгенде атап өту керек, бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Дермене ауылдық округі тұрғындарымен кездесуде демеушілік танытып жүрген мектеп түлектеріне айрықша алғысын білдірді.

«Қазіргі таңда Арыс өңірінде түлектер ауылға тарту жасауды дәстүрге айналдырып келеді. Әсіресе, абаттандыру, түрлі салалардың дамуын қарқындату бойынша ілкімді іс көп. Арыста әр жылдары мектеп бітірген түлектер өздерінің мерейлі жылдарында ауылға тарту жасауды үрдіске айналдыруда. Мұның бәрі ауыл халқының бірлігінің арқасында», — деді Гүлжан Мамытқызы.

«Атап айтқанда, өткен жылы Ж.Тәшенов мектебінің 1985 жылғы туған 20 жылдық түлектері 80 адамға арналған құрастырмалы шатырды туған ауылдарына сыйға тартты. Сондай-ақ, Дермене мен Теміржолшыны жалғайтын аспалы көпірге жарықшамдар орнатқан. Ал, Саналы елді мекеніндегі Қаражантақ мектебінің 1985 жылы туған 20 жылдық түлектері, ұзындығы 1500 метр құрайтын Нұрлы көшесіне жарық бағаналарын орнатып берген. Биыл Ж.Тәшенов мектебінің 1986 жылы туған 20 жылдық түлектері Дерменеде «Әкімқары» мешітіне электр тоғымен жылитын жылу батареяларын орнатты. Онымен шектелмей, Теміржолшы елді мекеніне халықтың ортақ пайдалануына 100 адамға тамақтануға арналған үстел-орындықтарымен тарту жасады. Атымтай жомарт азаматтардың жәрдемімен ауыл келбетіне көрік қосатын нысандардың артуы да ауыз толтырып айтарлықтай, өзгелер үлгі аларлықтай дүние. Сондықтан барша қайырымдылыққа жаны жақын азаматтарға тағы да алғысымды айтамын. Дермене халқының бірлігі жараса берсін!», — деп түйді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.

Ауыл тұрғындары да осындай қайырымды іске ұйытқы болған азаматтарға айрықша алғыстарын білдіретіндерін жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.