Созақ ауданында ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі өткен жылы 19 миллиард 671 миллион 500 мың теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 429,2 миллион теңге, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 113,6 миллион теңге инвестиция тартылды. Бұл туралы бүгін Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде 2023 жылға арналған жоспарлар және өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша өткен брифингте Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков айтты.
Спикердің сөзінше, өткен жылы ауданда 14 275 гектар жерге егіс егілген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласы үшін 25 жаңа техника сатып алынған. Ауданда ағын суды үнемдеу мақсатында Шолаққорған ауыл округінен «Атамекен» шаруа қожалығына 40 гектар, «Жанболат» шаруа қожалығына 12 гектар, Таукент кентінен «Сейілбек ата» шаруа қожалығы 10 гектар, барлығы 62 гектар аумаққа жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылған.
– 2022 жылдың қорытындысымен барлық санатта 35 445 мүйізді ірі қара, 288 829 қой-ешкі, 23 656 жылқы, 14 375 түйе, 25 587 құс өсіріліп жатыр. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 5416 мүйізді ірі қара аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылды. Фермерлік шаруашылықтар 3914 қой аналығын несиелендіру жолымен сатып алды. Ал биылғы I тоқсанның қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 3 миллиард 867 миллион 100 мың теңгені құрады. Бұл саланың негізгі капиталына биылғы I тоқсанда 46,6 миллион теңге инвестиция тартылды. Сондай-ақ, 11 920 гектар жерге егіс егілді. Бүгінде 3 техника сатып алынды, — деді Мұхит Сексенбайұлы.
Сондай-ақ Шолаққорған-Түркістан бағытында «Жасыл белдеу» аймағы ұлғайып келе жатыр. Демеушілер есебінен жол бойындағы 3 гектар жерге бүгінге дейін 6 мыңға жуық тал егілген. Тал көшеттері отырғызылған аумақ шарбақтармен қоршалған. Бүгінде өткен жылы отырғызылған тал көшеттері толықтай өніп тұр. Алдағы уақытта ол жерге қосымша бақша дақылдарын егу жоспарланған.
Сонымен қатар, өткен жылы 1207, биыл 28 жаңа кәсіпкерлік субъектісі ашылып, жалпы саны 4 792-ні құрады. Осы жылы инвестициялық 7 жоба іске асырылады. Атап айтсақ, өңдеу өнеркәсібі саласындағы «Созақ Фосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар өндірісі, «Састөбе» инновациялық комплексі ЖШС-нің тұз сақтау қоймасы, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ АҚ күкірт қышқылын өндіру. Осы аталған 3 жоба биыл басталып, 2025 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал агроөнеркәсіп саласы бойынша «Атамекен» шаруа қожалығы мен «Дәмен» шаруа қожалығы — жаңбырлатып суару, «Қуаныш» шаруа қожалығы — органикалық тыңайтқыш — биогумус өндіру, ЖК «Б.Исаевқа» тиесілі шағын сүт фермасы жобалары биыл аяқталады деп жоспарланған.
Одан бөлек, индустриалды аймақта 5 кәсіпорынға 10 гектар жер телімі берілген. Яғни «Uko-S Star» — уран тасымалдауға арналған болат бөшкесін шығару, «Uko-S Star» Металл құрастыру зауыты» ЖШС-і — техникалық май тасымалдауға арналған болат бөшкесі, «Дархан-Ас» өндірістік кооперативі өз жұмыстарын жүргізіп отыр.
2021 жылдан өтпелі болып іске асырылған 4 нысанның құрылысы 2022 жылы толық аяқталды. Олар — Жуантөбе және Қаратау ауылдарының әкімшілік ғимаратының құрылысы, Шолаққорған ауылындағы Қожанов көшесі бойынан әкімшілік ғимаратына қосымша жай құрылысы, Аққолтық елдімекенінде 75 орынға арналған мәдениет үйінің құрылысы. Сондай-ақ, құрылысы жүргізіліп жатқан Созақ ауылындағы спорт алаңы биыл желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал Қаратау ауылында жабық шағын футбол алаңының құрылысы басталды. Биыл қыркүйек айында ел игілігіне тапсырылады.
Аудан орталығы Шолаққорған ауылын табиғи газбен қамту үшін 190 шақырымды құрайтын 100-ге жуық көшеде орналасқан 3200 абонентке газ құбыры жүргізілді. Шкафты газ реттеу пунктінің орындары дайындалған. Биыл құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталады. 2024 жылы АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылған жағдайда Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елдімекені тұрғындары табиғи газбен қамтылады.
Жалпы, аудан көлемінде 917 шақырым автомобиль жолдары бар. Оның ішінде 435 шақырымы — облыстық маңызы бар жолдар, 79 шақырымы — аудандық маңызы бар жолдар, 403 шақырымы — елді мекендердің ішкі жолдары.
Айта кетейік, өткен жылы ауданда «Ауыл — Ел бесігі» бағадарламасы аясында республикалық бюджеттен ұзындығы 30,5 шақырымды құрайтын 19 көше жергілікті бюджеттен ұзындығы 3,6 шақырымды құрайтын 4 көшеге барлығы 23 көшенің 34,1 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Бұл бағытта жұмыстар ағымдағы жылы да қарқын алып, елді мекендердің ішкі 24 көшесіне асфальт жабындысы төселмек. «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 15,6 шақырымды құрайтын 13 көшеге, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін қаржы қаралып, қазіргі таңда мердігерді анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Нәтижесінде аудан бойынша 403 шақырымды құрайтын елді мекендердің ішкі көшелерінің 239 шақырымы (59%) асфальт болса, 2023 жылдың қорытындысымен 266 шақырымға (66%) жеткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 152 шақырымына асфальт жабындысын төсеу жұмыстары 2022 жылы басталған. «КХ-2 Ұланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының Шолаққорғаннан Ыбырайға дейінгі — 83 шақырымына, «КХ-57 Созақ-Қарағұр-Бақырлы» автомобиль жолының Созақтан Қарағұрға дейінгі — 30 шақырымына, «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» Шолаққорғаннан Құмкентке дейінгі автомобиль жолының 39 шақырымына асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.