Шымкентте экономиканың дамуына тың серпін беріп отырған саланың бірі – өнеркәсіп. Бүгінде Шымкентте жұмыс істеп тұрған 5 өндірістік алаң бар. Онда жалпы құны 350 миллиард теңгенің 335 инвестициялық жобасы жүзеге асып жатыр. Өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты, жаңадан жалпы аумағы 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аймағын құру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, жаңадан 3 индустриалды аймақ ашылып, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен Шымкент көлік-логистикалық аймағын кеңейту көзделуде. Бұл аймақтарда жалпы жиынтығы 400 млрд. теңгеге 284 инвестициялық жоба іске асырылады. Онда 12 мыңға жуық жұмыс орны құрылады.
Жаңадан құрылатын «Жұлдыз» индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр. Онда машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 200 млрд. теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Бұл 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған аймақта инвестициялық құны 147 млрд. теңге құрайтын, 42 жобаны іске асыру жұмыстарын бастап кеттік. Оның ішінде 2023 жылы инвестициялық құны 7 млрд. теңге құрайтын, 400-ден аса жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу көзделуде.
Қазіргі таңда «Жұлдыз» индустриалды аймағына тартылатын ауыз су құбыры 12,5 шақырымды құрайды. Бүгінге дейін құрлысы жұмыстың 93 пайызы, 11 шақырым кәріз жүйесінің 24 пайызы, 2,5 шақырым электр желісінің 26 пайызы, және газ құбырының 62 пайызы орындалған.
Сондай-ақ, автомобиль жолдарының құрылыс жұмыстары жобаға сәйкес атқарылуда. Жалпы ұзындығы 13,8 км құрайтын автомобиль жолының 2,3 шақырымы (95%), ішкі орамдағы 3,7 шақырым (30%) жолдың құрылысы жасалған. Аймаққа инфрақұрылым тартуға бағытталған құрылыс осы жылдың қыркүйек айында аяқталады екен.