Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс үшінші сессиясында өңір басшысы «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға байланысты ұсыныс айтты

2023 жылғы 12 маусымда сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс үшінші сессиясы өтті. Алдымен қатысушылар Абай облысындағы орман өртін сөндіру барысында қаза тапқан азаматтарды еске алып, бір минут үнсіздік жариялады.

Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезектен тыс үшінші сессиясының жұмысына облыс әкімі Дархан Сатыбалды, облыс әкімдігінің мүшелері, басқарма басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді.

Облыс әкімі мәслихаттың жұмысына табыс тіледі.

– Бүгінгі сессияда көтерілген ұсыныстар қолдау тапты. Депутаттарға алғысымды білдіремін. Өңірді дамыту бағытында жүйелі жұмыс жалғасуы тиіс. Біз мектептерді қоршау, лицензиясы бар күзетпен қамту және өзге де мәселелерді түбегейлі шешуді жоспарлап отырмыз. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толады. Бес жылда облысты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Өңірдің экономикасы, Түркістан қаласының жаңа келбеті қалыптасты. Шаһардың әлеуеті, сәулеті артып, республикалық іс-шаралар өтіп жатыр. Түркістан қаласының инфрақұрылымы жасақталды. Ендігі кезекте ауылдарға көңіл бөлуіміз керек. Халықпен кездесу және көшпелі мәжіліс өткізу үшін ауыл-аймақтарды бірнеше реттен аралап шықтым. Жағдайын, мәселелерін жақсы білемін. Президентіміздің тапсырмасымен «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асуда. Өңірімізге 20 миллиард теңгедей бөлінді. Осы ретте жобаны жүзеге асыру үшін 32 ауылға бір-бір депутаттан бекітіліп, жұмысқа атсалысса деген ұсыныс бар. Елге түсіндіріп, кәсіппен қамту керек. Екіншіден, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстарға сіздер де үлес қосады деп сенемін. Тұрғындарымыздың 90 пайызы ауылда тұрады. Оларға жан-жақты қолдау көрсеткен жөн. Өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту маңызды. Ауылдағы ағайынның әлеуетін көтеру бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді Дархан Сатыбалды.

Күн тәртібінде Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2017 жылғы 24 тамыздағы №14/172-VI «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекетттік міндеттемелерді қабылдау туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; Түркістан облыстық мәслихатының 2019 жылғы 13 қыркүйектегі №42/442-VII «Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі Түркістан облыстық комиссиясының дербес құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы; Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 14 қыркүйектегі 17/220-VII «Облыстық жер комиссиясының құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелері қаралды. Сонымен бірге «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы; Түркістан облысының Құрмет грамотасымен марапаттау туралы ұсыныстар да қаралды.

Аталған 5 мәселе бойынша тиісті басқарма басшылары баяндама жасады. Сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.

Сонымен қатар бүгінгі Түркістан облысы әкімі аппаратының мәжілісі де Абай облысында орман өртін сөндіру барысында қаза тапқан 14 азаматты бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Облыс басшысы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында мемлекеттік сатып алу жұмыстарының барысы және өзекті мәселелері және проблемалық құрылыс нысандарының жай-күйі талқыланды. Облыс әкімі бұл бағыттарда немқұрайдылыққа жол берген басшыларды сынға алып, жұмысты ширатуды тапсырды. Құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиевтің баяндауынша, бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған 7 мектептің құрылысы араға уақыт салып, қайта жанданбақ.

Қазығұрт, Отырар және Ордабасы аудандарында орналасқан білім ұялары мердігерлер тарапынан тоқтаған. Бағаны көтерілуі мен пандемия салдарын алға тартқандардың істері сотта қаралып жатыр. Бірқатары бойынша шешім шығып, құрылыстың конкурсы қайтадан өткізіле бастады. Әртүрлі себептермен үш көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы да тоқтап тұр. Іс сотта қаралуда. Құрылысты созғандар жосықсыз мердігерлер тізіміне енеді. Орта мектептердің құрылыс компанияларын мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушылары тізіліміне енгізу және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талаптары сотта қанағаттандырылды.

– Жосықсыз мердігерлерге шара қабылдау қажет. Маңызды әлеуметтік нысанның құрылысын осыншама уақытқа созу – нағыз қылмыс. Әр істің артында қаншама халық тұрғанын ойлау керек. Қолдан келмей ме, кіріспесін. Жауапты істі мойнына алған соң сапалы және уақтылы орындау — басты назарда болу керек. Жосықсыз мердігерлермен жұмыс істеуді тоқтату керек. Қалғандарына сабақ болсын. Әрбір әлеуметтік нысанның құрылысына халықтың қаржысы жұмсалады. Оның сұрауы бар, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Жүргізілген талдау нәтижесінде жұмысы аяқтаусыз қалған нысандар анықталған. Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Қайрат Елибаевтың баяндауынша, мемлекеттік сатып алудың барлық принциптерін, оның ішінде адал бәсекелестік, ашықтық пен бюджет қаражатының оңтайлы және тиімді жұмсалуы қатаң бақылауда.

Жұмысты қайта жандандыру мақсатында заң тұрғысында сүйемелдеу жұмыстары жүргізілген. Сатып алу мониторингі қызметін күшейту үшін басқармаларға, аудан, қалаларға тыңдалым өткізу, тапсырыс берушілер жұмысын үйлестіру, есеп беру деректерін тексеру жүргізіледі. Жаңа бағдарламалардың жұмыс істеуін түсіндіру бойынша семинарлар өткізу жоспарланған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You