Түркістан облысы: Бәйдібек ауданы әкімінің халықпен кездесуінде ауыз су, су жинайтын мұнараны ауыстыру, ағын су ағатын арықтарға құбыр қою және беккери шұңқырын талапқа сай реттеу мәселелері көтерілді

Бүгін бекітілген кестеге сәйкес Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбеков О.Тайманов елді мекенінде Боралдай ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Еркін түрде ұйымдастырылған кездесу сұрақ-жауап форматында өтті. Округке қарасты 11 елді мекеннің тұрғындары өздерінің толғандырып жүрген сауалдарын жолдады.

Атап айтқанда ауыз су, электр жарығы, мектептің жылуы, беккери шұңқырын талапқа сай реттеу және басқа да әлеуметтік сұрақтар қамтылды.

Әрбір тұрғынның қойған сұрақтарына жеке-жеке жауап берген аудан әкімі Ержігіт Шәріпбекұлы мәселелерді оңтайлы шешу бойынша тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар Боралдай ауылдық округінде жоспарға сәйкес атқарылатын жұмыстардың барысымен бөлісті. Келесі аптадан бастап Ж.Боралдай және О.Тайманов елді мекендерінің ішкі газ құбырының құрылысы басталады. Теректі-Қаратас елді мекеніне баратын автомобиль жолына асфальт төселуде.

Жалпы, аудан әкімі тұрғындармен кездесу барысында көтерілген мәселелер назарға алынып, оған арнайы хаттама түзіліп, әр мәселені шешу бойынша жұмыстар атқарылатынын атап өтті.

Сонымен қатар бүгін аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков Ақбастау ауылына барып, округ тұрғындарымен кезекті кездесуін өткізді. Округ орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің ауласында ашық еркін форматта өткен кездесуде ақбастаулықтар көкейде жүрген сауалдарын қойып, бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Аудан әкімі Ақбастау ауылдық округінде бұған дейінгі кездесулерде көтерілген мәселелердің жоспарға енгізіліп, тиісті жұмыстар атқарылып жатқандығын баяндады.

Тұрғындар тарапынан округ орталығында ауыз су толық жетпейтіндігін, ішкі көшелердегі ағын су ағатын арықтарға құбыр қою, Бөген көшесіне бағана орнату және басқа да әлеуметтік мәселелерді көтерді.

Тұрғындардың көтерген мәселелесі бойынша аудан әкімі тиісті сала бойынша орынбасарлары мен бөлім басшыларына және ауылдық округі әкіміне мерзімін белгілеп нақты тапсырма жүктеді.

«Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Ақбастау елді мекеніндегі 11 ішкі көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңадан асфальт төселіп, аяқ жолдар салынып, суағарлар мен көше шамдары орнатылады.

Кездесу барысында ақбастаулықтар округке көңіл бөліп, атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын жеткізіп, аудан әкіміне алғыстарын білдірді.

Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Асқар Кенехан, аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Бұдан бөлек бүгін бекітілген жоспар бойынша аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков Бөген ауылдық округі тұрғындарымен Шалдар ауылында кездесті.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан Шалдар ауылының ауыз суы, су жинайтын мұнараны ауыстыру, құрылыс жұмыстары жүргізілген Сарқырама елді мекенінің ауыз суын қабылдап, пайдалануға беру, Шалдарсай көшесіне тас төсеу мәселелері көтерілді. Аудан әкімі көтерілген мәселелер бойынша жеке-жеке жауап беріп, сала бойынша орынбасарлары мен тиісті бөлімдер мен мекеме басшыларына және ауыл әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді.

Жиында аудан басшысы округ тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелер назарға алынып, арнайы хаттама түзіліп, әрбір мәселені шешу бойынша жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

Жалпы, округке қарасты Жиенқұм елді мекенін газға қосу бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Ержігіт Шәріпбековтің Бөген ауылдық округі тұрғындарымен өткен жиынына аудандық мәслихат төрғасы Асқар Кенехан, аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары қатысты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.