Түркістан облысы: Созақ ауданының Абай елді мекенін 24 сағат ауыз сумен қамту үшін тереңдігі 140 метр болатын ұңғыма құдық қазылды

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауыл округінің тұрғындарымен кездесті. Онда ауыл округте атқарылатын жұмыстарды баяндап, келелі жоспарларымен бөлісті.

— Ағымдағы жылы ауылдық округте көптеген ауқымды жобалар жүзеге асу үстінде. Аудан орталығынан заманауи үлгідегі 200 орындық спорт кешенінің құрылысы жақын күнде басталып, Ақшам және Наурыз мөлтекаудандарын толықтай ауыз сумен қамту мақсатындағы жұмыстар жалғасуда. Бұдан бөлек «Жайлы мектеп» жобасы аясында 900 орындық Ыбырай Алтынсарин атындағы жаңа мектептің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Сұлтанбек Қожанов атындағы ескі музей ғимараты балалар шығармашылық үйіне арналып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шолаққорған ауыл округіне қарасты Қарабұлақ елді мекеніндегі орталық көшесінің жарықтандыру жұмыстары аяқталып, Балдысу, Жеткіншек елді мекендерінің орталық көшелеріне жарықтандыру жұмыстары басталуда. Бұл көшелерге қосымша орташа жөндеу жұмыстары да жүргізіледі. Абай елді мекені тұрғындарын 24 сағат ауыз сумен қамту үшін А.Иманов атындағы жалпы орта мектебіне 25 метр және су құбыры мұнарасының қасынан тереңдігі 140 метр болатын ұңғыма құдық қазылды. Сондай-ақ Шолаққорған ауылынан Е.Өмірбеков, С.Абуов-1, С.Абуов-2, М.Әуезов-1, М.Әуезов-2 көшелерінің жарықтандыру жұмыстарына қаржы қаралды. Демеушілер есебінен Қарабұлақ, Жеткіншек елді мекендері мен Шолаққорған ауылының А.Спатаев және С.Абуов көшелеріне балалар ойын алаңын салып, Қ.Рүстемов, А.Иманов және Әйтеке би көшелеріне жарықтандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, — деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Ашық аспан астында өткен жиында тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан аумағын абаттандыру мақсатында бірқатар ұсыныс-пікірлерін жолдады.

Аудан басшысы айтылған әрбір мәселені назарға алып, маңыздылығына тоқталып өтті. Бүгінде көтерілген мәселелер төңірегінде тиісті жұмыстар жасалып жатқанын айтты.

Есептік жиын соңында бірқатар тұрғындар жеке мәселесі бойынша жүгініп, көкейде жүрген сауалдарын қойды. Сала мамандарына көтерілген мәселелердің шешу жолын қарастырып, тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.

Осы орайда тілге тиек етер тағы бір жайт, ағымдағы жылы Таукент кент округінде де тұрғындар сұранысына орай бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Кент округте 11 көше жарықтандыру жұмыстарымен қамтылады. Атап айтсақ, Жыныс ата, Мыңжылқы, Мәңгілік ел, Болашақ, Тұран, Қаратау, Қ.Сәтбаев, Е.Ерімбетов, Бәйтерек көшелеріне жарықтандыру жұмыстары жүретін болады. Демеушілер есебінен Геологтар, Бейбітшілік, Тәуелсіздік көшелерінде қамту жоспарлануда. Бұдан бөлек Таукент кентіндегі Гелогтар көшесіне дейінгі арақашықтыққа жаяу жүргіншілер жолы салынып, «Орталық» саябақ пен кент ішіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына жарықшамдар қойылады. Бұл жөнінде бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Таукент кент округі тұрғындарымен өткізген есептік жиында мәлімдеді.

Жиын барысында тұрғындар аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды тыңдап, келелі жоспарлардан хабардар болды. Жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, кент округті көркейту, көгалдандыру мақсатында бірқатар ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Аудан басшысы алдарыңызға келудегі басты мақсатымыз туындаған сұрақтарды ашық түрде талқылап, алдағы атқарылар жұмыстарды пысықтап алу екенін айтты.

Айтылған мәселенің маңыздылығын ескеріп, келелі күнге ұтымды ұсыныстарын айтып өтті. Бұл жөнінде сала мамандарына қолға алатын мәселені жан-жақты жеткізіп, нақты тапсырмалар жүктеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You