Сарыағаш ауданында астық дақылдарын ору науқаны жалғасуда. Осынау науқанға білек сыбана кіріскен аудан диқандары жайдары жаздың әр сәтін қалт жібермей, астық ору қарқынын үдете түскен. Дәл қазіргі таңда егістік алқаптарында тізілген комбайндар алтын астықты ысырап қылмай, жиналған дәнді қамбаға құю үстінде.
Ағымдағы жылы Ақжар ауылдық округіне қарасты 1841 гектар жерде астық дақылдары өсірілуде. Қазіргі таңда 130 гектар арпа орылып, 500 тоннаға дейін өнім жиналды.
Сонымен қатар, Тегісшіл ауылдық округіндегі 350 гектар жерге бидай егіліп, бүгінгі таңда оның 107 гектарыорылды. Жалпы алғанда, 224 тонна өнім жиналды.
Егін ору науқаны кезінде ауа райы да диқаншылардың жұмысына дөп келіп, жаңбыр жаумай, егін орағын өз уақытында ысырапсыз жинап алуға оң септігін тигізіп тұр. Осының нәтижесінде шаруалар орақ маусымын шілде айының соңына дейін толық аяқтайды деп күтіліп отыр.
Бидай дегеннен шығады, адал еңбек, маңдай термен тапқан нанның қашан да берекесі мол болатыны анық. Ерінбей еңбек етіп, кәсіптерін дөңгелетіп отырғандар бүгінде Сарыағаш ауданында біршама.
Солардың бірі – наубайхана өндірісін жолға қойған аудан тұрғыны, жеке кәсіпкер Р.Кемелов. Кәсіпкер ағымдағы жылдың сәуір айында мемлекеттік грант алып, «Пернебек ата» наубайханасын ашып, бүгінде нан өндірісін жолға қойған. Күніне 100-астам нан жауып, сауда нүктелеріне таратуда. Кәсіпкерлік саласы көп еңбекті және тәуекелді талап етеді.
Десе де, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандарға үлкен мүмкіндік. Тек, кәсіп ашуға ниетті азаматтар мемлекеттің қолдауын дұрыс пайдалана білсе, еліміздегі кәсіпкерлік саласын бұдан да жоғары деңгейге көтеруге әбден болады.
Тағы бір атап өтерлігі, бүгінгі таңда ауданда ауыл шаруашылығы саласында шағын және орта бизнестің дамуына ерекше мән берілуде. Әсіресе, мемлекеттік гранттар біраз адамның кәсіп бастауына баспалдақ болып келеді. Солардың бірі — Жібек жолы ауылдық округінің тұрғыны М.Абельдинова.
Кәсіпкер ағымдағы жылы мемлекеттік грант алып «Назипа ана» тігін цехын ашып, грант қаражатына тігін машиналарын, оларға қажетті қосалқы бөлшектерін алып, кәсібін бастап 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде ол тапсырыспен ұлттық нақышта безендірілген көрпе-жастықтар, қыз жасауларын және басқа да қажетті дүниелерді тігеді. Бұл құрылғылар тігіннің ең қиын түрін де орындайды екен. Мұнда қазір үш тігінші жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ жаңадан келіп, тігіншіліктің қыр-сырын үйреніп, болашақта осында жұмыс істеуді көздеп отырған бір жас маман бар.
Сонымен қатар Сарыағаш ауданында мал бордақылау ісі де қарқынды дамуда. Қызылжар ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Орынғазы Қарабаев тұрғын үйі жанынан мал бордақылау алаңын ашып, 2020 жылы кәсібін бастаған болатын. Бүгінде аталған мал бордақылау алаңында 35 бас ірі қара мал өсіріп, 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жылына 4000 килограмм ет өнімін алуда.
Жеке кәсіпкер алдағы уақытта мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін ұлғайтып, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Жалпы аудан аумағында аталған кәсіппен шұғылданатын кәсіпкерлер саны күн санап артып келеді.
Бұл өз кезегінде бәсекелестікті ұлғайтып өнім көлемінің артуына, ал нарықтағы бағаның төмендеуіне алып келеді.
Бұл ретте Сарыағаш ауданы әкімдігінің агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға деген ынта-ықыласы мен нақты қадамдар жасауының да зор пайдасы тиіп жатқанын атап өткен жөн. Айталық, бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша арнайы қабылдады. Жеке қабылдауда алдын ала жазылған 27 тұрғынның мәселесі қаралды.
Алдымен аудан әкімі Арман Абдуллаев ерекше қажеттілігі бар азаматтарды 1-қабатқа түсіп, арнайы қабылдады. Аталған азаматтар шипажайға жолдама беру, инва таксидің жетіспеушілігі, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға кабинет беру мәселесі бойынша келгендерін баяндады.
Сонымен қатар, жеке қабылдауға келген тұрғындар жолға асфальт төсеу, жайылым жер, ағын су, жерді құжаттандыру, аяқ жол салу, тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру, тұрғын үй кезегі, коммуналдық арендалық тұрғын үйден пәтер беру және басқа да жеке мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді.
Аудан басшысы Арман Абдуллаев қабылдау барысында тұрғындар көтерген сұрақтарға жіті тоқталып, заң аясында нақты жауап берді.
Сондай-ақ, тұрғындардың мәселелерін бақылауда ұстайтындығын айтып, жауапты дербес бөлім басшылары мен қала және ауылдық округ әкімдеріне әрбір мәселеге талқылау жасап, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.