Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов бүгінгі аралау барысында Ақсукент-2 аумағындағы 172,8 гектар бос жер аумағына барды. «Изриал алқабы» деп аталатын аумақтың 96 гектары жеке меншікте болса, 76,8 гектары жалдау құқығымен берілген. Аталған жерді іске асыру, тиімді пайдалану мақсатында бас жоспар әзірленген. Яғни, көпқабатты тұрғын үй кешені, қоғамдық-мәдени демалыс аймағы мен кәсіпкерлік нысандару салу жоспарланған. Ол үшін жер учаскелерін мемлекет меншіге қайтару керек. Бұл жайында аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Н.Абылғазиев толық баяндады.
Бас жоспармен танысқан аудан әкімі Арман Сәбитов бұл мәселеге егжей-тегжейлі зерделеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты.
«Бұл — өте маңызды мәселе. Әрбір әрекетті заң аясында тиімді жасауға тиіспіз. Кез келген құрылыс тұрғындардың пайдасы үшін болған абзал. Сондықтан да бас жоспарды қайта қарап шығып, нақты жұмыстар жүргізуді тапсырамын», — деді аудан басшысы.
Сонымен қатар аудан әкімі Арман Сәбитовтің кезекті бағыты – «Сайрам ауданы, Ақсукент ауылының тазартқыш имараттарын қайта құру» нысаны болды. Аталған нысанның құрылысы «ХМСУ Шымкентмелиорация» ЖШС тарапынан 2017 жылы басталған. Жобаның негізгі мақсаты – Ақсу ауылындағы көпқабатты үйлерден шығатын шайынды суларды сүзгіден өткізіп, егістікке ағын су етіп жіберу. Алайда, мердігер мекеменің кейбір жұмыстары бекітілген талаптарға сәйкес келмегендіктен нысан қабылданбаған. Және кемшіліктері жайында бірнеше рет сотқа жүгінген.
Тағы бір айта кетерлік жайт, құрылыс жұмыстарының толық бітпеуі, мердігер мекеменің кемшіліктері мен іс-әрекеттері бойынша Қарабұлақ ауылының тұрғындары тарапынан республикалық телеарналар мен блогерлер шақырып, наразылық акцияларын ұйымдастырған болатын.
Өзекті мәселені шешу жолдарын қарастыру мақсатында арнайы барған аудан басшысы Арман Сәбитов мердігер мекеме басшылары мен жауапты қызметкерлер бірге талқылады. Нәтижесінде аудандық ТҮКШЖКжАЖ бөлімінің басшысы Б.Бейсембаевқа нақты тапсырмалар жүктеді. Яғни 13 шілдеге дейін тиісті бөлім, Қарабұлақ әкімшілігі және «Сайрам тазалық» ЖШС тарапынан жауапты мамандар бекітіліп, күнделікті бақылау жасайтын болады. Сонымен қатар, нысанның жұмысы бойынша лабораториялық сараптама қорытындысын алу керек. Ал, техникалық талаптарға сәйкес келмейтін тұстары бойынша тиісті орындарға арнайы хатпен шығып, жауабын алу қажет.
Аталған нысан аудандағы ең ірі жобалардың бірі болып саналады. Барлығы заңнама талаптарына сай іске қосылатын болса, маңызды мәселе оң шешімін тапқан болар еді.
Орайы келгенде айта өтейік, аудан әкімі Арман Сәбитов Арыс ауылдық округіндегі атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелері бойынша ауыл әкімі М.Сиддиковты қабылдады. Күн тәртібінде Арыс ауылдық округі әкімінің ағымдағы жылдың қазіргі таңына дейін атқарған жұмыстары және өзекті мәселелері қаралды.
Бюджеттің игерілуі, оның ішінде салық түсімдерінің орындалуы, жайылым жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру, инфрақұрылым мәселелерін тыңдалды.
Ауыл округі аумағындағы атқарылып жатқан жұмыстармен қоса, шешімін қажет ететін өзекті мәселелер де бар. Мысалы, тұрғындарды тұрақты түрде сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, Қожақорған елді мекеніндегі Жаңақұрылыс аумағына табиғи газ тарту, Нұржанқорған елді мекеніндегі Атамекен көшесіне аяқжол салып, суағар (лоток) орнату.
Осы және өзге мәселелермен танысқан аудан басшысы Арман Сәбитов бірінші кезекте инфрақұрылым мәселесін бітіруді, оның ішінде халықтың жиі көтеріп жүрген өзекті мәселелерін күн тәртібінен түсірмеу керек екендігін тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.