Түркістан облысы: Сауран ауданының Абай елді мекенінде тозығы жеткен су тарату орталығына күрделі жөндеу жұмыстарына меморандум арқылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр

Бұл жөнінде Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың Бабайқорған ауыл округінің тұрғындарымен өткізген есепті кездесуінде мәлім болды. Аудан əкімі округ бойынша ел дамуы жолындағы атқарылған игі істерге тоқталды.

Сонымен, Абай елді мекенінде тозығы жеткен су тарату орталығына күрделі жөндеу жұмыстарына меморандум арқылы «Авангард-ОК» ЖШС-гі жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлеп жатыр. Бұдан бөлек Бабайқорған елді мекенін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін, «ШЫМГОРПРОЕКТ» ЖШС-гі жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлеуде. Келісімшарт құны – 7,3 миллион теңге. Сараптаманың оң қорытындысын алу тамыз айының соңына дейін жоспарланған болатын. Абай, Серт, Игілік елді мекендерін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін, меморандум арқылы «Авангард-ОК» ЖШС-гі жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлеуде. Бұл сараптаманың да оң қорытындысын алу тамыз айының соңына дейін жоспарланған. Бабайқорған ауыл округіне 6 дана трансформатор орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеме – «Тан Строй» ЖШС. Келісімшарт құны – 18,7 миллион теңге. Қыркүйек айының соңына дейін орнатылады деп күтіліп отыр.

Сонымен қатар Үлгілі елді мекендегі Б.Майлин көшесінің 1,4 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Сарбаз Қуат» ЖШС. Келісімшарт құны – 20,3 миллион теңге. Көксарай көпірін жөндеу жұмыстары да жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Айжамал» ЖК. Келісімшарт құны – 6,8 миллион теңге. Бабайқорған елді мекеніндегі Қисық Шоқпар көпірін орташа жөндеу жұмыстарына қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жоба құны – 6,0 миллион теңге. Бабайқорған ауыл округіне 17 дана жол белгісі орнатылды.

Мұнан өзге Бабайқорған елді мекеніне воркаут, балалар алаңшасы, футбол алаңшасын орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мердігер мекеме – «TBB-Construction» ЖШС. Келісімшарт құны – 18,1 миллион теңге.

Бабайқорған ауыл округі қоқыс полигонының аумағына қоршау орнату жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме – «SIS Строй» ЖШС. Келісімшарт құны – 7,0 миллион теңге.

Халықпен кездесуінде аудан басшысы: «Есепті кездесу ортақ мәселені шешу үшін керек. Президент тапсырмасына сәйкес біз алдымен ауылдарды көркейтуіміз керек. Үкіметтің немесе аудандық, облыстық, республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы арқылы жүзеге асырылатын межелі істерде ешқандай да жемқорлық болмайды. Оны арнайы комиссия тексеріп, мердігерлердің де жұмыс сапасы үнемі қадағалауда» — деп атап өтті.

Жиында ауыл тұрғындары бірқатар мәселелерді алға тартты. Өз кезегінде тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға ретімен жауап берді. Тиісті сала басшыларына мәселелердің шешілу жолдарын қадағалауды тапсырды.

Жалпы, ауылдық округтің тіршілік көзі диқаншылық екенін ескерсек, жергілікті тұрғындар үшін ағын су, егістік жер мәселесі жіті көңіл бөлуді қажет етеді.

Осы мақсатта Бабайқорған ауылдық округіне қарасты Абай елді мекеніндегі «Ақтөбе» су қоймасынан егістікке баратын темір бетонды тас арықты жаңарту жұмыстары қолға алынды.

Аудандық құрылыс бөлімі шұғыл жұмысқа кірісті. Қазіргі таңда ФЛ-8 құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) әзірленіп, бюджеттен қаржы қаралу үстінде. Құжаттама дайындалып, сараптамаға тапсырылды. Мердігер мекеме – «МПК Проект» ЖШС. Сауран ауданы құрылыс және сәулет бөлімінің мәліметінше, құрылыс жұмыстарының болжамды құны 725,3 миллион теңге мөлшерінде бекітілген. Жұмыс толық аяқталғанда Бабайқорған ауылдық округінің Бабай, Игілік елді мекендерінің суармалы жерлеріне су барып, егістік көлемі артатын болады.

Сондай-ақ, Бабайқорған ауылдық округіне Үлгілі елді мекеніндегі «Сасық бұлақ» су қоймасынан егістікке баратын темір бетонды тас арыққа да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Әбден тозығы жеткен бетон арықты реконструкцисына жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлеуге қаржы қаралды. Тас арықтың жалпы ұзындығы 8,6 шақырымды құрайды. Мердігер мекеме – «Казграждан стройпроект» ЖШС. Сауран ауданы құрылыс және сәулет бөлімінің мәліметінше, құрылыс жұмыстарының болжамды құны 419,5 миллион теңге көлемін құрап отыр.

 Құжаттама әзірленіп, алдағы уақытта сараптамаға тапсырылады. Ағын су жүретін арықтар жаңартылса, егін шаруашылығы едәуір дамиды.

Атап өтер жайт, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының облыста су нысандарын басқаруды жетілдіру және дамыту жөнінде берген тапсырмаларына сәйкес, су нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы қаралып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Өзендер мен каналдардың табанын тазалау шаралары бойынша «Тұран су» кәсіпорнының басшысы Досхан Лесовтің сөзіне сенсек, биыл ұзындығы 679,6 шақырым болатын 187 каналды тазалау жоспары жүргізіледі. 15 каналға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, 2023-2025 жылдары 106,7 шақырым канал темір бетонмен қапталып, су шығындарын азайтады. 13450 гектар суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету жақсарады.

– Төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары бойынша Арыс, Ақсу және Келес өзендеріндегі 20 қауіптілігі бар нысандағы жұмыстардың 4-уі толық аяқталып, 11-інде жұмыстар атқарылуда. Бүгінде 11,2 шақырым өзен арнасын түзету және жаға бекіту жұмыстары жүргізіліп, 2 616 габиондық сеткалар орнатылды, 7 497 текше метр қой тасы қаланды. Қалған 5 нысанды реттеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жалпы жұмыстар қараша айының екінші онкүндігінде аяқталады. Алдағы уақытта кәсіпорынды перспективалық дамыту жоспарына сәйкес, инвестициялық 4 жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Атап айтқанда, кәсіпорынды техникалық жабдықтау бойынша 2024 жылға 10 экскаватор сатып алуды жоспарлап отырмыз. Суару жүйелеріне арналған параболалық лотоктар шығаратын өндірісін ашу. Тамшылатып суару технологиясына қажетті полиэтилендік құбыр өндірісін ашу. «Бөген» су қоймасына су электр станциясын салу жобасы. Су нысандары құрылыстарына жобалық сметалық құжаттама жасау қызметіне лицензия алуды қарастырудамыз, жаңа 10 жұмыс орны ашылады. Бұл қаржыны 30-40 пайызға үнемдеуге мүмкіндік беретін болады, – дейді Досхан Лесов.

Биыл шаруаларға 530 миллион текше метрден астам су беріліп, лимиттің 71 пайызы босатылды. «Бөген» су қоймасына өткен жылмен салыстырғанда 100 миллион текше метрге жуық немесе 20%-ға су аз келуіне қарамастан, су жеткізу қызметін тиімді ұйымдастыру нәтижесінде суару маусымы қалыпты деңгейде өткізілді. Қазіргі таңда «Бөген» су қоймасында 10,5 миллион текше метр, «Қосқорған» су қоймасында 1 миллион текше метр су бар және Арыс өзенінен келіп жатқан су көлемі — 9,5 текше метр/секундына. Арыс магистралды каналы арқылы «Бөген» су қоймасына жіберілуде. Аталмыш мекеме тарапынан суарылатын алқап көлемі 108,6 мың гектарды құрап отыр.

Мемлекет басшысының жаңа тарифтік саясатына көшу тапсырмасына сәйкес, кәсіпорынның 5 жылдық инвестициялық бағдарламасы әзірленіп, жаңа тарифтік смета уәкілетті органмен бекітілді. Нәтижесінде, 1 кезеңде жұмысшылардың жалақысы 30% өседі және 2 канал күрделі жөндеуден өткізіледі. Облыс басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасының нәтижесінде аудандық меншіктегі 12 су қоймалары кәсіпорын теңгеріміне қабылданып, облыстық бюджеттен күтіп ұстау шығындары мен ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы сұралды.

Кәсіпорын меншігіндегі су нысандарына австралиялық «Рубикон» фирмасының программалық қамтамасыз етуімен электронды карта әзірленді. Барлық ақпараттар электронды картада көрсетілген, қажетті мәліметтерді кез келген стационарлық және мобильді құрылғыларда интернет арқылы алуға болады.

Айта кетейік, «Тұран су» мекемесінің негізгі қызметі – мемлекет меншігіндегі су шаруашылығы мен құрылыс нысандарын күтіп ұстау, пайдалану, елді-мекендердің тыныс-тіршілігін ағын сумен қамтамасыз ету. Кәсіпорын 18 су қоймасы, 3 су торабы, 3 магистралды, 107 ішкі шаруа аралық каналдар, 3 өндірістік-техникалық базасы және 81 арнайы техникамен жабдықталған. Бәйдібек, Сауран, Отырар, Ордабасы, Сайрам аудандары мен Арыс, Кентау, және Түркістан қаласындағы 108,6 мың гектар алқапты суаруға қауқарлы.

Су дегеннен шығады, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында су ресурсы мәселесіне ерекше тоқталды. «Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр.

Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.

Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек.

Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер.

Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн.

Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ.

Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет.

Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу.

Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс.

Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады.

Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады.

Сондай-ақ еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады. Жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек.

Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын» — деді Президент.

Су тапшылығын болдырмас үшін Оңтүстіктегі мақта алқаптарының ауданы біршама азайтылып жатыр. Бұл – Түркістан облысындағы суармалы шаруашылыққа қажет тіршілік нәрін үнемдеу үшін қолға алынып отырған шара. Биылдың өзінде алқап аумағы 15 мың гектарға қысқарды. Жергілікті атқарушы билік бұл үрдісті жалғастыра беретінін айтады. Өйткені мамандар суды көп мөлшерде қажет етпейтін дақыл өсіруге кеңес беріп отыр. Мәселен, мақта орнына жүгері отырғызу тиімдірек.

Бұдан бөлек, су тапшылығын болдырмас үшін өңірде жаңадан су қоймасы салынып жатыр. Былтыр соның бірі іске қосылған еді. Нәтижесінде Түркістан облысы егістікті суаруға қосымша 34 млн текше метр су алуға қол жеткізді. «Түркістан магистралды каналын 59 шақырым бетондау арқылы 60 млн текше метр су үнемделді. Бұдан бөлек, «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймалары салынады. Аталған жобаларды іске асыру есебінен ағын су тапшылығы толық шешілетін болады» — дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Орайы келгенде айрықша тоқталар мәселе, Сауран ауданының барлық жер көлемі 721 745 гектарды құрайды. Барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы — 388 843 гектар, суармалы егістік — 44 441 гектар, шабындық жерлер — 3257 гектар, жайылымдар — 344 402 гектар.

          Жер санаттары бойынша:

ауыл шаруашылық  мақсаттары  бойынша пайдаланатын жерлері — 7168 гектар;

елді мекендердің жерлері — 62 273 гектар;

өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылық емес басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер — 6729 гектар;

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері – 39424;

орман қорының жерлері  — 66 145;

су қорының жерлері — 2429 гектар;

Арнайы жер қорының жерлері – 155 903:

Сауран ауданы Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы Қаратау тауының солтүстік-батыс сілемдерінде орналасқан. Қорық — ерекше қорғалатын аймақ. Оның жалпы көлемі — 39424 гектар, Сауран ауданының меншігіне жатады. Қорықтың жері Түркістан облысының Кентау қаласы, Созақ, Бәйдібек, аудандарымен және Қызылорда облысының Жаңақорған ауданымен шектеседі.

            Қаратау тауының етегінде орналасқан, суық болмайтын күндері 160-180 күнді құрайды, жылдық ауаның ылғалдығы — 330-390 миллиметр. Қыс айларында қардың қалыңдығы 20-40 сантиметрге барады. Ұзақтығы 120-160 күнге созылады. Жер қыртысы ылғалды ашық сұр топырақты болып келеді.

            Аудан аумағының географиялық орнына (яғни атмосфераның ылғылдықтың негізгі көзі мұхиттардан тым шалғай орналасуына)  қалыптасқан. 

Қысы қысқа, жұмсақ, жазы ұзақ, ыстық. Жыл бойына 40 күндей қар қылаулайды. Бірақ көп жатпай, тез еріп кетеді. Ең суық ай – қаңтар, орташа температурасы – 8-10 градус суық. Қар жамылғысының орташа қалыңдығы — 20-40 сантиметр. Қар қарашаның соңы, желтоқсанның басында түсіп, ақпан наурыз айында ери бастайды.

             Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері — 200-380 милиметр. Желдің басым бөлігі шығыс, оңтүстік-шығыс бағыттан соғады. Орташа жылдамдығы — 3-5 метр/секунд. Желдің әсерінен жазда ауданның гидротермиялық көрсеткіші төмендеп (0,3-0,4),  ылғалдылық мөлшері кемиді де аңызақ, құрғақ және ыстық кезең қалыптасады.

            Сауран ауданы Қаратау бөктерінің Оңтүстік Батыс аймағынан жазықтық жерлерге ауыспалы аймақта орналасқан. Аудан аумағының Солтүстік Шығыс пен Оңтүстік Шығыс бөлігі таулы негіздегі жазықтық болып табылады. Жазықтың биіктігі — 430-500 метр. Батыс бөлігіндегі жазықтықтың биіктігі — 405-470 метр.

            Орташа аязсыз кезең ұзақтығы — 185-200 күн. Жылдық ылғал көлемі — 425-457 мм, 10 градустан жоғары кезеңде ылғылдың түсуі — 130-250 мм.
            Халықты азық-түлікпен толық қамтамасыз ету, бірінші кезекте мал шаруашылығы азығының негізі болып табылатын — табиғи жайылымдарды тиімді падалану болып табылады.

Өзендерге келсек, Сырдария өзенінің ұзындығы — 95 километр, Қарашық өзенінің ұзындығы — 50 километр, Шылбыр өзенінің ұзындығы — 20 километр, Жаңақорған өзенінің ұзындығы — 30 киломертр, Иқан су өзенінің ұзындығы — 35 километр. Жалпы — 230 километр.

Ауданда бөгендер мен тоғандар да бар. «Қосқорған» су қоймасы, сыйымдылығы — 37,3 миллион текше метр; «Ақтөбе» су бөгені, сыйымдылығы — 7,74 миллион текше метр; «Шерт» су қоймасы, сыйымдылығы — 2,7 миллион текше метр; «Сасықбұлақ» су қоймасы, сыйымдылығы — 5,5 миллион текше метр; «Майдантал» су бөгені, сыйымдылығы — 8,5 миллион текше метр; «Ойық» су бөгені, сыйымдылығы — 0,5 миллион текше метр; «Шылбыр» су бөгені, сыйымдылығы — 4,85 миллион текше метр.

Бүгінгі заман талабына сәйкес қалыптасып отырған меншік иелері  үшін табиғи жайылымды сақтау мен пайдалану арасындағы қатынасты сақтай отырып, мал шаруашылығын тұрақты дамыту талабы — кезек күттірмейтін міндет. Әрине, бұл мәселені шешудің төте жолы — жайылымдық жерлердің жағдайын жақсарту шараларын іске асырып, жайылымдарды тиімді де ұтымды пайдалану болып табылады.

Ауданның ауыл шаруашылығына жарамды жерінің аумағы 388 843 гектар, суармалы егістік 44 441 гектар, шабындық жерлер 3257 гектар, жайылымдар 344 402 гектар.

Сауран ауданы бойынша ірі қара 88 218, қой және ешкі 460 986, жылқы 16 726, түйе 3576 басқа жетті.

Жұртшылық шаруашылық малдарына қызмет көрсететін ветеринариялық-санитарлық объектілер: ветеринариялық станциялар — 12, ұсақ малдарды шомылдыру орындары — 20, жасанды ұрықтандыру пунктері — 13, биотермиялық шұңқырлар саны – 4.

Аудан бойынша барлығы 569506 бас (88218 ірі қара, 16726 жылқы, 460986 уақ мал, 3576 түйе) көлемі 49614 гектар жайылымды пайдаланады, осы көрсетілген малдардың ішінде барлығы 71362 бас (8625 ірі қара, 253 жылқы, 59693 уақ мал)  мал бір орында, қоралық жағдайда ұсталалып, бордақыланады.

           Сауран ауданындағы жайылымдық жердің жеткіліксіздігін шешу үшін, жайылымдық жерлерге түсетін жүктемені азайтып, мал өсіруді жайылымдық-қоралық жүйеден жайылымды қажет етпейтін мал өсіру жүйесіне (қорада ұстап бағу, бордақылау) ауыстыру қажет.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin