Түркістан облысы: Бәйдібек ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіп бастау үшін 67 жоба қаржыландырылды

Бұл жөнінде Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбековтің Жамбыл ауылдық округінде өткен кезекті есеп беру жиынында айтылды. Жамбыл ауылындағы мәдениет үйінде аудан әкімі округ тұрғындарына ағымдағы жылдың 8 айында аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.

Есеп беру жиынында Ержігіт Шәріпбекұлы ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында «АУЫЛ АМАНАТЫ» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқандығын айтып өтті. Бағдарламаның аясында несиелендіру 6 БАҒЫТТА жүзеге асырылып, өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары және кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Бағдарлама аудандағы Алғабас, Ақбастау, Көктерек, Борлысай ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінгі күнге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауданда 67 жоба қаржыландырылған. Несие алған тұрғындар өз кәсібін ашып жақсы нәтиже көрсетілсе, алдағы жылдары барлық ауылдық округтер қамтылатын болады. Аудан әкімі аталған бағдарламаға белсене қатысуға шақырды.

«Бүгін өздеріңізбен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмын. Ағымдағы жылы Сіздермен 2 есепті кездесу өткен болатын, сол кезде округтің маңызды мәселелерін көтердіңіздер. Сол мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде» — деді Ержігіт Шәріпбеков.

Шыбыт елді мекеніндегі ауыз суға жаңа мұнара орнатуға қаржы қаралып, қыркүйек айының соңында орнатылып берілді. Тасқұдық елді мекенінің ауыз суының ақаулары аталған мерзімде қалпына келтіріліп берілді. Жамбыл ауылдық мәдениет үйі мен Шыбыт елді мекендеріндегі ауылдық клубты жөндеуден өткізуге жобалары жасалып, 2024 жылдың бюджетінен қаржы көздері қарастырылуда. Жүзімдік елді мекеніндегі «Кәрі тоған» каналына бөгет пен тоспа (шлюз) орнату жұмыстарының жобасын әзірлеуге қажетті қаржысы аудандық бюджеттен қарастырылуда.

Тасқұдық елді мекеніндегі Ғ.Мұратбаев көшесіне 2024 жылға тас төсеу жұмыстары қарастырылуда. Бұл туралы аудан әкімі Боралдай ауылдық округі тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді.

Есепті кездесуде аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков Жамбыл ауылдық округіне қарасты елді мекендерден келген тұрғындардың қойған сұрақтары мен ұсыныс-пікірлеріне жауап берді. Бірқатар көтерілген мәселелер уақытты талап ететінін, бірақ міндетті түрде шешілетін атап өтті. Тұрғындардың көтерген мәселелері бойынша жауапты бөлім, мекеме басшылары мен ауыл әкіміне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Жамбыл ауылдық округі тұрғындарымен өткен бүгінгі жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Асқар Кенехан, аудан әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы, бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Сонымен бірге аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков жастар сарайында Шаян ауылдық округінің тұрғындарымен де кездесті.

Аудан әкімі алдымен биыл орталықтағы тұрғындармен өткен екі кездесуде көтерілген мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен бөлісті. Атап айтқанда, Шаян ауылының ішіндегі 14 көшеге асфальт төсеу жұмыстар жүргізілуде. Ортақ жайылымдық жерін кеңейту бойынша Шаян ауылының айналасында жайылымдық жерлер болмауына байланысты округ тұрғындарына малды жаз айларында Алғабас ауыл округінің шалғайдағы жайылымдарына жаю ұсынылып, келісілген. Әлжанов көшесінде жол құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үйлердің маңына ағын су өтетін өткел қойылған.

Жиында Ержігіт Шәріпбеков ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар жобаларды баяндады. Аудан орталығында атқарылып жатқан және алдағы жоспарлы жұмыстарға тоқталды.

Шаян елді мекеніндегі 100 мың кітап қорына арналған орталық кітапхана құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. М.Әуезов көшесіндегі көп қабатты 3 тұрғын үйдің қас-келбетін жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Шаян ауылынан 170 гектар (1160 учаске) жер теліміне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүйесінің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Орталықтағы ауыз су жүйесін қайта құру жұмыстары қазан айында пайдалануға беріліп, нәтижесінде 2100 абонент сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Ағымдағы жылы 14 көшеге басталған орташа жөндеу жұмыстары жыл соңымен толық пайдалануға беріледі. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде Шаян ауылынан 300 орындық жаңадан 1 мектептің құрылысы басталды. Шаян елді мекеніндегі 20 коммуналдық тұрғын үйлерді және 55 гектардағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Бұл жөнінде аудан әкімі Шаяндық тұрғындармен кездесуінде мәлімдеді.

Жиында аудан әкімі ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында «АУЫЛ АМАНАТЫ» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқандығын айтып өтті. Бағдарламаның аясында несиелендіру 6 БАҒЫТТА жүзеге асырылып, өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары және кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Бағдарлама аудандағы Алғабас, Ақбастау, Көктерек, Борлысай ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінгі күнге, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауданда 67 жоба қаржыландырылған. Несие алған тұрғындар өз кәсібін ашып жақсы нәтиже көрсетілсе, алдағы жылдары барлық ауылдық округтер қамтылатын болады. Ержігіт Шәріпбеков шаяндық тұрғындарды аталған бағдарламаға белсене қатысуға шақырды.

— Құрметті жерлестер, өздеріңіз көріп отырғандай, ауданымыз даму үстінде. Барлық көтерілген мәселелер кезең кезеңімен өз шешімін табуда. Алда әлі де атқарылатын жұмыс көп. Сіздердің қолдауларыңыз маңызды. Сондықтан бірлесіп, ауданды дамыту жолында аянбай еңбек етуге шақырамын, — деп түйіндеді сөзін аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков.

Есепті баяндамадан кейін Ержігіт Шәріпбекұлы Шаяндық тұрғындардың қойған сұрақтары мен ұсыныс-пікірлеріне жауап берді. Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдап, мерзімінде орындау жөнінде бірқатар мекеме басшыларына тапсырма жүктеді.

Шаян ауылдық округі тұрғындарымен өткен бүгінгі жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Асқар Кенехан, аудан әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы, бөлім, мекеме басшылары қатысты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin