Түркістан облысы: Ордабасы ауданының орталығына 1 миллиард 388 миллион теңге жеке инвестиция тартылған

Бұл туралы Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың Қажымұқан ауыл округінің тұрғындарымен есепті кездесуінде тілге тиек етілді.

Есеп беру жиынында: «Тұрғындарының бұқаралық спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында биыл Темірлан ауылынан 250 орындық спорттық сауықтыру кешенінің, Қажымұқан ауылынан Қ.Мұңайтпасұлы атындағы мәдени спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Аталған бірегей нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Темірландағы Самал-2 мөлтек ауданынан «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 900 орындық мектеп құрылысы 2024-2025 жылдардың жоспарына енгізілген», — деді аудан әкімі өз баяндамасында.

Ауылдық округте 3 314 гектар суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз ететін 11 канал бар болып, «Қазсушар» меншігіндегі Найман, Құртай, Қазыналық каналдарын 2022-2024 жылдары аралығында күрделі жөндеуден өткізу бойынша жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленген.

Ағымдағы жылдың қазан-қараша айларында 3 каналдың (Найман, Қазыналық, Құртай) 6 шақырымын механикалық тазалаудан өткізу жоспарланып отыр.

Ауылға инвестиция тарту бойынша жылдың 7 айында ауылдық округте 1 миллиард 388,0 миллион теңге жеке инвестиция тартылып, жоспардың орындалуы 127,0 пайызды құрады. Қажымұқан ауыл округі бойынша 2023 жылға кірістердің жылдық жоспары 140 миллион 792 мың теңгені құраса, 8 айда округ бойынша жоспарланған бюджет кірістері 172 пайызға орындалды. Аталған салықтар ауыл округінің бюджетіне тікелей түсетіндіктен, ауылдың өзекті мәселелерін шешуге бағытталмақ.

Биыл аудан орталығындағы авто жолдарды жөндеу жұмыстары да өз уақытымен жүзеге асырылуда.

Атап айтар болсақ, Темірлан ауылының Қажымұқан көшесі, Көктөбе ауылының Бәйтерек және Балбұлақ, Райымбекұлы көшесі орташа жөндеуден өтсе, Қызылсеңгір ауылының Қалмұрзаев көшесіне, Ынталы ауылының Рахымбаев, Т.Кәлпе көшесін жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталады деп жоспарлануда. Ынталы ауылындағы Имамбай, Сәуленбаев көшесіне, Амангелді ауылы Сағыныш, Абырой, Нұрлы жол көшесіне өртша жөндеу жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.

Биыл «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында Қажымұқан ауыл округінен 3,7 шақырым 10 кВт электр желілері, Темірлан елді мекеніндегі Абай көшесінде орналасқан КТП-8 А қосалқы стансасынан шығатын 1,16 шақырым 0,4 кВт электр желісі мен трансформатор және Айбергенов көшесінде орналасқан КТП-809 қосалқы стансасынан шығатын 1,85 шақырым 0,4 кВт электр желісі (СИП кабель) жаңартылатын болады.

Темірлан ауылындағы Салыбек ата, І.Тілеубергенов, Əйтеке би, Т.Сейітқасымов көшелеріне электр желілері мен бағаналарының құрылысы әзірленіп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.

Қуантарлығы, ауылдық округтегі Темірлан, Қажымұқан, Боралдай және Қызылсеңгір елді мекендері көгілдір отын пайдалануда.

2 елді мекенді (Амангелді және Ынталы) табиғи газбен қамту құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қараша айында «көгілдір отынға» қосу жоспарлануда. Ал, Көктөбе ауылын табиғи газбен қамту құрылысы сараптамадан өтіп, қаржы қарау үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен нақтылау жұмыстары басталған.

Темірлан елді мекенінде ауыз су мәселесі де оңтайлы шешімін тапқан. ПМК аумағы (Керуен сарай, Абырой, Мұқадас, Омаров, Тұрманжанов, Домалақ ана, Рахымбаев) көшелеріне аудандық «Таза су» мекемесі арқылы ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, тамыз айында пайдалануға берілді.

Аудан әкімі өз баяндамасында аудан тұрғындарының баспанамен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатында 70 гектар аумақта «Барс Құрылыс» ЖШС тарапынан 22 тұрғын үйдің (44 пәтер) құрылысы жүргізілетінін жеткізді. Аталған аумақта ауыз су құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда, электр желілерінің құрылысы жүргізілуде.

Құрылыс жұмыстары толық біткен соң, пәтерлер «Отбасы банк» АҚ арқылы берілетін болады.

Ауыл тұрғындарының жайылым мәселесі бойынша өтініштеріне жауап берген аудан әкімі мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы Қаулыға сай 206,2 гектар жер аудандық қорға қайтарылып, аудан әкімдігінің 2023 жылғы 29 тамыздағы қаулысымен ортақ жайылымға бекітіліп берілген.

«Ауылдағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Барлықтарыңызды, ауылды дамыту жолында ауыл әкімімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын», — деген аудан басшысы есепті кездесуден соң тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Еске салайық, Қажымұқан ауылдық округінің құрамына Темірлан, Амангелді, Боралдай, Ынталы, Көктөбе, Қажымұқан, Қызылсеңгір ауылдары кіреді. Орталығы – Темірлан ауылы. Ал Темірлан ауылы Түркістан қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 110 шақырымдай жерде, Арыс өзенінің оң жақ жағалауында орналасқан.

1999 жылы жергілікті тұрғындар саны 11554 адам (5673 ер адам және 5881 әйел адам) болса, 2009 жылы 12495 адамды (6173 ер адам және 6322 әйел адам) құрады, бүгінгі таңда 18352 адам мекендейді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin