Түркістан қаласында жыл басынан бері 6109 жаңа жұмыс орны ашылды

Облыс орталығында тұрғындарды кәсіпке баулудың, әлеуметтік қорғаудың түрлі жобалары жүзеге асып келеді. Биылғы жоспарда шаһарда 6899 жаңа жұмыс орнын құру қарастырылған.

Жоспар жүзеге асырылғалы, орталықта 6109 жаңа жұмыс орны ашылып үлгерген. Соңғы көрсеткіштерге сүйенсек, шаһардағы әлеуметтік белсенді тұрғындар саны 78 171 жетсе, ал жұмыссыз тұрғындар саны 3800-ді құраған.

Сондай-ақ, мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында жүйелі жоспарлар түзіліп, межелер қойылды. Жыл басынан бері аталған бағдарлама аясында жастар практикасымен 490 азамат жұмысқа жолданса, әлеуметтік жұмыс орындарына – 173 тұрғын, тұрақты жұмыс орындарына 3551 адам орналасты.

Ал, жыл басында қойылған межелердің бірқатары артығымен жүзеге асқан. Атап айтқанда, 1231 азамат қоғамдық жұмыс орындарына (жоспар — 1000), 102 адам алғашқы жұмыс орындарына (жоспар — 90), 175 тұрғын күміс жас жобасымен (жоспар — 90) жұмысқа орналасты.

Орайы келгенде, облыс орталығында баға тұрақтылығына мониторинг жұмыстары жалғасып жатқанын да айта өткен жөн. Нақтырақ айтсақ, Түркістан қаласында ұзын-ырғасы 25 ірі супер маркет, 3 көтерме сауда орны («Алтын бұлақ», «Барлық», «ЭкоБазар») және 187 дүкен бар. Одан бөлек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру мақсатында 13 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, 4 ірі сауда орталығында («Дастархан», «Бәйтерек», «Береке», «Шапағат») арзандатылған ӘМАТ өнімдері тұрақты сатылымға қойылып, 30 дүкенде әлеуметтік бұрыштар жұмыс істеуде.

Шаһарда азық-түліктерді бастапқы бағасынан 15 пайыздық үстемеақыдан асырмау қажеттігі туралы 25 әмбебап дүкен иелерімен меморандум түзілген. Аталған дүкендер келісімді бұзған жағдайда заң аясында шара көріледі.

Қазіргі таңда қала аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында Түркістан қаласы әкімдігі және Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының қызметкерлерімен біріге ӘМАТ бағасына мониторинг жұмыстары жүргізілуде.

Жыл басынан бергі көрсеткіштер бойынша 187 шағын дүкенде, 4 ірі сауда орталығында, 20 әлеуметтік дүкенге бақылау жүргізіліп, баға тұрақтылығын сақтау бойынша түсіндірме жүргізілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin