Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданының кәсіпкерлерімен және инвесторларымен бизнес саласын талқылау бойынша кездесу өткізді. Кездесу барысында бизнес саласындағы мәселелер мен ұсыныстар талқыланды.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, импортқа тәуелділікті барынша азайту, қоғамдық әл-ауқатты арттыру секілді мәселелерді шешу бойынша берген тапсырмаларын тыңғылықты орындау қажеттігін айтты.
Бұған дейін облыс әкімі кәсіпкерлік белсенділікті және инвестициялық тартымдылықты күшейту туралы тапсырма берген болатын. Бүгін сол тапсырмалардың жүзеге асу барысы баяндалды. Атап айтқанда, мал қалдықтарын ашық жерге төкпеу үшін қалдықтарды қабылдайтын орын ашылды. Алда жергілікті кәсіпкерлер оны өңдейтін кәсіпорын салуды көздеп отыр. Алда автоматты газдалған бетон шығаратын зауыт ашылмақ. Инвесторлар көмегімен жылына 20 мың тонна тонна өнім шығаратын құс фабрикасын салуды қолға алмақ.
Басқосуға 50-ге жуық ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер қатысты. Кездесу еркін қарым-қатынас форматында өтті. Онда бизнесті қолдау бағытындағы мемлекеттік қолдау шаралары кеңінен талқыланды. Бизнес қордаланған мәселелері мен ұсынысын айтты. Сонымен қатар шараға мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Сайрам ауданының кәсіпкерлері тәжірибе жинау үшін Қытай еліне баруды жоспарлап отыр. Ондағы зауыт, фабрикалардың жұмысымен таныспақ.
— Кәсіпкерлердің жеке бастамасына барынша қолдау көрсету қажет. Бұл бағытта жұмыстарға күш саламыз. Сайрам ауданында кәсіпкерліктің даму қарқыны жақсы. Осыны дамыту керек. Оған ауданда ашылатын индустриалдық аймақтың үлесі мол болмақ. Біз мемлекет пен бизнес арасында жаңа қарым-қатынас орнатуымыз керек. Бүгінгі басты міндетіміз – бизнес пен мемлекеттік аппараттың толық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету. Сіздердің бастамаларыңыз туралы үнемі хабардармын. Қытай сапарынан кейін өздеріңізден жақсы бастамалар күтеміз. Ел дамуындағы оң өзгерістер бизнеспен тікелей байланысты болғандықтан саяси реформаларды бірлесе жүзеге асыру керекпіз. Мемлекет кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастырып, кәсіпкерлер қоғамға, халыққа қызмет етсе, бұл өз кезегінде елдің әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететіндігі сөзсіз. Осыған орай бизнес өкілдерін жаңа жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырамын, – деді Дархан Сатыбалды.
Кәсіп иелері электр энергиясының тапшылығы жайлы сөз қозғады. Мәселені шешу жолдары қарастырылатын болды. Кәсібін кеңейтуді көздегендер жер қарастыру жайлы сұраныс берді. Сондай-ақ маман тапшылығы мәселесін көтерген кәсіпкерлер зауыттарда инженер-механик мамандығы жетіспейтінін жеткізді. Ол үшін арнайы оқу орындарымен байланыс орнату қолға алынатын болды. Атап өтерлігі, мұндай кездесулер алдағы уақытта тұрақты түрде өткізілетін болады.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін көтеріп, халықтың әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік саланы қолдау мәселелеріне баса назар аударып, экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын шағын және орта бизнестің дамуы мен оны әрі қарай жандандыруды айтқан болатын.
Экономиканың күре тамыры — кәсіпкерлік. Кәсібі дамыған елде жұмыссыздық мәселесі болмасы анық. Сайрам ауданында кәсібінің нәсібін көріп жүрген жандар аз емес.
Айталық, Ақсукент ауылында орналасқан отандық киім тігетін » Алтын адам» тігін фабрикасын алайық. 2013 жылы құрылған фабрика жылына 26 400 дана ерлер костюмін тігіп шығарады. 100 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер Балжан Халмұратова шикізатты Түркия мен Қытай елінен алып келетінін айтты. Дайын өнімдер Қазақстан, Қытай елдерінде саудаланады екен.
Балалар жөргегін шығаратын » Ca Pable Gruup мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің тыныс-тіршілігіне де көңілің толады. Басшысы Бейімбет Жұмабекұлы Түркияның кәсіпкерлерімен бірлесіп, Ақсукент ауылынан «Capable qroup» атты бала жөргектерін шығаратын кәсіпорын ашқан. Бұндай жоба ауданда бірінші рет жүзеге асырылып отыр. Күніне 180 мың жөргек шығаратын кәсіпорынның жұмысы бүгінде қарқынды. 2-ден 6-ға дейінгі өлшемдегі «Симбо бейби» және « Алтын бала» атты екі түрлі жөргек шығарады. Жөргекке оннан астам шикізат түрі қосылады екен. Бұндай шикізаттар мен жөргек өңдейтін технологиялар Түркия мен Америкадан жеткізілген.
Өндіріске арналған киім және төсек-орын тігетін » АХБК» ЖШС-і тігін фабрикасының жұмысы туралы да тілге тиек ете кетсек. 2019 жылы құрылған бұл жобаның қуаттылығы жылына 1 миллион. 100 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ал 2006 жылы құрылған кабель шығаратын «К. АZ. TEL.» ЖШС-інде 46 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Дайын болған кабельдер Қазақстанның барлық аймағына және Қырғыстан еліне жеткізіледі.
Сонымен қатар құрғақ жем шығаратын жеке кәсіпкер «ЖК АБДУКАДИРОВ» зауытының жоба құны: жылына 80 мың тонна. Өнім Сайрам, Түлкібас, Бәйдібек аудандарына және Жамбыл, Солтүстік Қазақстанға жіберіледі. 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.