Түркістан облысы: Еліміздегі мол көлемде банан өндіретін алғашқы кәсіпорын Сайрам ауданында орналасқан

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданындағы кәсіпорындар мен өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Еліміздегі мол көлемде банан өндіретін алғашқы кәсіпорын Сайрам ауданында орналасқан. Түріктің «Gen group Qazaqstan» компаниясы 5,3 гектар жылыжай кешенін салып, банан отырғызған. Өсірілетін банан сорты арнайы Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген. Алғашқы өнімді 6 айдан кейін жинау жоспарлануда екен.

Кәсіпорын басшысы Тимур Утешов алдағы уақытта манго, авокадо сынды жеміс түрлерін өндіруді жоспарлап отыр. Экзотикалық жемістерден басқа жылыжайда қызанақ пен құлпынай өсіріледі. Жобаның бірінші кезеңдегі құны 4 миллион АҚШ долларын құрайды. Құрылыс сапасы жоғары, жылыжайлар климаттық бақылау мен бейімделгіш қоректендіру жүйесімен жабдықталған.

Қазақстанда баламасы жоқ кәсіпорын жақын арада жылыжай жерін 5 гектарға кеңейтпек. Қайнарбұлақ ауылдық округінде орналасқан жылыжай жылына шамамен 1000 тонна банан өндіруге мүмкіндік береді. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігінің 1 пайызын қамтамасыз етіп отыр.

Облыс әкімі ауданға жұмыс сапары аясында Қасымбек Датқа елді мекенінде орналасқан аудандағы «Шымыр-Медет» лимон жылыжайында болды. Жалпы көлемі 1 гектар жерде 2000 түп лимон көшеті отырғызылған. Жылына 80 миллион лимон өнім береді. Бұл лимонарии облыс аумағындағы ең үлкен жылыжай болып саналады.

Облыс басшысы егістікті әртараптандырудың маңыздылығын атап өтті.

– Егістікті әртараптандыру, баланс ұстау аса маңызды. Біз жыл сайын тек бір дақылдарды екпеуіміз керек. Нарыққа назар аударып, жоғары сұранысқа ие дүниелерді бақылаған жөн. Өзімізді барлық қажетті өнімдермен қамтамасыз ету және сол арқылы бағаны тұрақтандыру үшін аймақтың азық-түлік қауіпсіздігі саласына барынша қамқорлық таныту қажет, – деп атап өтті Дархан Сатыбалды.

Егістікті суармалы сумен қамту мәселесіне көңіл бөлген аймақ басшысы барлық қолда бар мүмкіндіктерді пайдалануды, атап айтқанда, жер асты суларының қорларын зерттеу жұмыстарын жалғастыруды, сондай-ақ барлық су ресурстарының теңгерімін зерделеуді тапсырды.

Сапар барысында облыс басшысы «Mangystau Oil Refeining» мұнай өнімдерін өңдеу зауытына барды. Аталған зауыттың жобалық құны 2,1 миллиард теңгені құрайды. Зауытта сұйытылған көмрсутек газы, бензин еріткіші, көмірсутек еріткіші, уайт-спирит (нефрас), автокөлік бензины, техникалық керосин, дизель отыны, қазандық отындары өндіріледі. Зауыт жылына 250 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Қазір мұнда 60 адам жұмыспен қамтылған.

Д. Сатыбалды Сайрам ауданындағы құрама жем шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Өндіріс орны жылына 60 мың тонна мал азығын өндіреді. Бүгінде зауыт өнімін ішкі нарыққа және Өзбекстан Республикасына экспортқа жіберуде. Аталған нысанның жобалық құны 600 миллион теңгені құрайды. Жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған.

Облыс әкіміне сондай-ақ Сайрам ауданында орналасатын индустриалды аймақ таныстырылды. 80 гектар жерде ауданның инвестициялық жобалары жүзеге асырылады.

Айта кетейік, Сайрам – шағын және орта кәсіпкерлік саласы дамыған аудан. Кәсіпкерліктің басым бөлігі ауыл шаруа­­­­­шылығы бағытында болса, одан бөлек сауда және қызмет көрсету салала­рын қамтиды. 

Сайрам ауданы әкімі Арман Сәбитов облыс басшысының өткенде ғана аудан халқымен кездесуі барысында кө­те­рілген мәселелердің оң шешімін тауып жатқанын жеткізе отырып, аудандағы атқарылып жат­қан өзге де жұмыстар мен жоспарлары туралы баяндады. 

Аудан әкімінің мәліметінше, ауданда ағымдағы жылдың 8 айында әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тұрақты. Жалпы, өңірлік өнім көлемі 137,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті ке­­­­зеңі­­­­­­мен салыстырғанда 1,5 пайызға неме­­се 2,0 миллиард теңгеге артты. Оның ішінде өнер­кәсіп саласында 29,4 миллиард теңгенің өнімі, ауыл шаруашылығы саласында 72,3 миллиард теңгенің өнімі өнді­­­­­рілсе, құры­лыс жұ­мыстарының көлемі 7,2 миллиард тең­гені, ау­данға тартылған инвестиция көле­мі 32,9 миллиард теңге болды. 

Ал өнеркәсіп саласында жыл басынан 68 кәсіпорынмен 29,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілген болса, оның ішінде 23,7 миллиард теңгесі немесе 80 пайызы өңдеу өнеркә­­сібіне тиесілі. Өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 3 жылда 1,7 есеге артқан.

Ауданның негізгі тіршілігі болып са­­на­­латын ауыл шаруашылығы саласында жыл басынан 72,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, облыстағы өнім көлемінің 14,3 пайызын құрады. Ауданда 75,5 гектар жерге жылы­жай орналасқан болса, ағым­да­­­­ғы жылы 17,5 гектар жылыжай іске қо­сылды.

Бүгінде ауданда жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны былтырғы жылмен салыстыр-

ғанда 28,4 па­­йыз­ға артып, 22 мың бір­­лікті құ­­­­­рады. Оның 12 мыңы немесе 55 пайызы — жеке кәсіпкерлер. Олар ау­дан экономика­сының дамуына үлес қосуда. 

Жергілікті бюджетке жыл басынан 9,3 миллиард теңге салық түсімдері түссе, оның ішінде 4,3 миллиард теңгесі немесе 46 пайызы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері есебінен түсіп отыр. Бұл өз кезегінде аудандағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталуда.

Биыл 8 ай көлемінде ауданға 32,6 миллиард теңге инвестиция тартылып, былтырғы жыл­дың 8 айымен салыстырғанда өсім 44,3 па­йызға немесе 10,0 миллиард теңгеге артты. Аудандағы жыл басынан тартылған инвестицияның 93,3 пайызы жеке ин­­вести­­­­­­ция. Осылайша, соңғы 3 жылда тар­тыл­ған жеке инвестиция көлемі 2 есеге артқан. 

2023-2024 жылдарға ауданда 75 миллиард теңгеге 19 жобаны іске асырып, 886 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. 

Жыл басынан 11 миллиард теңгеге 9 жоба іске қосылып, 279 жұмыс орны ашылды (күнбағыс майын шығаратын цех, газоблок және темірбетон зауыты, алкоголь­­сіз сусындар шығаратын зауыт, жылыжай құрылысы).

Аудан әкімі жиын барысында жоғарда айтылғандай, республикада баламасы жоқ банан өсіруге арналған жылыжай кешені туралы айтып берді. Ол сондай-ақ жыл соңына дейін құны 2,6 миллиард теңгеге 5 жоба іске қосылса, қалған 5 жобаны іске асыру 2024 жылға жоспарлануда.

Оның ішінде «Тұран Агро ет-сүт» өндірістік кооперативі сүт өнімдерін өн­ді­­­­реді, құны – 450 миллион теңге, 20 жұмыс орны ашылады.

«Meat magnat» ЖШС 2 мың ірі қара мал­ға арналған бордақылау алаңын салып жатыр, құны – 800 миллион теңге, 10 адам жұ­мыс­­­пен қамтылады.

«Samid Master» ЖШС ауыл шаруашылы­­­­ғы өнімдерін өндіретін зауыт құрылысы, жобаның құны – 650,0 миллион теңге, 20 адам жұмыспен қамтылады.

Одан өзге, 2024-2025 жылдары «Nurum Grup» ЖШС тарапынан жалпы құны 5 600,0 миллион теңгені құрайтын, 2 ірі жоба жүзеге асырылатын болады. Атап айтқан­да, сағатына 20 тонна өңдейтін құрама жем зауыты (құны 2 500,0 миллион теңге, жұмысшы саны – 12) және тәулігіне 1 500 ірі қара мал ет өнімдерін және жануарлар­­­дың қал­дықтарын тереңдеп өңдеу цехы­­ның құрылысы (құны 3 100,0 миллион теңге, жұмысшы саны – 40) жоспарлануда.

Сонымен қатар бүгінде «Агроөнер­­кәсіптік индустриалды аймағын құру үшін жер учаскесін (90 гектар) резервте қалдыру туралы» аудан әкімдігінің қау­лысы қабылданып, тұжырымдама жобасы (кон­цепция) әзірленуде.

«Алдағы уақытта осы жер учаскесіне инфрақұрылым жүйелерін жүргізу мәсе­­­лесі өзіңіздің тікелей қолдауыңызбен жү­­зеге асатын болады», – деген аудан әкімі Арман Сәбитов іске асқан жобалар ауданның өндірістік әлеуетін арттыру және кә­­­­­сіп­­кер­­­­ліктің дамуына септігін тигізері сөзсіз және аудан экономикасының қар­­­­қынды дамуына белсенді кәсіпкер­­­­­лердің үлесі орасан екенін жеткізді.

Жер демекші, бүгінде жайылым тапшылығы әр өңірде кездесетін өзекті мәселеге ай­налды. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырма берген болатын. Нәтижесінде еліміздің әр өңірінде пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүруде.

Жалпы Түркістан облысының жер қатынастары басқармасы жайылымды жерлерді қайтару жоспары — 5,5 мың гектар жер. Ал ауданның жалпы жер қоры 114 761 гектар жерді құрайды. Жайылым жер көлемі – 24,5 мың гектар. Бүгінде 9 айда – 2100,5 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сондай-ақ, қайтару бағытында – 473,6 гектар жер, ол 13 іс сотта қаралуда.

Бүгінде Қайнарбұлақ ауылдық округінде 1049 гектар мемлекет меншігіне өткен. Биыл Құтарыс ауылдық округі 126 гектар қайтарылса, ал 285 гектар жайылымдық жер учаскесіне ауыл тұрғындарының малын жаю үшін ауылдық округ әкімі аппаратына тұрақты пайдалануға беру мәселесі қаралып, Жер комиссиясының оң қорытындысы берілген. Жауаптылардың сөзіне сенсек, жалпы ауданда жайылымдық жер учаскелерін қайтару бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта жайылымдарды елге қайтару жұмысы жалғасатын болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin