Түркістан облысының әкімі аудан-қала басшыларына инвестиция тартып, кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыруды тапсырды

Инвестиция өңірдің өркендеуіне, өсіпгүлденуіне ерекше серпін беретін маңызды фактор. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында жүгезе асатын жаңа жобалар жайлы айтылды. Инвестициялық штаб бизнес мәселелерін жедел шешуге арналған ашық алаң болып табылады.

Инвесторлар облыс әкімі, қаржы ұйымдары және жауапты басшылармен тікелей диалог орнатып, өзекті мәселелер талқылады. Отырыста облыс басшысы тарапынан кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету бойынша тапсырмалар берілді. Шешу жолдары ұсынылды. Сондай-ақ облыс әкіміне Созақ және Бәйдібек аудандарының аумағында инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы егжей-тегжей баяндалды.

Дархан Сатыбалды таныстырылған жобалардың маңыздылығына назар аударып, аудан басшылары мен жауапты сала басшыларына инвесторларға қолдау көрсетуді тапсырды. Аудан, қала әкімдерінің жұмысы инвестиция тартумен, халықты жұмыс орнымен қамтумен бағаланатынын еске салды. Жауапты тұлғаларға инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруды міндеттеді. Облыс әкімдері кей аудан басшыларының инвестиция тартудағы жұмыстарын қатаң сынға алды.

– Жаңа инвестициялық жобаларды қолдап, кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыру қажет. Әр ашылған кәсіпорын халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан ел игілігі үшін билік пен бизнестің тығыз жұмыс істеуі маңызды. Әр әкімнің негізгі міндеті – халықтың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу. Осыны әлі де білмей жүргендер бар. Ізденіңіздер, жобалар ұсыныңыздар! Бұл бағытта жұмыстарыңыз нашар. Көрші елдерден, облыстардан тиімді жобаларды жүзеге асыруды үйреніп, тәжірибе жинап, жаңа жұмыс орындарын ашу керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Осы орайда Сауран ауданындағы 300 гектар алқапта жаңбырлатып суару әдісімен жоңышқа өсіру және сүт-тауарлы фермасының құрылысы таныстырылды. Кәсіпкерлерлерге қаржылай қолдау қажет екен. Отырыста оның жолдары ұсынылды. Сонымен қатар Қазығұрт ауданында сүт-тауарлы фермасы салынбақ. Құрылысқа керек жер іздестірілуде. Сауран ауданындағы пластикалық орындықтар шығаратын фабриканың құрылысы бойынша қолдау қажет. Сайрам ауданындағы ет бағытындағы құс фабрикасының құрылысына да қолдау керек. Инвесторлар тарапынан Сайрам ауданындағы оңалту-сауықтыру орталығын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сарыағаш ауданында мал бордақылау алаңын кеңейту және малды сою бекеті, экспортқа ет дайындау инвестициялық жобалары жүзеге асады.

Атап өту керек, Түркістан өңірінде индустриалды аймақтардың аумағы кеңейтіліп жатыр. Инвестициялар тартудың қолайлы экожүйесін құру жүзеге асу үстінде. Инвесторларға индустриалды аймақтар мен «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы аумақтарында «Greenfield» және «Brownfield» өнеркәсіптік алаңдары ұсынылады.

Расында да, инвестициялық саясат – экономика мен өндірістің қалыптасуы мен дамуының қайнар көзі, қуатты құралы. Оған басымдық беру – кез келген мемлекеттің ел басқарудағы басты, берік ұстанымдарының бірі. Мемлекет басшысы кезекті Жол­дауында: «Шетелден тікелей инвес­тиция тарту жұмыстарын барынша жандандыру қажет. Онсыз алдағы уақытта экономикалық өсім резерві шектеулі болады. Бұл – атқарушы билік басымдық беруге тиіс міндеттердің бірі», — деп атап көрсетті.

Еліміз егемендік алып, Тәуелсіздік тұғырына берік орныққалы бері жас мемлекеттің іргетасын бекемдеп, экономикасы мен өндірісін дұрыс жолға қою бағытында атқарылған шаралардың бірегейі қоғам өмірінің барлық саласы бойынша қажетті іс-қимылды, жұмысты жандандыруға шетел инвестициясын тарту болды. Өйткені біз сияқты өркениет көшіне енді қосылған елдің индустриясы мен инновациялық мүмкіндіктерін арттыруда шетел инвесторларының ықпал, әсері ерекше. Оған ел көлемінде сан салалы инвестициялық жобалар аясында бой көтерген өнеркәсіп нысандары мен қолға алынып, жүйелі жүргізіліп келе жатқан байыпты бағдарламалар легі айқын дәлел. Инвестиция тарту – сонымен қатар, салық түсімдерін арттыру мен ел-халық тұрмысын жақсартуға бағытталған қалаулы қадамдардың бірі.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ қойнауы кенге, жайлауы малға толы қазақ елі инвестиция үшін тартымды мемлекетке айналды. Оған ішкі ынтымақ пен сыртқы саясаттағы ықпалдастық ұстанымы қосымша себеп болды. Біздің елімізде бүгінгі таңда тұрақтылық, тыныштық барынша берік орныққан. Соның арқасында әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз да қарқынды дамып келеді. Жер-жерлерде, өңірлерде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында түрлі инвестициялық жобалар сәтімен жүзеге асырылуда. Экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы ауқымды шаралар негізінде қазірде барлық дерлік облыстарда, қалаларда жаңа өндіріс орындары көптеп ашылып, тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылуда.

Кейінгі кезеңде әлемнің түкпір-түк­пірінде орын алып жатқан түрлі толқулар, қақтығыстар, ірі державалар арасындағы саяси шиеленістер, жаһандық дағдарысқа қарамастан, еліміз шетелдік инвестициялар үшін тартымды болып қала береді және осы бағыт бойынша ТМД елдері тұрмақ, Орталық Азия аумағындағы бірден-бір көшбасшы. Тәуелсіздік жылдары елімізге шамамен 400 млрд. долларды құрайтын тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) тартылды. Жан басына шаққандағы ТШИ ағыны бойынша да посткеңестік кеңістікте басты орындамыз.

Дегенмен қазіргі аса күрделі геоэко­номикалық және геосаяси ахуалда осы жағдайды сақтап қалу және нығайту үшін шетелдік инвестициялар тарту ісінде белсенді түрде, оралымды әрекет етіп, инвес­торлар үшін неғұрлым оңтайлы жағдайлар жасауға ұмтыла беруіміз керек.

Қазіргі таңда елімізде инвестициялық қызмет үшін берік нормативтік-құқықтық негіз және қолайлы жағдайлар жасалған. Республика тәуелсіздік алғаннан бері 47 екіжақты және 1 көпжақты (ЕАЭО) Ин­вестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) сияқты әртүрлі халықаралық платформаларда белсенді, жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Атал­ған ұйымда Қазақстан инвестициялық ко­митеттің мүшесі, комитет шеңберінде инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында еліміздің инвестициялық саясатына шолулар жасалып отырады.

2022 жылы ел экономикасына 28 млрд. долларды құрайтын тікелей шетелдік инвестиция тартылды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 17,7%-ға жоғары (23,8 млрд). Аталған меже – кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Соңғы рет таудай инвестиция 2012 жылы тартылған. Онда қаражаттың жалпы көлемі 28,9 млрд. доллар болған.

Елдер бөлінісінде ең көп инвестиция Нидерландтан – 8,3 млрд. доллар, АҚШ-тан – 5,1 млрд. доллар, Швейцариядан – 2,8 млрд. доллар, Бельгиядан – 1,6 млрд. доллар, Ресейден – 1,5 млрд. доллар, Оңтүстік Кореядан – 1,5 млрд. доллар, Қытайдан – 1,4 млрд. доллар, Франциядан – 770 млн. доллар, Ұлыбританиядан – 661 млн. доллар, Германиядан – 469,5 млн. доллар көлемінде түсті.

Салалық бөліністе инвестициялардың ағыны тау-кен өндіру өнеркәсібіне – 12,1 млрд. доллар (25%-ға өсу), өңдеу өнеркәсібіне – 5,6 млрд. доллар (+2,7%), көтерме және бөлшек саудаға – 5,1 млрд. доллар (+36%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке – 1,2 млрд. доллар (2,2 есе), көлік және қоймалауға – 1,2 млрд. доллар (+13,5%) көлемінде тиесілі.

Өңірлік бөліністе инвестициялардың көбісі Атырау облысына – 8,3 млрд. доллар (өсім 48,3%), Алматы қаласына – 7,6 млрд. доллар (+10,9%), Астана қаласына – 2,2 млрд. доллар (+107,2%), Шығыс Қазақстан облысына – 2,2 млрд. доллар (+3,1%), Ақтөбе облысына – 1,2 млрд доллар. (11,2%-ға төмендеу) тиесілі.

Халықаралық рейтингтік агенттіктер де еліміздің инвестициялық саясатының оң нәтижелерін айғақтайды. Fitch, S&P, Moody’s болжамдарына сәйкес, егемен кредиттік рейтингіміз «BBB» деңгейінде, тұрақты қалып ұстанып келеді.

Үкімет осы жағдайды сақтай отырып, одан әрі нығайту үшін елдің инвестициялық ахуалын жақсарта түсу бойынша жүйелі негізде жұмыс жүргізіп, инвестицияларды қолдау құралдарын ең үздік әлемдік стандарттарға сәйкес жетілдіре береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin