Қазақстандық өнім саналатын Орта Азиядағы ең ірі трансформатордың жалпы ұзындығы 13 метрден асса, биіктігі — 10 метр. Ал оның жалпы салмағы — 295 тонна. Алып трансформаторды бір жылға жуық уақыт бойы «Alageum Electric» компаниясы құрастырған.
Қуаты 250 мың киловольт-ампер және кернеуі 500 киловольт болатын үш фазалы трансформатор бұрын Қазақстанда мүлдем Орта Азия көлемінде өндірілмеген. Бұл үш фазалы трансформатор бүтін бір қаланы электр қуатымен қамтамасыз ете алады.
Өндіріс орны алдағы уақытта алып трансформаторларды ТМД елдеріне де экспорттауды жоспарлап отыр. Қазір ірі және блокты трансформаторларды құрастыру бойынша жобалау жұмыстары жүріп жатыр.
Жалпы, ХІХ ғасырдағы екінші өндірістік революцияның басты жетістігі – электр энергиясының пайда болуы еді. Ғасырлар өтсе де, ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған бүгінгі заманда да электр қуатының маңызы ортайған жоқ. Әсіресе энергия жетіспеушілігімен күрес, онымен үздіксіз қамтамасыз ететін трансформаторлар мен электр құрылғылары өндірісі өзекті бола түсті. Бұл ретте электромашина жасау саласында еліміздің ғана емес, әлемдік брендке айналған «Alageum Electric» компаниясының еңбегі орасан.
Өзінің 25 жылдық тарихында холдинг электротехника өнімдерін жобалауға, өндіруге және монтаждауға маманданды. Қазақстанның барлық облысында 40 кеңсе және 14 зауыт ашып, ТМД-дағы трансформаторлар мен электротехникалық бұйымдардың ірі өндірушісі атанды. Бұл компания шығаратын жабдықтар стратегиялық маңызды нысандарға қызмет көрсетеді.
«Алагеуім» – қазақ тіліне аударғанда «таңсәрі» ұғымын білдіреді. Холдингтің іргетасы еліміз Тәуелсіздік алған елең-алаң шақ – 1997 жылы Кентау трансформатор зауытында қаланған еді. Кеңес заманынан қалған бұл зауыт банкрот сатысында болды, 25 жылда зауыт банкроттықтан шығарылып, тауар өндіруді 200 есеге арттырды, ал компаниялар тобы бойынша өндіріс 1000 есе өскен. Сол жылы Кентау зауытында 10 аталым ғана болса, қазір Қазақстанда бұрын өндірілмеген, экспорттық сұранысқа ие 400-ден астам тауар шығады.
«Alageum Electric» холдингінің тағы бір кәсіпорны – Орал трансформатор зауыты. Ол 2014 жылы Кентау зауытының жарты ғасырлық жұмысы мысалында ашылды. Содан бері кәсіпорын отандық өнімді халықаралық нарыққа ұсынып келеді, оның өндірістік қуаты 13 мың трансформаторға жетеді және өнімнің 95% экспортталады.
Холдинг құрамындағы Ақтау трансформатор зауыты Қазақстандағы бетон трансформатор қосалқы станцияларын шығаратын жалғыз өндіруші болып отыр. Зауыттың негізгі өнімі – электр қалқан жабдығы. Кәсіпорын 2018 жылы Маңғыстаудың Индустрияландыру картасы аясында жобаланып, іске қосылған.
Сондай-ақ, 2018 жылы Шымкент қаласында «Asia Trafo» зауыты ашылды. «Asia Trafo» – Орталық Азиядағы трансформатор жабдықтарын шығаратын ең ірі зауыт. Оның негізгі өнімі – қуаты 500 МВА жететін күштік май трансформаторлары, автотрансформаторлар және реакторлар. Зауыттың жобалық қуаты жылына 12 000 МВА-дан асады.
«Alageum Electric» құрамында Қазақстанның барлық облысындағы оннан астам монтаждау басқармалары кіретін «Электромонтаж» АҚ бар. Бұл кәсіпорын холдинг құрамына кіргелі экономикалық әлеуетті күшейтті, бизнес-процестер жүйеленіп, жұмыс стандарттары көтерілді. Онда ыстық мырыштауды ұсынатын, тіректер, кабель сөрелері мен перфорацияланған қораптар шығаратын Электромонтаж бұйымдары зауыты жұмыс істейді.
2021 жылы «Alageum Electric» Петропавлдағы «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында Петропавл электротехникалық зауытын ашты. Оның өндірістік қуаты 13 мың данаға дейін жетеді. Бұл кәсіпорынның басты ерекшелігі – тарату трансформаторлары, жоғары вольтты ұяшықтар сынды өнімнің 98%-ы ТМД елдеріне экспортталады. «Alageum Electric» компаниясы СҚО-ға 10 млрд теңгеден астам инвестиция салып, жаңа жұмыс орындарын ашып, тұтас өңірдің өндірістік, экономикалық өсуіне ықпал етті. Кәсіпорын 350-ден астам адамды жұмыспен қамти алады. Тұрақты жалақыдан басқа, зауыт қызметкерлеріне баспана беріледі. Мәселен, биыл Петропавлда 40 пәтерлі тұрғын үй салынды. Тағы 104 пәтерлі үй салу жоспарлануда. Осылайша бір жылда жергілікті әкімдіктің қолдауымен арнайы экономикалық аймақта экспортқа бағдарланған инвестициялық жоба іске асырылды.
«Alageum Electric» ел экономикасының түрлі салалары 300-ден астам маңызды жобаны іске асырды – олардың ішінде қосалқы станциялар құрылысы, электротехникалық жабдықтар мен электр желілерін монтаждау жобалары бар. Мысалы, 2017 жылы Қазақстан тарихында алғаш рет Кентау трансформатор зауытында қуаты 80 000 кВ дейін, салмағы 125 тоннаға жететін күштік трансформаторлар өндірілді. Олар «ЭКСПО-2017» кешеніне қызмет көрсетуге пайдаланылды. Ал 2019 жылы Қазақстан мен Орта Азия тарихында алғаш рет Шымкенттегі «AsiaTrafo» зауытында 220 кВ, 500 кВ кернеулі салмағы 300 тоннадан асатын қуатты трансформаторлар мен реакторлар шығарылды.
Компания әлеуметтік жауапкершілігін жақсы сезінеді және жыл сайын қайырымдылыққа қаржы бөледі. Соңғы 10 жылда қайырымдылыққа 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Компания Қазақстан мәдениетін дамытуға қолдау көрсетті, инфрақұрылым жобаларына инвестиция салады. Оған қоса, компания үкіметтік емес ұйымдарға, балалар құқығын қорғайтын «Асыл бала» қауымдастығына демеуші болды. Холдинг жыл сайын аз қамтылған отбасы мен ардагерлерге атаулы көмек көрсетеді.
«Forbes» нұсқасы бойынша, «Alageum Electric» Қазақстанның 50 ірі жеке компаниялары рейтингіне кіреді. Бір ғана Кентау трансформатор зауытының соңғы 5 жылда бюджетке төлеген салықтары 14 миллиардтан астам теңгеге жетті. Осылайша, «Alageum Electric» тағы жаңа кәсіпорындар салып, Қазақстанның өндірісі мен экспорттық әлеуетін одан әрі кеңейтуге ниетті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.