Бұл жөнінде Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің Ақсүмбе, Сарыжаз, Шаға, Раң елді мекендерінде болып, тұрғындар сұранысына орай атқарылып жатқан жұмыстарды бақылауға алған сәтінен білдік. Онда аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және салаға жауапты мамандар болды.
Аудан басшысы аралау барысында елді мекендердің орталық көшелерінде төселген асфальт жабындысының сапасымен танысты. Бұл жөнінде жауаптыларға атқарылып жатқан жұмыстар мен жүктелген тапсырмаларға тиянақытылықпен қарауды ескертті. Сондай-ақ жұмыстың сапасын ауыл тұрғындарымен бірлесе қадағалау керектігін айтты. Тұрғындармен пікір алмасып, ұсыныстарын тыңдады.
Бүгінде Ақсүмбе елді мекенінің Қалмырзаұлы және Сапарбай көшелеріне 2,3 шақырым, Сарыжаз және Раң елді мекендерінің орталық көшелерінде асфальт жабындысын төсеу жұмыстары аяқталып, ел игілігіне берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар Шаға елді мекенінің 1,5 шақырымды құрайтын Шаға көшесінде жалғасуда.
Айта кетейік, ағымдағы жылы ауданда «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 22,4 шақырымды құрайтын 18 көшеге, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде аудан бойынша 403 шақырымды құрайтын елді мекендердің ішкі көшелерінің 239 шақырымы (59%) асфальт болса, үстіміздегі жылдың қорытындысымен 266 шақырымға (66%) жеткізу жоспарланып отыр.
Жолдарды жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 22,4 шақырымды құрайтын 18 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін республикалық бюджеттен 575 миллион 754 мың теңге қаржы бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін 380 миллион 226 мың теңге қаржы бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Айта өтейік, Түркістан облысы аумағында 2023 жылы жалпы 1586,4 шақырым жол мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүреді. Жыл қорытындысына сәйкес, 1282,6 шақырымын пайдалануға беру жоспарланған.
Қазіргі таңда Түркістан-Шәуілдір бағытындағы 64 шақырымдық жолдың 35 шақырымында жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Түркістан қаласының әуежайы мен Кентау қаласын қосатын 26 шақырым жаңа жол биыл қыркүйек айында толық пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, Сауран ауданының Қарнақ, Ойық, Шоқтас ауылдарын облыс орталығы Түркістан қаласымен қосатын және Шорнақ, Майдантал елді мекендері «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізіне шығатын 76 шақырым облыстық маңызы бар жолдарға жөндеу жұмыстары жүруде. Бүгінгі таңда 24,2 шақырымы аяқталып, қалған нысандар биыл жыл соңында толық пайдалануға беріледі.
Бұдан өзге, Түлкібас ауданының Машат, Ынтымақ, Азаттық, Шұқырбұлақ, Майтөбе бағытындағы 32,7 шақырымды құрайтын жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүруде. Жамбыл облысы мен Түркістан облысын байланыстыратын, сондай-ақ Созақ ауданының елді мекендерін аудан және облыс орталығына қосатын 152 шақырымдық облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оған қоса, Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар, Көкібел, Жігерген елді мекендерін жалғайтын 17,9 шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, Сарыағаш қаласындағы Қапланбек-Жібек жолы елді мекендерін жалғайтын 10,6 шақырым автомобиль жолына және Келес пен Шардара ауданын жалғайтын 29 шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл өңірде облыстық маңызы бар жолдардың бойындағы 3 көпір күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Айта кетерлігі, Шымкент қаласының шекарасынан басталып, Зертас, Қасқасу, Диханкөл елді мекендерінен өтетін және «Тау самалы» демалыс аймағына баратын жолдың жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Түркістан облысындағы елді мекендердің ішкі жолдарын жөндеуге 11 млрд теңге бөлінді. Қазір ұзындығы 300 шақырымнан асатын жолдарға асфальт төселіп жатыр. Биыл Түркістан облысындағы елді мекендердің ішкі жолын жөндеуге 30 млрд теңге қаралды. Оның 2,9-ы республикалық, 3,2-сі облыстық, 11-і «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында және 12,7 млрд теңгесі аудандық бюджеттен бөлінген. Бұл қаражатқа ұзындығы мың шақырымнан асатын 630 көше жөнделеді деп жоспарланып отыр.
2023 жылы автомобиль жолдарының құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 660 нысан немесе 1594,2 шақырым жолдар мен көшелер қамтылып, жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1238,3 шақырымды құрайтын 604 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Айта кетейік, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 503,9 шақырымды құрайды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.